Accessibility links

Мәскеу мэрі сайлауы қарсаңында дау ұлғайды


Алексей Навальный сайлаушыларымен кездесуге келді. Мәскеу, 30 шілде 2013 жыл.

Алексей Навальный сайлаушыларымен кездесуге келді. Мәскеу, 30 шілде 2013 жыл.

Оппозициялық блогшы Алексей Навальный биліктің кедергілеріне қарамастан, Мәскеу мэрі сайлауына қатыспақ. Мәскеудің қазіргі басшысы мен белсенді арасындағы дау ушыға түсті.

«Левада» орталығы жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша, мәскеуліктердің 40 пайызы «Мэр сайлауында әділетсіздік, жала жабу, алдау, әкімшілік ресурстарды теріс пайдалану сияқты лас әрекеттер болады» деп жауап берген.

«НАВАЛЬНЫЙДЫҢ БАУЫРЛАРЫ»

Соңғы екі аптадағы оқиғаларға қарағанда, сауалнамадағы әлгі болжамның расқа шығатын түрі бар. Елдің көбі «сайлау екінші турсыз бітпейді» деп болжайды.

Тамыздың 13-і күні Мәскеудегі «Навальныйдың бауырлары» деп аталатын топтың пәтеріне басып кірген полиция топтың үш белсендісін тұтқындады. Бұл рейдті «Справедливая Россия» партиясының атынан осы сайлауға түсіп жатқан Николай Левичев ұйымдастырған.

Кандидаттар: (солдан оңға қарай) Иван Мельников (коммунист), Алексей Навальный ("Парнас"), Сергей Митрохин ("Яблоко"), Михаил Дегтярев (либерал-демократ), Николай Левичев ("Справедливая Россия"). Мәскеу, 12 тамыз 2013 жыл.

Кандидаттар: (солдан оңға қарай) Иван Мельников (коммунист), Алексей Навальный ("Парнас"), Сергей Митрохин ("Яблоко"), Михаил Дегтярев (либерал-демократ), Николай Левичев ("Справедливая Россия"). Мәскеу, 12 тамыз 2013 жыл.

Ол «бұл топ Навальныйдың насихат науқанын заңсыз атқарып жүр» деп мәлімдеді. Рейдке Левичевтің өзі де қатысқан.

Навальныйдың сайлау штабы «Бұл топтың Навальный кампаниясына қатысы жоқ. Алайда Ресей заңы бойынша елдің кез-келген азаматы сайлауда өз кандидатын ұсынауға құқығы бар» деп мәлімдеді. Бірақ Мәскеу сайлау коммиссиясы «Бұл топты Навальный кампаниясы қаржыландырады» деген шешім шығарса, Навальныйдың сайлауға қатыса алмай қалуы мүмкін.

Навальный «ол топтың сайлау кампанияма қатысы жоқ» деп мәлімдеді. Бірақ оның бұл сөзіне рейдке қатысқан «Справедливая Россия» партиясының мүшесі, Ресей думасының депутаты Олег Пахолков сенбейді.

- Меніңше, "бұл топтың маған қатысы жоқ" деп мәлімдеу - Навальныйдың заңға сүйеніп жасап отырған қулығы. Біз Навальныйға қарсы арыз түсірмеуіміз де мүмкін. Бірақ бұл топтан құтылуға тырысуы оған абырой әпермейді. Өйткені ол жұрт алдында өз жақтастарынан қашып, өзінің бір штабынан бас тартып отыр, - дейді Пахолков.

Тамыздың 14-і күні Навальный мұндай айыптауларға блогы арқылы жауап жазды. Ол «Левичев деген кандидат шын мәнінде жоқ. Ол Сергей Собянинді мэрлікке өткізуге көмектеседі» дейді.

ЕКІНШІ ТУР БОЛА МА?

Мәскеудің қазіргі мэрі Сергей Собянин - биліктегі «Единая Россия» партиясының жетекшісі және Ресей президенті Владимир Путиннің жақын серігі. Бірақ ол сайлау комиссиясында тәуелсіз кандидат ретінде тіркелген.

Мәскеу мэрі Сергей Собянин. Мәскеу, 20 маусым 2013 жыл.

Мәскеу мэрі Сергей Собянин. Мәскеу, 20 маусым 2013 жыл.

Ресейдегі қоғамдық пікірді зерттеу орталығының сауалнама қорытындысына қарағанда, Собянинді қолдайтындар - 53 пайыз. Ол қолдаушылар саны жөнінен бірінші орында тұр. Навальныйды қолдайтындар - 45 пайыз. Ал өзге кандидаттардың қолдаушылары 1 пайыздан төмен.

«Левада» орталығының сауалнамасына қарағанда, Собянинді қолдайтындар маусым айында 61 пайыз болса, шілдеде ол көрсеткіш төмендеп, 53 пайызға түскен. Навальныйды қолдаушылар маусымдағы 3 пайыздан көбейіп, шілде айында 5 пайызға артқан.

Бақылаушылар «бұл сауалнамалар Навальныйдың саяси мүмкіндігін көрсете алмайды» дейді. «Левада» орталығының мәліметіне қарағанда, сайлаушылардың 33 пайызы әлі кімге дауыс беретіндерін анықтамаған. Осыны ескерген мамандар «сайлау нәтижесі екінші турда анықталады» деп болжайды. Өйткені кандидаттардың ешқайсысы сайлаушылар дауысының 50 пайызын ала алмаса, ең көп дауыс алған кандидаттар сайлаудың екінші айналымына жіберіледі.

Сайлауға 6 кандидат тіркелгенмен, ел назары Навальный мен Собянинге ауып отыр.

СОБЯНИННІҢ ПӘТЕР ДАУЫ

Осы айдың басында Навальный «Собяниннің 16 жастағы қызының Мәскеу орталығында элиталық пәтері бар» деген ақпарат таратты. Навальныйдың айтуынша, ол пәтердің аумағы - 308 шаршы метр, құны - 5 миллион АҚШ доллары. Бұл сома Собяниннің 2003 жылдан бергі жариялаған табысынан 6 есе артық.

Алексей Навальный сайлаушылармен кездесіп тұр. Мәскеу, 8 тамыз 2013 жыл.

Алексей Навальный сайлаушылармен кездесіп тұр. Мәскеу, 8 тамыз 2013 жыл.

Навальныйдың бұл айыптауына Собянин «Президент әкімшілігі арқылы ол пәтерді жекешелендіріп алдым. Оны мандаттық декларацияда көрсеттім» деп жауап берді.

«Справедливая Россия» партиясының мүшесі, Ресей мемлекеттік думасының депутаты Олег Шеин жекешелендіру қаншалықты заңды екенін тексеруді өтініп, прокуратураға арыз түсірді. Шеин Азаттық тілшісімен сөйлескенде «пәтердің заңды жолмен жекешеленгеніне күмәнім бар» деді.

- Әлеуметтік жеңілдік арқылы кезексіз тегін үй алуға үш түрлі категорияға тиесілі азаматтар құқылы. Олар - жетімдер; туберкулез, эпилепсия, алапес сияқты ауыр сырқаттарға шалдыққан адамдар; жер сілкінісі, сел сияқты табиғи апаттар кезінде баспанасынан айрылған азаматтар. Мен Мәскеу қаласының прокуратурасына хабарласып, Сергей Собяниннің осы категориялардың қайсысына жататынын анықтауын өтіндім, - дейді Шеин.

Прокуротура депутат сауалына бір ай ішінде жауап беруге міндетті.

Олег Шеин. Мәскеу, 16 сәуір 2012 жыл.

Олег Шеин. Мәскеу, 16 сәуір 2012 жыл.

Навальный бұдан бөлек, Собяниннің үлкен қызының Санкт-Петербургтен элиталық пәтер алғаны туралы ақпарат таратты. Собянин «Менің ол қызым - 25 жаста. Пәтеріне менің қатысым жоқ» деп жауап берді.

Ал Собяниннің күйеу баласы «пәтердің ақшасын мен төледім» деп мәлімдеді.

Алайда Навальный «пәтердің құны - 100 миллион рубль (3 миллион доллар), аумағы - 205 шаршы метр, Собяниннің күйеу баласының ондай қаражаты жоқ» дейді.

ШЕТЕЛДЕН КЕЛГЕН ЖАРНА МӘСЕЛЕСІ

Алексей Навальный пәтерлерге қатысты осындай даулар шығарғаннан кейін тергеу комитеті Навальныйдың сайлау кампаниясының шетелдіктерден жарна алғаны жайлы ақпаратты тексере бастады. Комитетке тексеру жайлы өтінішті Ресей либерал-демократиялық партиясының лидері Владимир Жириновский түсірген.

Тергеушілер шетелдік ІР-адрестердің «Яндекс» желісі арқылы Навальныйға ақша аударғанын растады. Алайда «Яндекс» компаниясының баспасөз хатшысы Асия Мелкумова тамыздың 12-сі күні бұл ақпаратты теріске шығарды.

"Яндекс" компаниясының кеңсесі. Ресей. (Көрнекі сурет)

"Яндекс" компаниясының кеңсесі. Ресей. (Көрнекі сурет)

- Прокурордың мәлімдемесінде айтылған шетелдік ІР-адрестер ақшаны аударған кісінің интернет құралдарының тұрған жерін ғана көрсете алады. Бірақ ІР-адрестер олардың азаматтығы туралы ақпарат бермейді. Шетелде жүрген кез-келген Ресей азаматы «Яндекс» арқылы да, басқа да интернет-банк жүйесі арқылы да ақша аудара алады. Одан бөлек, Ресей тергеу комитеті Навальныйдың есеп-шотына аударылған ақша жайында «Яндекстен» анықтама сұраған жоқ, - дейді Мелкумова.

Ал Навальный өзіне жасалған мұндай шабуылдарды билік басындағы адамдар мен Собянин ұйымдастырып отыр деп санайды. Оның пікірінше, «билік сайлау екінші турға созылып кете ме деп қорқып отыр».

- Оқиғаның не себепті бұлай өрбіп жатқаны бізге әбден түсінікті. Алдын ала жүргізілген сауалнама қорытындыларына қарасақ, сайлаудың екі турсыз бітпейтіні анық болып тұр. Біз Кремль мен Собяниннің не себепті дүрлігіп жатқанын жақсы түсінеміз. Олар «сайлау екінші айналымға қалатын болды» деп мазасызданады. Енді қандай шабуыл жасайды екен деп күтіп отырмыз, - дейді Навальный.

Алексей Навальный сайлаушылар алдында сөйлеп тұр. Мәскеу, 8 тамыз 2013 жыл.

Алексей Навальный сайлаушылар алдында сөйлеп тұр. Мәскеу, 8 тамыз 2013 жыл.

Өткен айда Навальныйға «қаржыны талан-таражға салды» деген айып тағылып, бес жылға сотталған еді. Көп адамдар «бұл істің саяси астары бар» деп есептейді.

Бақылаушылар сот кезінде көптеген заң бұзушылықтар болғанын айтады.

Навальный сот шешіміне апелляциялық арыз берді. Егер сот шешімі сол күйінде қалса, ол сайлауға қатыса алмайды. Апелляциялық сот оның шағымын тамыз айының соңына дейін қарауы керек.

Наталья Джанполатова мен Арслан Саидовтың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Сағынай Кәрім.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG