Accessibility links

«Путиннің насихат машинасы жаныштап жатыр»


Борис Немцовтың қызы Жанна Немцованың германиялық ARD телеарнасына сұхбат беріп отырған сәті. Германия , 8 наурыз 2015 жыл.

Борис Немцовтың қызы Жанна Немцованың германиялық ARD телеарнасына сұхбат беріп отырған сәті. Германия , 8 наурыз 2015 жыл.

Ресейде ақпанда қастандықтан қаза тапқан саясаткер Борис Немцовтың қызы Жанна мемлекеттік телеарналар ел ішіне араздық сеуіп отырғанын айтып, Кремль насихатын нацистік Германия мен геноцид тұсындағы Руанда үгітіне теңеді.

Қоқан-лоқы жасаған хаттар келе берген соң Ресейден кетіп қалған Жанна Немцова «Ведомости» газетінде жарияланған мақаласында «Ресейде сананы жаппай улаудың мемлекеттік дәрежедегі науқаны жүріп жатыр» деп жазды.

Оққа ұшқан оппозициялық саясаткер Борис Немцовтың үлкен қызы Жанна Немцова Ресейдегі мемлекеттік ақпарат құралдарының бүгінгі әрекетін нацистер насихатымен теңестіреді әрі олардың үгітін ел ішінде «өшпенділік туғызып жатыр» деп бағалайды. Немцова «мұның соңы қанды қақтығысқа әкеліп соғуы мүмкін» деп ескертеді.

Ол маусымның 9-ы жарияланған мақаласында «Ресейдің үгіт-насихаты тек ақыл мен сананы ғана емес, сөздің тура мағынасында адамдарды өлтіріп жатыр» деп жазды.

31 жастағы Жанна Немцова жақында ғана Ресейден кетіп қалған, «оның қашан оралатыны белгісіз» дейді жақтастары. Өткен аптада Азаттық радиосына берген сұхбатында ол «ақпанның 27-сі күні Кремль түбінде әкесі оққа ұшқалы бері әлеуметтік желілерден қоқан-лоқыға толы хаттардың көп келіп жатқанын, Ресейде қауіпсіз жүре алмайтынын» айтқан.

ТЕЛЕШЕНЕУНІКТЕРДІҢ МОРАЛЬДЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

«Ведомости» басылымына шыққан мақаласында ол әкесі Борис Немцов қазасының «моральдық жауапкершілігін мемлекеттік ақпарат құралдары да арқалауы керек» деген. Кезінде премьер-министрдің орынбасары, мемлекеттік дума депутаты, аймақ губернаторы болған Немцов соңғы кездері Ресей оппозициясының либерал-демократиялық бағытын басқарып, Ресей президенті Владимир Путинді қатты сынап жүрген еді.

Борис Немцов қаза тапқан жерге қойылған гүл шоқтары. Мәскеу, 7 маусым 2015 жыл.

Борис Немцов қаза тапқан жерге қойылған гүл шоқтары. Мәскеу, 7 маусым 2015 жыл.

Немцова «Әкемнің қазасы (27 ақпан 2015 жыл) – саяси жазалау шарасы, басқалармен бірге мұның жауапкершілігі ұзақ жылдар бойы оның және басқа да оппозициялық саясаткерлердің «сатқын» образын жасап, өшпенділікті қоздырып келген федералдық арналардың (жеке телешенеуніктердің) мойнында» деп жазды.

Ол Ресейдегі мемлекеттік насихатты нацистік Германиядағы және геноцид болған тұстағы Руандадағы БАҚ-тың үгітімен салыстырды. Автор 1994 жылы Африка еліндегі халықты жаппай қыру кезінде мемлекеттік ақпарат құралдарының қаншалық белсенділік танытқанына тоқталып өтті.

Оның жазуынша, «мемлекет жүргізіп отырған соған ұқсас сананы улау науқаны» соңғы бірнеше жыл бойы Ресейде де жүріп жатыр, бұл үгіт халықтың бір бөлігін екінші бөлігіне қарсы қойып отыр.

«ПУТИННІҢ АҚПАРАТТЫҚ МАШИНАСЫ»

Жанна Немцова «Путиннің нацистік Германия мен Руандадағы насихатқа көп ұқсайтын ақпараттық машинасы үгіттің қылмыстық әдістерін қолданып, ел ішінде алауыздық тудырып отыр, ал бұл қантөгіс пен террорға бастайды» деп жазды.

«Тутсилердің орнында олар (Ресейлік насихатты жүргізіп отырғандарды айтады – ред.) либералдарды, оппозициялық тұлғаларды, Батысты, «Киев хунтасын» нысанаға алып жатса, Ресейдің «нағыз патриоттары» хуту тайпасының рөлін ойнап отыр» деп жазады автор. 1990 жылдары Руандада болған геноцид кезінде тутси тайпасы өкілдерінің жаппай қырылуына хуту тайпасы өкілдері жауапты болған еді.

Кремльді жақтайтын президент Виктор Янукович 2014 жылғы ақпанда орнын кеткен соң билікке келген батысшыл саясаткерлер тобына Ресей ақпарат құралдары «Киев хунтасы» деп ат қойғаны белгілі.

Табыт көтеріп бара жатқан ресейшіл сепаратистер. Украина, Луганск, 27 мамыр 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Табыт көтеріп бара жатқан ресейшіл сепаратистер. Украина, Луганск, 27 мамыр 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Янукович Ресейге қашып кеткен соң Украинаның шығысында ресейшіл сепаратистер мен үкімет күштері арасында қақтығыс басталғаны белгілі. Борис Немцов бұл кикілжіңге Мәскеудің араласуына барынша қарсы болып, өмірінің соңғы айларында сол соғыста Ресей солдаттарының қаза тауып жатқанын дәлелдейтін арнайы есеп әзірлеп жүрген.

Жанна Немцова Батыс үкіметтерін Ресей қоғамын жікке бөліп, алауыздық туғызып жатқан үгіт-насихатқа қатысы бар ақпарат құралдарының басшылары мен журналистеріне санкция салуға шақырушылар қатарына қосылды.

Жақында ол Польша басшыларына осындай үгіт-насихат жүргізді деген БАҚ өкілдерінің тізімін берді. «Немцов тізімі» деп аталып кеткен бұл құжатта мемлекеттік «Россия Сегодня» ақпарат ұйымының басшысы Дмитрий Киселев, мемлекеттік ВГТРК телерадиокорпорациясының басшысы Олег Добродеев, тележүргізуші және заңгер Алексей Пушков бар.

Фарангиз Наджибулланың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG