Accessibility links

Ресей Думасы "сатқындық" ұғымын кеңейтті


Дума сыртында наразылық танытушы Ресей оппозициясының жас өкілін полиция қамауға әкетіп барады. Мәскеу, 5 маусым 2012 жыл

Дума сыртында наразылық танытушы Ресей оппозициясының жас өкілін полиция қамауға әкетіп барады. Мәскеу, 5 маусым 2012 жыл

Жаңа қабылданған заң бойынша "тыңшылық жасау" ғана емес, ресми түрде "конституциялық құрылымға қарсы" деп танылған кез-келген әрекет сатқындық болып есептелмек.

Ресей парламентінің төменгі палатасы басым көпшілік дауыспен қабылдаған заңда "сатқындық" ұғымының мағынасы кеңейе түсті. Сыншылар бұл әрекетті биліктің еркін ойды шектеуге талпынуы деп санайды.

Мемлекеттік Думаның 375 депутаты қолдап, екеуі ғана қарсы шыққан заңға сәйкес "мемлекеттік құпия ақпаратты заңсыз жолмен алуға тырысқан" және "сатқын" деп танылған адам сегіз жылға дейін түрмеге жабылуы мүмкін.

"ЖАҢАРҒАН САТҚЫНДЫҚ"

Бұған дейінгі заң бойынша тек тыңшылық жасау және шетелдік күштерге Ресейдің сыртқы қауіпсіздігіне нұқсан келтіретіндей көмек беру әрекеті ғана сатқындық деп саналып келген болатын.

Жаңа заң мәтінінде "сатқындықтың" анықтамасы "конституциялық құрылымға, егемендікке, территориялық және мемлекеттік тұтастыққа қарсы әрекет" болып өзгерді.

Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) дайындаған заңға сәйкес "шет мемлекет пен шетелдік ұйымға қаржылық-техникалық жәрдем қылу, кеңес беру, я басқа да көмек ету" де сатқындық деп саналады.
ФСБ дайындаған заңға сәйкес "шет мемлекет пен шетелдік ұйымға қаржылық-техникалық жәрдем қылу, кеңес беру, я басқа да көмек ету" де сатқындық деп саналады.
Бұл заң мәтінінде Ресейдің мемлекеттік құпияларын "заңсыз жолмен алуға тырысатын" түрлі халықаралық ұйымдар туралы да айтылған.

Жаңадан жарақталған заңға сәйкес бірнеше елде қатар қызмет атқаратын халықаралық ұйымдар мемлекеттік құпияны қолға түсіруден пайда көруі мүмкін құрылымдар ретінде сипатталған. Бұрынғы мәтінде тек "шетелдік үкіметтер мен ұйымдар" деп қана жазылған болатын.

Қазанның басында Кремль америкалық ЮСАИД ұйымының Ресейдегі кеңсесін жапқызған еді. Мәскеу Вашингтонды халықаралық көмек деген желеумен Ресейдегі саясат пен сайлау процесіне араласпақ болды деп айыптаған.

РЕСЕЙЛІК АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ РЕАКЦИЯСЫ

Оппозициялық "Справедливая Россия" партиясының мәлімдеуінше, бұл заң - өзгерістерге қарсы әрекет, "сатқындық" ұғымының бұлайша кең тәпсірленуі "кез-келген шетелдікпен қандай да бір қарым-қатынас жасаған кез-келген ресейлікті" отанын сатты деп айыптауға негіз болуы мүмкін.

Владимир Путин тағайындаған Ресейдің адам құқықтары жөніндегі омбудсмені Владимир Лукин заңды сынаушылардың жағына шықты.
Енді ресейліктердің халықаралық ұйымдарға жазып жатқан арыз-шағымдарының бәрі "сатқындық" ретінде сипатталуы мүмкін.
Лукин бұл заңның халықаралық құқыққа және Ресейдің конституциясына қайшы екеніне, жаңа анықтаманың жеке адамның кінәсін әділ түрде анықтауға қол болмайтынына назар аудартты.

Жергілікті "Агора" құқық қорғау ұйымының жетекшісі Павел Чиков Азаттықтың Орыс қызметіне ресейліктердің халықаралық ұйымдарға жазып жатқан арыз-шағымдарының бәрі "сатқындық" ретінде сипатталуы мүмкін екенін айтты.

- БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссиясына немесе Еуропадағы адам құқықтары сотына жазылған арыздағы мәлімет ФСБ-ге Ресейдің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіретіндей боп көрінсе болғаны сатқындық деп танылмақ, - деді ол.

Қазанның 23-і Дума бекіткен заң енді ресми процедураға сәйкес Федерациялық Кеңесте мақұлданып, президент Владимир Путиннің қолымен бекітіледі.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG