Accessibility links

Ресей нацистердің символына қарсы күрес жариялады


Цензураға ілінбеген ойыншықтардың бірі - Украинадағы ресейшіл сепаратистер мүсіндері. Мәскеу, 29 тамыз 2014 жыл.

Цензураға ілінбеген ойыншықтардың бірі - Украинадағы ресейшіл сепаратистер мүсіндері. Мәскеу, 29 тамыз 2014 жыл.

Ресей жеңіс күнін тойлау алдында свастика және нацистердің басқа да символдарынан құтылуға тырысып жатыр. Бірақ оның нәтижесі бола ма?

Ресейлік билік Жеңіс күні алдында халықты нацистерге тән символдардан арылту үшін жалпы ұлттық кампания жүргізіп жатыр. Қазір Украинамен тіресіп жатқан Ресей үшін биыл елдегі ең маңызды мерекені тойлау жаңа мәнге ие болғандай.

ОЙЫНШЫҚ ПЕН КІТАПҚА ТИІСУ

2014 жылдың қарашасында Ресей нацистердің символикасын көпшілік алдында жариялауға немесе насихаттауға тыйым салатын жаңа заң қабылдады. Бірақ биліктің қатаң шарасына ресейліктер мен шетелдіктер таңданыс танытты.

Билік өкілдері екінші дүниежүзілік соғысқа тән заттарды, ойыншық пен антиквариат дүкендерді тінтті, тарихи суреттерді жариялауға тыйым салды, Холокостты сынайтын кітапты сөреден алып тастауға мәжбүрледі.

Ресейдің ең танымал ойыншық дүкені екінші дүниежүзілік соғыстағы фашистердің мүсіндері мен «Ваффен СС» белгісін сатқаны үшін сөгіс естіді. Мәскеудегі «Балалар әлемі» деген атаумен танымал орталық ойыншық дүкеніне қарсы тергеушілер «жеккөрініш пен өшпенділікті қоздырып, советтік соғыс ардагерлерінің абыройын қорлағаны үшін» іс қозғады.

Құқық қорғау мекемесінің өкілдері ғимаратты тінтіп, тауар өндірушілерден жауап алды, дүкен қожайыны экстремизм туралы Ресей заңын бұзғаны үшін ескерту алды. Мәскеудегі КГБ штаб-пәтері орналасқан жолға қарсы бетте тұрған Орталық балалар дүкені жеті жылдық жөндеуден соң наурыздың соңында салтанатты түрде ашылған еді.

Интернет сауалнама кезінде ресейліктердің 65 пайызы дүкенге қарсы қозғалған істі қолдамайтындарын көрсетті.

Мәскеудегі ірі кітап дүкендері де ресми нұсқаулыққа сай болуға тырысып, Холокост оқиғасын сипаттаған, жүлдегер романды сөреден алып тастады. Арт Шпигельманның «Маус» комиксінде екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі еврейлердің тағдыры сипатталады. Бұл шығарма 1992 жылы Пулитцер жүлдесін алды. Туындыға Шпигельманның әкесінің тағдыры арқау болған – поляк еврейі Холокост оқиғасынан аман қалып, Америкаға қоныс аударған екен. Кітаптың мұқабасында нацистердің свастикасы бар.

«СУРЕТТІ ДЕ ҚҰРТЫҢДАР!»

Смоленск қаласында тұратын журналист «ВКонтакте» әлеуметтік желісіне тарихи суретті салғаны үшін жауапқа тартылды. Полина Данилевич деген лақап атпен жазатын журналист Полина Петрусева 1941-1943 жылы фашистердің бақылауында болған Смоленск қаласының суретін тауып, желіге салған.

Онда нацист солдаттарының сап құрып тұрғаны бейнеленген, әуеге свастикасы бар ту ілінген. Данилевичке наурыз айында «нацистердің символикасын көрсетіп, Ресей заңын бұзды» деген айып тағып, 1000 рубль айыппұл салды. Оны тіпті 15 жыл бас бостандығынан айыруы мүмкін еді.

Азаттық радиосына сұхбат берген журналист Полина Данилевич бабасының фашистерге қарсы соғысқанын, ал атасының бала кезінде нацистердің концлагеріне түсіп, одан аман шыққанын әңгімеледі. Ол бабасының құрметіне Данилевич деген лақап атты иеленген.

Жақында Ресейдің Қиыр Шығысындағы Камчатка түбегінде СССР музейі ашылды. Олар мұражайды ашқан кезде үкіметтен нұсқаулық хат келіпті. Содан соң музей қызметкерлері екінші дүниежүзілік соғысты бейнелейтін барлық плакаттардағы свастиканың үстіне жапсырма қағаз ілген. Ол суреттерде көбіне совет солдаттары свастиканы мыжып тұрады. Не свастика жылан түрінде бейнеленіп, советтік солдаттардың пышағына ілінген. Музей қызметкерлері прокурорлар мен Роскомнадзормен ақылдасқанын айтты. Көрме жеңіс күніне арнайы әзірленген.

Клэр Биггтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG