Accessibility links

ҰҚШҰ «Ресейге өш» НАТО-мен «диалогты тоқтатқанын» мәлімдеді


Ресейде өткен ҰҚШҰ-ның "Рубеж - 2014" әскери жаттығуы кезінде тігілген ұйымға мүше елдердің тулары. Челябинск облысы, 15 шілде 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресейде өткен ҰҚШҰ-ның "Рубеж - 2014" әскери жаттығуы кезінде тігілген ұйымға мүше елдердің тулары. Челябинск облысы, 15 шілде 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы бас хатшысы Бордюжа «НАТО-мен диалог орнату ұмтылыстары тоқтайтынын» мәлімдеді. Ал сарапшылар «ҰҚШҰ-ға мүше Қазақстан Ресейдің жетегінде кетпеуі керек» дейді.

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) бас хатшысы Николай Бордюжа «ҰҚШҰ-ның НАТО-мен диалог орнатуға ұмтылысын тоқтататынын» хабарлады. Ол бұл мәлімдемесін қарашаның 6-сы күні Мәскеуде өткен ҰҚШҰ Парламенттік ассамблеясы кеңесінің отырысында айтты.

«НАТО-НЫҢ ЖАУЛЫҚ ӘРЕКЕТТЕРІ»

Бордюжа «ҰҚШҰ-ның НАТО-мен (АҚШ, Канада және Батыс елдерінің әскери одағы - ред.) диалог орнату ұмтылыстары бұл альянстың Ресей мен ҰҚШҰ-ға қатысты конструктивті емес, тіпті ашық жаулық әрекеттерінен кейін тоқтатылды» деген.

ҰҚШҰ бас хатшысы «ұйымның бұдан ары ЕҚЫҰ-мен (Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы – ред.) өзара қарым-қатынасты дамытатынын, сонымен бірге ШЫҰ (Шанхай ынтымақтастық ұйымы – ред.), Қытай, Иран, Латын Америкасы және Кариб бассейні елдерімен әріптестікті нығайтуға күш салатынын» айтқан.

Ресейлік «Коммерсантъ» газеті Бордюжаның сөздерінен үзінді келтіріп, оның «НАТО ҰҚШҰ елдеріндегі (Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан – ред.) жағдайды тұрақсыздандыруға тырысты» деген пікірін берген. Бұл сөздеріне дәлел ретінде ол «Батыс елдері елшіліктеріндегі, әсіресе АҚШ елшілігіндегі қызметкерлер саны шектен тыс көбейді», «Батыс қаржыландыратын үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі артты» деген.

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бас хатшысы Николай Бордюжа.

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бас хатшысы Николай Бордюжа.

Басылым Бордюжаның мәлімдемесіне қатысты НАТО-ның Мәскеудегі ақпараттық бюросы басшысы Роберт Пшельдің «Бордюжа мырза мен Ресейдің басқа да ресми тұлғаларының НАТО-ға қарсы пікірлерін білеміз. ҰҚШҰ-мен қарым-қатынас орнату ниетіміз жоқ. Альянс онсыз да ҰҚШҰ елдерімен екіжақты қатынастар орнатқан» деп жауап бергенін жазады.

Бордюжа ҰҚШҰ-ның НАТО-мен қарым-қатынасты тоқтату жоспары бар екенін бұған дейін, сәуірдің 24-і күні де айтқан еді. Ол «бұған НАТО-ның Украинадағы жағдайларға қатысты ұстанған саясаты себеп болып отыр» деп мәлімдеген.

САРАПШЫЛАР ПІКІРІ

Азаттық тілшісі Бордюжаның мәлімдемесіне қатысты Қазақстан қорғаныс және сыртқы істер министрліктеріне хабарласқан еді. Алайда аталған ведомстволар қызметкерлерінен жауап алу мүмкін болмады.

Ал Азаттық тілшісі пікір сұраған кейбір сарапшылар «ҰҚШҰ-ның НАТО-мен қарым-қатынас орнатуға ұмтылысын тоқтатуына Ресей мен Батыс елдері арасындағы араздық әсер етуі мүмкін» деп есептейді. Мәселен, саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, «ҰҚШҰ-ға Ресейден бөлек, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан мүше. Сондықтан, Ресей ҰҚШҰ сияқты халықаралық ұйымның позициясы мен өзінің жеке саясатын ажыратып алуы керек» .

Саясаттанушы Досым Сәтпаев.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев.

- Өкінішке қарай Ресей қазір бұл ұйымды өзінің әскери-саяси құрылымы санап, жеке позициясын ұйым мүшелеріне таңып, бұл тәсілін белсенді пайдаланып отыр. ҰҚШҰ-ға мүше елдердің сыртқы саясаттарының өз бағыттары бар. Бордюжаның мәлімдемесін ҰШҚҰ-ға мүше елдердің барлығы автоматты түрде қолдағандай көрініп қалған. Сондықтан, бұл мәселеге Қазақстан сыртқы істер министрлігі позициясын білгім келеді. Шынымен солай болса, бұл елдер Ресей сыртқы саясаты форматында әрекет етіп жатқан болып шығады. Онда осы саяси мақсатты орындау үшін тәуелсіздіктің белгілі бір элементін жоғалта бастаймыз, - дейді Досым Сәтпаев.

Ал әскери сарапшы Әмірбек Төгісовтің айтуынша, «Бұл - ұйымға мүше елдермен ортақ түрде шешілген мәселе. Парламенттік ассамблея жиынына ұйымға мүше барлық елдер қатысады». Ол ҰҚШҰ-мен диалогқа бармай отырған НАТО-ны айыптайды.

- Ресейдің шекарасы мың ғасыр бір орында тұр. Ал НАТО керісінше, батыста - Армения, Белоруссияға; оңтүстікте Тәжікстанға жақындап келеді. Олар өз мүддесі үшін барлық амалдарға баратынын да айтып жүр. Енді ҰҚШҰ қарап отыра ма? – дейді Әмірбек Төгісов.

ҰҚШҰ-ның биыл Қырғызстанда өткен жаттығуы. (Көрнекі сурет)

ҰҚШҰ-ның биыл Қырғызстанда өткен жаттығуы. (Көрнекі сурет)

Ол әлемдегі екі әскери ұйым арасындағы қарым-қатынастың үзілуін «жақсылыққа баламайды».

Қазақстан мен НАТО-ның екіжақты әріптестік орнатқанына он шақты жыл болған. 2014 жылы сәуірде Астанада Қазақстан қорғаныс министрлігі мен НАТО өкілдері кездесіп, 2014-2015 жылдарға арналған әріптестік жоспарын пысықтады. Ол бойынша Қазақстан әскерилерін оқыту туралы келісім де жасалған еді.

Одан бөлек, жыл сайын Қазақстан мен НАТО қарулы күштері «Дала қыраны» атты оқу-жаттығу шараларын өткізеді. «Бейбітшілік үшін ынтымақтасу» бағдарламасы аясында 2013 жылы он бірінші рет өткен әскери жаттығу тамыздың 10-ы күні Іле әскери-оқу орталығында болған еді. Оған АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Литва, Швейцария, Қырғызстан мен Тәжікстан сарбаздары қатысты.

ҰҚШҰ 1992 жылы құрылған. Оған Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан мүше.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG