Accessibility links

Мэр бола жаздаған блогердің ықпалы


Ресей оппозициясының лидері Алексей Навальный жұрт алдында сөйлеп тұр. Мәскеу, 20 шілде 2013 жыл.

Ресей оппозициясының лидері Алексей Навальный жұрт алдында сөйлеп тұр. Мәскеу, 20 шілде 2013 жыл.

Мәскеу мэрі сайлауына түскен Алексей Навальный Ресейдегі саясат тәсілдерін өзгертті. Оған негізінен жастар көмектесті.

Алексей Шагал - Навальный жазған блогтардан ерекше шабыт алғандардың бірі. 27 жастағы журналиске жемқорлыққа қарсы күресуші Навальныйдың халықшыл мінезі қатты әсер еткен. Оның саясатқа белсене араласуына да Навальный себеп болған.

ЖАҢА ҰРПАҚ

Алексей Шагал 2011 жылдың желтоқсанында «парламент сайлауы әділетсіз өтті» деп көшеге шыққан шерушілерге қосылған. Содан бері алған бетінен қайтпай келеді. Ол биыл жазда Мәскеу мэрінің сайлауына түскен Навальныйдың насихат науқанына ерікті түрде қосылған. Биыл жазда мыңдаған ерікті жастар тротуарларда елді үгіттеп, үй-үйді аралап, брошюра таратқан. Одан бөлек, оппозиция жетекшісін интернет арқылы насихаттауға жәрдемдескен.

Қыркүйектің 8-і күні сайлау бюллетендері саналды. Навальный алған дауыстың оптимистік болжамдардан да асып түскенін естігенде Шагал қатты қуанды. Ол «Біз бірігуіміз керек. Бұл - тарихи кезең. Қазір әрекет етпесек, қоғам тағы да тоқырайды» дейді.

Алексей Шагал (ортада), Алексей Навальный (сол жақта), интернет сарапшы Антон Носик сайлау кампаниясы кезінде. Мәскеу, 1 тамыз 2013 жыл.

Алексей Шагал (ортада), Алексей Навальный (сол жақта), интернет сарапшы Антон Носик сайлау кампаниясы кезінде. Мәскеу, 1 тамыз 2013 жыл.

Алексей Шагал - «Навальный буынының» өкілі. Олар - қайнаған саяси өмірді аңсайтын және СССР дәуірінен кейін дүниеге келген ұрпақ. Навальныйдың белсенділігі олардың саясатқа жолын ашты. Жастар белсенді еріктілерге айналып, саяси партиялардың дәстүрлі саяси тәсілдерінің өзгеруі қажет екенін көрсетті.

Бұл жастар Алексей Навальныйға мемлекет қойған ақпараттық тосқауылды айналып өтуге мүмкіндік берді. Олар Мәскеудің барлық көшелеріне ақпараттық плакаттар іліп, сайлауды бақылады, Кремль қолдап отырған ірі шенеунікпен бәсекеге түсті. «Навальный буыны» Ресей саясатына жаңа дәуірдің лебін әкелді.

ЖАҢА САЙЛАУШЫ

Мәскеудегі Карнеги орталығының саяси сарапшысы Маша Липманның айтуынша, «Навальный бірнеше жылдан бері тұншығып жатқан азаматтық белсенділікті оятты. Қазір бұл құбылыс айқын байқалып отыр».

- Қазіргі сайлаушылар жеке басының мақсаттарын көздейді және көбіне шығармашылық кәсіптермен айналысады. Бұл - постиндустриалдық экономика кезеңінде дүниеге келген ұрпақ. Сайлаушылардың жаңа легі - «Бізге тіреліп тұрған ештеңе жоқ» дейтін сүйекке сіңген енжарлықтан арылған жастар. Олар өз күшіне ғана сенеді, - дейді Маша Липман.

Путин билікте екі мерзім отырған шақта Ресей азаматтарының тұрмысы жақсарды. Ресейдегі интернет жүйесі дамыды. Ал Дмитрий Медведевтің 2008-2012 жылдардағы билігін салыстырмалы түрде либералды деп суреттеуге болады. Осы кезеңде азаматтық тұрғыда белсенді ұрпақ өсіп жетілді. Бірақ олар билікке жете алмады.

Мәскеудегі "миллиондар маршы". 15 тамыз 2012 жыл.

Мәскеудегі "миллиондар маршы". 15 тамыз 2012 жыл.

​2011 жылдың желтоқсанында Ресейде билікке наразы жұрттың шерулері басталды. Навальный бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланды.

Шілде айында Навальный кампаниясына қосылған Алексей Шагал оның сайлаушылармен кездесулерінде арандатушыларды аластаумен айналысқан. Ол сондай бір арандатушының Навальныйға помидор (қызанақ) лақтырғанын, бірақ лақтырған нәрсесі бала көтерген әйелге тигенін еске алады. Шагал «Арандатушының бұл әрекеті керісінше Навальныйдың беделінің арта түсуіне әсер етті» дейді.

Алексей Шагал Навальный кампаниясының газетін шығаруға қатысып, көшелерге «кубиктер» деп аталып кеткен стендтер ілуге көмектескен.

«САЯСАТТЫҢ ДА ТҮР-ТҮРІ БАР»

Шагал «еңбегінің босқа кетпегінін» айтады.

- Осы сайлауда Алексей Навальный өзін саясаткер ретінде көрсете білді. Басында оның нақты саяси бет-бейнесі қалыптаспаған еді. Сайлаудың соңына қарай ол кез-келген сұраққа мүдірмей жауап беретін тұлғаға айналды. Оның өзін-өзі тәрбиелеп, ысылғаны байқалады. Қазір Навальный жаңа тұрпатты саясаткерге айналды. Меніңше, қазір ол - федералдық деңгейдегі саясаткер, - дейді ол.
Басында Навальныйдың нақты саяси бет-бейнесі қалыптаспаған еді. Сайлаудың соңына қарай ол кез-келген сұраққа мүдірмей жауап беретін тұлғаға айналды.

Ресми ақпараттар бойынша, Навальныйдың қарсыласы Сергей Собянин сайлаудың бірінші айналымында 51,3 пайыз дауысты зорға жинап, сайлаудың екінші турынан аман қалған. Навальный 27,2 пайыз дауыспен екінші орында тұр.
Бірақ дауысты балама санаушылар Собяниннің 50 пайыз алмағанын айтады.

Сергей Собянин сайлау учаскесінде дауыс беріп тұр. Мәскеу, 8 қыркүйек 2013 жыл.

Сергей Собянин сайлау учаскесінде дауыс беріп тұр. Мәскеу, 8 қыркүйек 2013 жыл.

- Кремль Собянинді сайлаудың екінші айналымына қатыстырмас үшін оның дауысын әдейі 50 пайыздан асырып, әділетсіздік жасады, - деп мәлімдеді Алексей Навальный.

Ол осыған орай жақтастарын қарсылық шеруіне шығуға шақырды.

Шагал бұл шеруге сөзсіз қосылады. Ал сарапшылар сайлау нәтижесі өзгермесе де «Навальный кампаниясы мен оның ерікті жастары Ресейдегі саясат тәсілдерін өзгертті» дейді.

«Ведомости» басылымның редакторы Максим Трудолюбов қыркүйектің 6-сы күні New York Times басылымына берген сұхбатында «Оның сайлау кампаниясы саясаттың да түр-түрі болатынын дәлелдеді. Бір ғана табанды тұлғаның күресі билікті басқаша қимылдауға мәжбүрлейтініне мәскеуліктердің көзін жеткізді. Мыңдаған ерікті жастар осы жолғы саяси кампаниядан алған әсерлерін ұмытпайды. Болашақта да саясаткерлер Навальный пайдаланған сайлау техникаларына немқұрайды қарамайтын болады» деді.

Том Бэлмфорттың мақаласын ағылшын тілінен аударған - Сағынай Кәрім.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG