Accessibility links

Беслан тұрғындары терактіні ұмыта алмады


Бесландағы 2004 жылғы терактіде ұлы мен қызынан айрылған Надежда Гуриева. 29 тамыз 2014 жыл.

Бесландағы 2004 жылғы терактіде ұлы мен қызынан айрылған Надежда Гуриева. 29 тамыз 2014 жыл.

2004 жылы Беслан мектебінде болған терактіде Надежда Гуриеваның екі баласы көз алдында қаза тапты. Сол қайғылы оқиғадан аман қалғандар 10 жыл өтсе де жаңа өмір бастайтындарына сене алмайды.

Надежда Гуриева ауасы тар, қапырық спорт залда балаларымен бірге сығылысып отырды. Олардың қасында, бірнеше метр жерде жарылғыш зат жатты. Мектептегі алғашқы оқу күнін атап өту үшін би билеуге дайындалған екі баласы Борис пен Вера ұлттық киімдерін киіп келген еді, бірақ мереке басталмай қалды.

2004 жылы 1-3 қыркүйекте Бесландағы 1-мектепте болған теракт кезінде 334 адам қаза тапты. Оның 186-сы бала еді, Борис пен Вера да солардың қатарында кетті. Надежда Гуриеваның ең кіші қызы Ирина аман қалды. Гуриева қалған ғұмырын соған арнап, қайғылы жағдайдан кейін өмір сүруге күш тапты.

– Басқа амалым болмады. Кішкене қызым аман қалды. Ол «жылап отыр ма, жоқ па» деп, көзіме тесіліп қарайтын. Тіпті дұрыстап жылай да алмадым, – дейді Надежда Гуриева.

52 САҒАТТЫҚ АЗАП

2004 жылы қыркүйектің 1-інде қарулы террористер Беслан мектебін басып алып, ата-аналар, оқушылар мен мектеп мұғалімдерін – 1100 адамды кепілге алды. Олар 52 сағаттан кейін ғана азат етілді. Бірақ аман қалғандар мен олардың туыстарының өмірі мәңгілікке өзгерді.

– Біреулер бәрін ұмытуға тырысып, жақсылықтан үміт етеді. Енді біреулер болған жағдайды тексеруге көшті. Кейбіреулер маған көмектесіп, қайғылы оқиға құрбандарын есте қалдыратын мұражай ашуға жәрдемдесті. Енді бірі әлі күнге дейін бейіт басынан шықпай жылайды, сонда жатқан балаларын кері қайтаратындай қайғырады, – дейді 1-мектепте 36 жылдан бері сабақ беріп келе жатқан Надежда Гуриева.

2004 жылғы теракт құрбандары суретіне қарап тұрған адам. Беслан, 1 қыркүйек 2014 жыл.

2004 жылғы теракт құрбандары суретіне қарап тұрған адам. Беслан, 1 қыркүйек 2014 жыл.

Ұлы мен қызынан көз алдында айрылған 54 жастағы Надежда Гуриева содан бері қайғымен күресіп келеді.

– Қайғың қаншалықты ауыр болса да, оны басқа адамдармен бөлісуге болмайды. Дәл кеше ғана бастан өткен жағдай тәрізді әсер етеді, – дейді ол.

Сол күні таңертең мектепті қоршап алған ондаған шешен және ингуш содырлары кепілге алынған адамдарды гимназияның спорт залына қамап, өздері қолдан бомба әзірледі. Олар «Ресей Солтүстік Кавказдағы Шешенстанда соғыс жүріп жатқан қалалардан әскерін шығарсын» деген шарт қойды.

Сол кезде мектепте 26 жылдан бері сабақ беріп жүрген Гуриева спорт залға соңғылардың бірі болып ішке енеді. Ол үш баласының да сонда екенін сол кезде ғана байқады.

