Accessibility links

Ресейде кейбір үкіметтік емес ұйымдар «шетел агенттері» деп жариялануы мүмкін


Ресейлік құқық қорғаушы Людмила Алексеева бұқаралық ақпарат құралдарына сұқбат беріп отыр. Мәскеу, 16 қараша 2010 жыл.

Ресейлік құқық қорғаушы Людмила Алексеева бұқаралық ақпарат құралдарына сұқбат беріп отыр. Мәскеу, 16 қараша 2010 жыл.

Шетел гранттарымен жұмыс жасайтын Ресейдегі үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) таяу күндері ресми түрде «шетел агенттері» деп жариялануы мүмкін.

Биліктегі «Единая Россия» партиясы Думаға ұсынған заң жобасы шетел қаржысын алып, саяси істерге араласады деп саналатын ҮЕҰ-лар мәселесіне арналған.

Жаңа заң жобасының авторларының бірі Александр Сидиякин Twitter-ге «Мен ҮЕҰ жайлы заңға енгізілетін түзетулерді дайындап қойдым. Біз оны жақында ұсынамыз. Шетелдік агенттер ақшаларыңды дайындай беріңдер!» деп жазды.

Заң күшіне енсе, 90 күннің ішінде қайта тіркелмеген ұйымдар алты ай мерзімге жабылады.

Одан бөлек бұл заң қабылданса, ҮЕҰ-лар алты ай сайын өздерінің қаржыны қайдан алатыны жайлы барлық ақпараттарды үкіметке беріп отыруға міндетті болмақ.
Толық ақпарат бермеген ұйымдар 1 миллион рубль айыппұл төлейді (30 мың 240 доллар). Бұл заңды бұзғандар төрт жыл бас бостандығынан айырылып, абақтыға жабылады.

«АЗАМАТТЫҚ ТОПТАРДЫ ЖАНТАЛАСА ТОҚТАТУ»

Сидиякин «Жаңа заң көптеген ҮЕҰ-лардың «астыртын әрекеттеріне» балта шауып, олардың немен айналысатынын әшкере қылады. Біз азаматтық қоғам құрғымыз келеді. Біз өз азаматтарымыздың қай ұйым Ресейдегі азаматтық қоғамның өз өнімі және қайсысы шетелден қаржы алатынын біліп жүргенін қалаймыз» деп отыр.

Жаңа заң жобасы «ҮЕҰ-лар онсыз да бұған дейін қабылданған заңдар аясында өздерінің қаржы көзі жайлы мәліметтерді беріп келді» деп есептейтін құқық қорғаушылар арасында қызу пікірталас туғызды.

Олар «Билік Путиннің 12 жыл билікте отыруына қарсы болған үлкен толқуды тоқтатып, азаматтық топтарды ауыздықтау үшін жанталасып, әр түрлі амалдар қарастыруда» деп Кремльді айыптауда.

Шерушілерге аса көп мөлшерде айыппұл салатын даулы заңдарды да ұсынған Сидиякин мен «Единая Россия» партиясының депутаттары болатын.

Марк Урнов есімді саяси сарапшы «Болашақта бізде билікке жақпайтын немесе «Единая Россияға» қатысы жоқ кез келген ұйымды жауып тастауға мүмкіндік беретін заңдар жасалады» дейді.

Құқық қорғаушы Людмила Алексеева «Бұл заң адамдарды «Қараңдар, олар өздерінің шетел агенті екендерін мойындап отыр» деп ойлауға итермелейтін теріс мақсатты көздейді. Осыдан соң халықтың көбі құқық қорғаушы компанияларды Ресейге қарсы елдердің сойылын соғушы деп ойлап қалады» дейді.
Болашақта бізде билікке жақпайтын немесе "Единая Россияға" қатысы жоқ кез келген ұйымды жауып тастауға мүмкіндік беретін заңдар жасалады.

Алексеева көптеген ұйымдар, оның ішінде өзінің де ұйымы «Ресейдің қаржысына қол жетпегендіктен, шетелдік гранттарға арқа сүйеуге міндетті» деп санайды.

Ол «Бұл заң жобасы Кремльдің президент пен оның үкіметіне жақтаспайтын азаматтық топтардың мүддесін қорғамайтынын көрсеткенін» айта кеп, «Бұл ұсынысқа Путиннің вето қойғанын өтінген болар едім» деген.

«БҰРМАЛАУҒА ЫҢҒАЙЛЫ ЗАҢ»

Ал жаңа заңды қолдаушылар «АҚШ-та да шеттен қаржы алатын топтардың «шетелдік агенттер» ретінде тіркелуін талап ететін осыған ұқсас заңдар бар» дейді.

Алайда сынаушылар «Ресей заңының мағынасы анық емес. Олар өздерінің азаматтық және құқық қорғаушы топтарды басып-жаншу әрекеттерін ақтап алу үшін бұл заңды бұрмалауы мүмкін» деп қауіптенеді.

ҮЕҰ-ларды экстремизмге қатысы бар деген күдікпен тексеру мақсатында Әділет министрлігінің өкілдері бұл заңның аясын кеңітіп алуы мүмкін.

«Бізде болашақта билікке жақпайтын немесе «Единая Россияға» қатысы жоқ кез келген ұйымды жауып тастауға мүмкіндік беретін заңдар болады. Бұл өзі (заң жобасын айтады - ред.) атүсті жасалған жұмыс. Тіпті ҮЕҰ қанша ақша алу керек және қандай формада алу керек деген мәселе анық жазылмаған» дейді саяси сарапшы Марк Урнов.

Өткен айларда Ресей билігі бірнеше ҮЕҰ-ларды, сайлау науқаны кезінде Батыс елдерінің атынан жұмыс жасаған топтарды айыптады.

Кейбір бақылаушылар «бұл жаңа заң жобалары адам құқықтарын таптағаны үшін Ресейді жазалайтын заңдарды қабылдаған АҚШ сенаты комиссиясының әрекеттеріне жауап болуы мүмкін» деген пікірде.

АҚШ сенатының шетел істері бойынша комиссиясы осы аптада Магнитский актісін қабылдады. Сергей Магнитский коррупцияға қарсы күресіп жүріп, абақтыға қамалған. Бірақ, 2009 жылы іс сотқа жетпей, тергеу кезінде түрмеде қайтыс болған. Заңгердің қазасы халықаралық дау тудырған еді.

Ресей үкіметі «АҚШ Магнитский актісін қабылдайтын болса, мұның соңы жақсылыққа әкелмейді» деп ескерту жасаған еді.

(Ақпараттар бойынша, актіде Магнитскийдің ісіне қатысы бар деген шенеуніктердің есеп-шотын жабу және оларды АҚШ аумағына кіргізбеу қарастырылған - ред.).

Мақаланы Сағынай Кәрім аударды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG