Accessibility links

Экологтар қарсылығы референдум талабына ұласты


Экологиялық қозғалыс белсенділері жаңа өндіріс орналасатын жердегі күзетшілердің соққысына ұшырағанын айтады. Воронеж облысы, Ресей, 13 мамыр 2013 жыл.

Экологиялық қозғалыс белсенділері жаңа өндіріс орналасатын жердегі күзетшілердің соққысына ұшырағанын айтады. Воронеж облысы, Ресей, 13 мамыр 2013 жыл.

Ресейде экологиялық қозғалыс белсенділерінің соққыға жығылуы табиғи қорыққа жақын маңда кеніш ашуға қарсы күрестің шырқау шегіне жеткенін көрсетті.

Ресейдің Воронеж облысында жаңадан никель өндірісін ашуға қарсылық білдірген белсенділер даулы жерде күзетшілердің соққысына ұшырады. Тергеушілер бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Табиғи қорыққа жақын құнарлы аймақта жаңа кеніш ашылуына қарсы қозғалыс екі жылдан бері жалғасып келеді. Жергілікті тұрғындар бұл мәселені бүкіл халықтық референдумға шығару туралы билікке талап қойып отыр.

БЕЛСЕНДІЛЕР СОҚҚЫҒА ЖЫҒЫЛДЫ

Воронеж облысында никель өндіруге қарсы шығып, күзетшілердің соққысына ұшыраған он шақты белсендінің үшеуі ауруханаға түсті. Экология белсенділері мен жергілікті казактар Хопер өзені маңындағы құнарлы аймақты қорғау үшін күш біріктірген еді.

«Хоперді сақтау!» қозғалысының жетекшісі Константин Рубахиннің айтуынша, мамырдың 13-і күні кешке қозғалыс өкілдері болашақ кен орны саналатын қоршаулы аумақты шолуға барғанда жапа шеккен. Оның сөзінше, «күзетшілер бейқам тұрған белсенділерді ұстап алып, біреуінің алқымына жармасқан». Белсенділерді арашаламақ болған казак Игорь Житнев те өзгелермен бірге соққыға жығылып, ауруханаға түскен.

– Оның жағын сындырды, миы шайқалды. Игорьдің екі апта бұрын жүрегі қысқан болатын, қазір жағдайы ауыр. Жалпы он адам жапа шекті. Күзетшілер еш жарақат алмады. Әйтпесе дәрігерге баратын еді ғой. Осының өзі біздің агрессияға бой алдырмай, тек олардың шабуылынан қорғанғанымызды көрсетеді, – дейді Рубахин.

Оқиға болған күні интернетте ол туралы видео жарияланды.

Кеніш болатын жердегі қоршаудың үстінен сыртқа шығып келе жатқан адам. Еланск, Воронеж облысы, Ресей, 13 мамыр 2013 жыл.

Кеніш болатын жердегі қоршаудың үстінен сыртқа шығып келе жатқан адам. Еланск, Воронеж облысы, Ресей, 13 мамыр 2013 жыл.

Ресей ішкі істер министрлігі өкілінің "Интерфакс" агенттігіне айтуына қарағанда, күзетшілерге қарсы «бұзақылық» және «денені жарақаттау мақсатында әдейі қол жұмсау» деген айыптармен қылмыстық іс қозғалған. Бірақ белсенділердің ісі қалай жалғасары әлі белгісіз. Олар екі жыл бойы «жалған тергеу жүргізген кампанияның қысымын көрдік» деп мәлімдеп келген еді.

«ЭКОЛОГИЯ МЕН ТАБИҒАТҚА ЗИЯН»

Осы аптаның басында казак белсендісі Александр Долгопятов жаңа кенішке қатысты екі жылдан бері жалғасып келе жатқан даулы мәселеге қоғам назарын аудару мақсатында аштық жариялады. «Оған басқалар да қосылады» дейді Рубахин. Новохоперск сияқты көрші ауылдың тұрғындары түгелдей дерлік қарсылық танытып, жергілікті алаңға шеруге шықты.

Белсенділердің іс-әрекеті Greenpeace ("Гринпис") пен WWF (Дүниежүзілік жабайы табиғатты қорғау қоры) сияқты халықаралық үкіметтік емес ұйымдардың назарын аударды. Белсенділер енді бүкіл ел назарын бұруды мақсат етіп отыр. Жергілікті тұрғындар аймақ билігінен даулы жерге байланысты бүкіл халықтық референдум өткізуді талап етті.

Воронежде қомақты никель қоры бар екені 1970 жылдары анықталғанымен, оны өндіру мүмкін болмай келген еді. 2011 жылы Ресейдің сол кездегі премьер-министрі (қазіргі президенті) Владимир Путин кенді өндіру туралы тендерді бекіткен. Былтыр мамыр айында Урал тау-кен металлургиялық компаниясы тендерді ұтып алды.

Белсенділер жаңа кеніш 20 шақырым қашықтықта орналасқан Хопер қорығына зиянын тигізеді дейді. Олардың пікірінше, ауа мен судың ластануы Қара теңіздің қақ ортасындағы табиғат пен экологияны құртып, жер асты суларын ластайды, бұдан Дон өзені де зардап шегеді.

«Норильск никелі» зауыты. 16 сәуір 2010 жыл. Көрнекі сурет.

«Норильск никелі» зауыты. 16 сәуір 2010 жыл. Көрнекі сурет.

Сөздеріне дәйек ретінде экология қорғаушылары Ресейдің солтүстігіндегі әлемдегі ең ірі никель қоры бар «Норильск никелі» өндірісі қоршаған ортаға ауыр зиян тигізіп отырғанын мысалға келтіреді.

(Азаттық тілшілері Том Бэлмфорт пен Светлана Павлованың мақаласын қазақшалаған - Динара Әлімжан).
XS
SM
MD
LG