– Содан бері 10 жыл өтті. Сол кезде қалай аман қалғанымызды түсінбеймін. Жарылысты емес, 52 сағат бойы тұтқында отырған кезді айтамын. Нағыз сұмдық еді, – дейді Надежда Гуриева.

Тұтқындар сабырдан айрылған кезде терроршылар алдыңғы қатарда отырған ер адамды өлтірді. Әу баста балалардың жуынатын бөлмеге баруына рұқсат етті. Ыстық күнде ауасы тар бөлмеге қамалған балалар аздап болса да жеңілдеу үшін су ішуге тырысты. (Әлі күнге дейін аза тұтушылар гимназияға бөтелкемен су әкеліп, опат болғандарға тие берсін деп ырымдайды). 14 жасар Бористің ыстығы көтеріліп, жүре алмай әлсіреп қалды.

– Содырлар біз су ішпесін деп құбырды сындырып тастады. Балалар көйлектерін суға малып, соны сығып ішті. Кейбір балалар ауыздарына су ұрттап алып аналарына тасыды. Келіссөз жасалмады, екінші күні балаларды су ішуге мүлдем жібермеді, – дейді Гуриева.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Бесландағы 2004 жылғы теракт

ҚАНДЫ ЖАС

Гуриева 2004 жылы қыркүйектің 3-і күні түске қарай ақыры қандай болса да бұл азап әйтеуір бітсе екен деп армандағанын айтады. Сәлден соң оның тілегі орындалды. Залдың ішінде жиі-жиі тыныштық орнайтын. Террористер тұтқындарды тыныштандыру үшін төбеге оқ ататын. Бірақ жүздеген тұтқын сөз тыңдаудан қалған еді.

Бесландағы 2004 жылғы терактіде қаза тапқан балалардың бірінің зираты. Беслан, 29 тамыз 2014 жыл.

Бесландағы 2004 жылғы терактіде қаза тапқан балалардың бірінің зираты. Беслан, 29 тамыз 2014 жыл.

Сағат бірден кейін күшті жарылыс гимназияны дүр сілкіндірді. Бойында күші қалғандар атып тұрып жүгіре жөнеледі, бірақ олардың көбін террористер атып тастады.

– Екінші қабаттағы террористер қашып бара жатқан балаларды ту сырттарынан атты. Бір кішкентай қыз құдыққа қарай жүгірді. Сол жерге барып су іше бергенде террорист оны атып өлтірді, – дейді Надежда Гуриева.

Екінші жарылыс та тез болды, соның кесірінен шатыр құлап, өрт шыға бастады. Гуриева есін жиған кезде 11 жасар қызы Вераның опат болғанын көрді.

– Бет-әлпеті сол қалпы болатын. Күлімсіреп жатты. Тек көзі жұмулы еді, бетіне қан аралас жас ағыпты, – дейді дүние салған қызының суретін көрсетіп отырған Надежда Гуриева.

Анасы қызының крест уыстап, қолын төсіне айқастырып жатқанын айтады. Бомба жарықшағы Вераның желкесіне тиген екен. Борис те, Вера да гимназияны шарпыған өрттен аман қалмапты. Вераның денесін үстіне киген ұлттық көйлегіне қарап анықтаған.

Ал Борис қанға боялып жатты, бірақ әлі есі бар еді. Бомба жарықшағы оның қарнына тиіп, арқасынан шыққан. Ирина болмашы жараланған екен, анасы Надежда Гуриева оған қаш деп бұйырады.

Бесландағы 2004 жылғы терактіде қаза тапқан балалардың үйі. Беслан, 29 тамыз 2014 жыл.

Бесландағы 2004 жылғы терактіде қаза тапқан балалардың үйі. Беслан, 29 тамыз 2014 жыл.

Надежда әлі тірі жатқан ұлы Бористің қасында қалды. Қолынан ауыр жараланған Надежда Гуриева баласын басқа жаралы тұтқындардың қасына жеткізгенмен, сыртқа шығара алмады. Жан-жақта адамдардың денелері шашылып жатты.

Террористер Гуриеваға «асхана жаққа қарай бар» деп бұйырады. Кішкентай қызын қолынан жетектеп жүгірген әйел террористер тауық етін жібіткен лас суды ішті. Қызы Иринаға «осы жерден тапжылма» деп бұйырып, өзі Бориске оралды. Бірақ террористер оны ішке кіргізбей, біреуі мылтықтың дүмімен ұрып тісін сындырды. Ресейлік арнайы жасақ жауынгерлері жеткенде Гуриева терезеден шыға қашты. Ирина да солай істеді.

– Осындай жантүршігерлік оқиғадан соң әр адам қайтадан өмірдің мәнін табуға тиіс, өмір сүруге ынталандыратын дәлел керек. Кейбіреулер өз бойынан ондай күш таппай, зиратта жатқандарға барып қосылды. Өз-өзіне қол жұмсаған ересек адамдар да бар, – дейді Надежда Гуриева.

"Қайғылы жағдайға кім айыпты?" деген сауалды қоятындар көп, "ресейлік қауіпсіздік күштері атысты бастады" дейтіндер де бар. Кейбіреулер осының бәрін ұмыта алмады.

Надежда Гуриеваның жұбайы Станислав балаларының кегін алуға тырысты, бірақ айыптыларды таба алмай қиналды. Надежданың пікірінше, ессіз кектенудің соңы жақсылыққа апармайды. Станислав бір жарым жыл бұрын 46 жасында дүниеден өтті. Ол ішімдікке салынып кеткен еді.

– Ол басына түскен қайғыны көтере алмады. Бәрін ұмытсам деп ішімдік ішетін, сол түбіне жетті, – дейді Надежда Гуриева.

ЖАҢА ӨМІР

Қайғылы оқиғадан екі ай өткен соң Надежда Гуриева қайтадан мектепке барып сабақ бере бастады.

– Ұлым оқыған сыныпқа барып сабақ бердім. Дәлізде келе жатқанда бір қыз бала маған келіп: «Надежда Ильинична, келгеніңіз қандай жақсы болды! Боря қайда?» деп сұрады. Адамдар әлі кімнің қаза болғанын, кімнің аман қалғанын білмейтін еді. Бірінші сабақта бәріміз бірге еңіреп жылаумен болдық, – дейді ол.

Надежда Гуриеваның 2004 жылғы терактіде қаза тапқан балалары - Борис пен Вера.

Надежда Гуриеваның 2004 жылғы терактіде қаза тапқан балалары - Борис пен Вера.

Бірақ Надежда Гуриева оқушыларға сабақ беру арқылы бойына күш жинап, қайраттанды.

– Ұнаса да, ұнамаса да, жаныңды ауыртса да, ауыртпаса да, жүрегің езіліп тұрса да – балаларға сабақ беруге тиіссің. 10 балаға үйіне барып сабақ бердім. Бара жатқанда бойыма бар қайратымды жинап күліп кіремін, шыққан соң келесі үйге жеткенше жылаймын. Кейбір балалардың түріне қараудың өзі ауыр еді, – дейді Надежда Гуриева.

Жаңа мектеп бұрынғы 1-мектепке қарсы маңға салынды. Кіре берісте «Жаңа өмірді бастаймыз!» деген жазу түрлі-түсті әріппен жазылған. Бірақ Гуриева өткенді ұмытуға тырыспайтынын айтады.

– 1-мектептің тарихы – біздің тарих. Теракт – біздің тарихымыз. Ол – өте сұмдық, қайғылы, жан түршігерлік жағдай, қанды оқиға. Бірақ біз оны ұмытпаймыз. Жаңа мектепке көшіп келсек те, жаңа өмір бастай алмаймыз. Бәрін қайтадан бастамаймыз. Бұрынғы өмірімізді сүре береміз, – дейді ол.

Азаттық тілшісі Том Бэлмфордтың мақаласын аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG