Accessibility links

Мұнайдың арзандауы - Путинге қатер


Калифорниядағы мұнай өндірісі. (Көрнекі сурет)

Калифорниядағы мұнай өндірісі. (Көрнекі сурет)

Америкалық сарапшылар мұнай бағасы 2016 жылға дейін үздіксіз арзандай беруі мүмкін деп болжайды.

Қазанның 27-сі күні АҚШ қаржы нарықтарында WTI маркалы Техас мұнайының бағасы 80 доллардан төмен түсті. Бұл - 28 айдың ішіндегі ең арзан баға.

Бұл жолы мұнайдың арзандауына келесі жылғы бағаға қатысты болжамдарын төмендеткен АҚШ-тағы Goldman Sachs инвестициялық банкінің мәлімдемесі әсер етті. Беделді банк сарапшылары мәлімдемесінен кейін комментаторлар «Мұнайдың арзандауы жаңа тенденцияға айналған жоқ па?» деп күдіктене бастады.

Goldman Sachs банкі мамандарының соңғы болжамына қарағанда, мұнай өндіру көлемі күрт ұлғайып, сұраныс азайғандықтан, келер жылы Техас мұнайының баррелі орта есеппен - 75 доллар, ал Brent маркалы мұнай - 85 доллар болады. Бірақ Goldman Sachs сарапшылары «мұнай өндіру көлемі шарықтау шегіне жеткен сәтте баға бұдан да арзандап, Техас мұнайының баррелі - 70 долларға, Brent маркалы мұнай 80 долларға дейін арзандауы мүмкін» дейді.

Олар «келесі жылы мұнай бірер ай ғана бұрын болжанған бағадан 15 долларға арзан болады» деп болжайды. Мұның дәлелі ретінде Goldman Sachs сарапшылары «алдағы екі жыл ішінде мұнай өндіру сұраныс көлемінен бірнеше есеге асып кететінін растайтын есептер» келтірген. Өйткені АҚШ-та тақтатас мұнайын өндіру басталды; әрі Бразилия, Мексика және Иракта мұнай өндіру көлемі ұлғаяды.

Америка сарапшылары «АҚШ-тағы өндіру құны қымбат тақтатас мұнайының дүрбелеңі бәсеңдемей, ОПЕК елдері бағаны өсірмейді» деп есептейді. Өйткені тақтатас мұнайы өндірісі дамуы үшін баға қымбат болуы керек.

Ресей басшылығында отырған кейбір топтар бағаны төмендетпей ұстап тұру үшін нарықтағы артық мұнайды азайтуға тырысуы ғажап емес.

Ресей басшылығында отырған кейбір топтар бағаны төмендетпей ұстап тұру үшін нарықтағы артық мұнайды азайтуға тырысуы ғажап емес.

Мұнайдың арзандауына қатысты болжамымен Goldman Sachs сарапшылары АҚШ-тың басқа банктерінен асып түсті. Бірақ америкалық сарапшылардың айтуынша, «соңғы айлардағы бағаның құбылуы - нарық механизмдерінің ықпалы». Яғни өнімнен түсетін табыс көп болса, ерте ме, кеш пе – нарыққа шығарылған мұнай көлемі шамадан тыс көп болып кетеді.

«Атлас» зерттеу орталығының вице-президенті Эдвард Хаджингстің пірікінше, «Мұнай бағасының белгілі бір деңгейге жетіп, сол шамада біраз уақыт тұрақтауы бір жағынан мұнай өндіру саласына көп инвестиция құюға, екінші жағынан энергияның балама көздерін іздеп, энергия үнемдейтін технологияларды жетілдіруге мүмкіндік береді».

- Осының нәтижесінде соңғы жылдары АҚШ-та мұнай мен газ өндіру көлемі күрт ұлғайды да, энергия ресурстарының қымбаттауы «тақтатас революциясының» басталуына түрткі болды. Бірақ 2012 жылғы деректер бойынша, АҚШ-та мұнай пайдалану азайған. Бұл тенденция рецессия мен қаржы дағдарысы кезінде басталды. Меніңше, бұл құбылыс келешекте мұнай бағасына әсер етеді. Санаулы ғана өндірушілер пайдасына бола мұнай қымбаттай береді деуге ешқандай негіз жоқ. Әрине, әлдебір геосаяси жағдайларға байланысты баға уақытша құбылып, мұнай бір сәттерде қымбаттауы да мүмкін. Бірақ болашақта мұнай бағасы инфляция деңгейінен жоғары болады деп ойламаймын. Өйткені, соңғы 10 жылда баға шарықтап кеткен соң оны өндірудің балама тәсілдері де дамып, қайта қалпына келетін көздерден қуат өндіру саласы өркендей бастады, - дейді Эдвард Хаджингс.

Ричард Эбелинг.

Ричард Эбелинг.

Оңтүстік Каролина штатындағы «Цитадель» коллежінің экономика профессоры Ричард Эбелингтің айтуынша, «бір немесе жарты жылдан соң мұнай бағасы қандай болатынын болжау мүмкін емес, бірақ бағаның арзандауға бет алғанын көрсететін дәлелдер жеткілікті».

- Бағаның беталысын белгілейтін - сұраныс пен ұсыныс сияқты факторлар. Оларға қарасақ, алдағы айларда мұнай арзандауы тиіс. Ал оның қаншалық арзандайтынын және бірнеше айдан кейін мұнай бағасы нақты қанша болатынын анықтайтын аспап жоқ. Қанша білікті болғанымен, мұны Goldman Sachs сарапшылары да дөп басып айта алмайды. Бірақ Таяу Шығыста мұнай тасымалдауға кедергі келтіретіндей үлкен дағдарыс болмаса немесе Ресей «Батыс Еуропаны энергиясыз қалдырамын» деген қоқан-лоқысын іске асырмаса, Goldman Sachs болжағандай, мұнай бағасы 2016 жылға дейін арзандай беруі мүмкін, - дейді Ричард Эбелинг.

Азаттық тілшісінің «Мұнай бағасын қымбаттату үшін Кремль мұндай қоқан-лоқыға баруы мүмкін деп ойлайсыз ба?» деген сауалына Ричард Эбелинг:

– Ресей үкіметі өкілдері «мұнай арзандай берсе, шығындарымызды көбейтуден бас тартамыз, тіпті бюджетті толтыру үшін шығындарды қысқартуға мәжбүр боламыз» деп бұрын да айтқан. Ресей билігіндегі кейбір топтардың нарықтағы мұнай көлемін азайтуға тырысуы мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Бірақ олар әуелі «Мұның соңы мемлекет кірісінің бұдан да құлдырап кетуіне ұласпай ма?» деген сауалға ойланулары тиіс. Олардың мұндай «ойынға» батылы жетеді деп ойламаймын, - деді.

(Юрий Жигалкиннің мақаласын орыс тілінен аударған - Айжан Оралғазы).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG