Accessibility links

Ресейде оппозициялық интернет-телеарна ашылады


Ресей президенті Дмитрий Медведев оппозициялық "Дождь" телеарнасында сұқбат беріп отыр. 25 сәуір 2011 жыл.

Ресей президенті Дмитрий Медведев оппозициялық "Дождь" телеарнасында сұқбат беріп отыр. 25 сәуір 2011 жыл.

Ресей оппозициясы интернет-телеарна ашпақ. Ал интернетте де кедергіге ұшыраған Қазақстан оппозициясы тосқауылды айналып өтудің түрлі амалдарына көшті.

Елдегі ақпарат құралдарының мәліметі бойынша жаңа арнаны көрермендер қаржыландырады; телеарна мемлекеттік және қоғамдық телеарналарға балама құрал ретінде қызмет етеді.

«100 РУБЛЬДЕН ТӨЛЕЙТІН МИЛЛИОН КӨРЕРМЕН ТАБЫЛАДЫ»

Бұл туралы өткен аптада журналистерге мемлекеттік дума депутаты Дмитрий Гудков хабарлады. «Жобаға 100 миллион рубль қаржы қажет екенін» айтқан депутат:

- Тәуелсіз және объективті арна үшін ай сайын 100 рубль төлеуге дайын бір миллион тұрғын табылады деп есептеймін. Ақшаны «Яндекс. Кошелек» сервисімен аударуға болады, бұның өзі қаржы мәселесіндегі жариялылыққа мүмкіндік береді, - деген.
Дмитрий Гудков Ресей қорғаныс министрлігіне қарсы өткен акцияда. Мәскеу, 8 наурыз 2012 жыл.

Дмитрий Гудков Ресей қорғаныс министрлігіне қарсы өткен акцияда. Мәскеу, 8 наурыз 2012 жыл.


Жоба авторларының айтуынша, интернет-телеарнаның кәдімгі арналардан айырмашылығы - бағдарламаны көрерменнің өзі таңдайды. Негізінен қоғамдық-саяси бағдарламалар көрсетілмек.

Жаңа арна жұмысын қыркүйек айынан бастайды. Бағдарламалар халық ақшасына жасалғандықтан, оларды басқа арналарда көрсетуге тыйым салынбайды. Ақпарат бойынша, «НТВ», «Эхо Москвы», «РЕН ТВ» сияқты телеарналардың танымал журналистері бұл жобаға қатысуға ниет білдірген.

Алайда Ресейде бұл жобаны сынайтын азаматтар да бар. Тележүргізуші Антон Красовский:

- Қоғамдық телеарна баяғыдан бар және оны құрған Дмитрий Гудков емес. Ол - YouTube. Азаматтардан келісетіндерді немесе келіспейтіндерді қаржыландыруды талап етпей-ақ, оған (YouTube-ке – ред.) сансыз контентті тегін салуға болады, - дейді.

Ал «Русский репортер» журналының бас редакторы Дмитрий Соколов-Митрич «Жоба таза саяси мазмұнда болса, адамдар одан тез жиренеді» деп, интернет-жобаның болашағына күмән келтірген.

«ӨЗІМ ТҮСІРЕМІН, ӨЗІМ ЖАЗАМЫН»

Ресейде қоғамдық арна жоқ. Алайда сарапшылар 2010 жылы құрылған «Дождь» телеарнасының форматы қоғамдық телеарнаға ұқсайтынын айтады. Бұл интернет-телеарнаның өзге арналардан едеуір айырмашылығы бар.
«Дождь» телеарнасының логотипі

«Дождь» телеарнасының логотипі


Тәулік бойы хабар тарататын арнадағы бағдарламалардың жартысы (12 сағаты) тікелей эфирде өтеді. Журналистері блогшылар секілді «Өзім түсіремін – өзім жазамын» деген принциппен жұмыс істейді. Онда оператор, видеоинженерлер жоқтың қасы. Эфирде - негізінен жаңалықтар, дөңгелек үстелдер (талқылаулар) және авторлық бағдарламалар.

Ресейдегі шерулерден бұл арна тікелей және үздіксіз трансляция жасады. Бірақ интернетпен тарайтын арна кедергіге ұшырап келеді. Телеарнаға DDoS -шабуыл маусым айында да жасалған.

«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ИНТЕРНЕТ-ТЕЛЕАРНА»

Қоғамдық телеарна Қазақстанда да жоқ. Оны құру идеясын 2006 жылы ақпанда қастандықтан опат болған саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы көтерген еді. Алайда қазір бұл тақырып билік тарапынан қозғалмайды.

Қазақстанда оппозициялық интернет-телеарна Stan.kz 2005 жылдан бері хабар таратып келеді. Эфирде - негізінен жаңалықтар, талқылау форматындағы бағдарламалар. Мазмұны - саяси.

Stan.kz видео-порталының продюсері Жұлдыз Төлеудің айтуынша, бұл жобаға да билік тарапынан жасалып отырған кедергілер көп. Соның бірі - әртүрлі DDoS -шабуылдар, интернет-кедергілер.
Stan.kz видео-порталының продюсері Жұлдыз Төлеу. Алматы, 11 қаңтар 2012 жыл.

Stan.kz видео-порталының продюсері Жұлдыз Төлеу. Алматы, 11 қаңтар 2012 жыл.


- 2011 жылы жазда біздің порталға шабуылдың DDoS-тан басқа түрі жасалып, порталымыз толық істен шығып қалды. Порталды қалпына келтіре алмадық. Жаңадан жасаған дүниелеріміздің барлығы биыл қаңтардың 18-інде DDoS -шабуылға ұшырап, әлі оны жөндей алмай отырмыз, - дейді порталдың продюсері.

2011 жылы қыркүйек айында Алматының әкімшілік істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған соты Алмалы аудандық санитарлық-эпидемиологиялық станцияның шығарған қаулысын қолдап, Stan.kz иесі - «Стан-продакшн» кеңсесін жабуға шешім шығарды.

Санитарлық-эпидемиологиялық станция «Стан-продакшн» кеңсесіндегі температура мен электромагниттік сәуле деңгейі шекті мөлшерден көп екендігі, ал интернет-провайдердің хабар таратып-қабылдайтын құрал-жабдығы адамдар денсаулығына зиянды әсер ететіні туралы шағым түсіріп, соттан кеңсе қызметін тоқтатуды сұраған еді.

Жұлдыз Төлеудің айтуынша, сол жолы жабылған кеңсе 2012 жылы көктемде бірақ ашылған. Оған дейін бұл интернет-телеарнаның журналистері «көшелерде, Wi-Fi ұстайтын жерлерде» жұмыс істеуге мәжбүр болған.

2011 жылы қыркүйектің 29-ында Қазақстан билігі тарапынан видео-порталға жасалған қысымдарды «Шекарасыз тілшілер» халықаралық құқық қорғау ұйымы айыптады.
Stan.kz видео-порталының Жаңаөзен оқиғасы туралы сюжетінен скрин-шот.

Stan.kz видео-порталының Жаңаөзен оқиғасы туралы сюжетінен скрин-шот.


Сол жолы «Шекарасыз тілшілер» құқық қорғау ұйымы «Ел билігі Stan.kz журналистері мен олардың әріптестерін қудалауды дереу тоқтатуы керек. Мұндай жалған әділет жүйесі арқылы Қазақстанның әлемдегі беделіне нұқсан келеді» деп мәлімдеген еді.

Қазір түрлі кедергілерге қарамастан, Stan.kz видео-порталы жұмысын жалғастырып келеді.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ «СӘТСІЗ ИНТЕРНЕТ-ЖОБАЛАР»

Қазақстан мамандары әзірге интернеттегі тәуелсіз жобалардың бәрі сәтімен іске аса береді дегенге сенбейді.

Мамандардың айтуынша, 2000-жылдардың басында Қазақстанда «ДАТ», «Іңкәр-инфо» радиосы сияқты сырттан хабар тарататын интернет-жобалар болған. Алайда көп ұзамай бұл радиолар жабылған.

«Іңкәр-инфо» интернет-радиосы жобасының авторы, тәуелсіз журналист Сергей Дувановтың айтуынша, «бұл радиоға тосқауыл қойылғаны соншалықты - оны тек Прага, Лондоннан ғана тыңдау мүмкін болған».

- Шетелден тәуелсіз интернет-телеарна ашуға ешкім кедергі келтірмейді. Бірақ оған тек интернетті мықты меңгерген қолданушылар ғана кіре алатындай тосқауыл қойылады. Биліктің бұған мүмкіндігі бар. Мысалы, «Республика» порталы – мазмұны ең қызықты интернет-ресурс. Бірақ оны қарайтындар тосқауыл қойылмаған сайттарды ашатындардан әлдеқайда аз, - дейді Сергей Дуванов.
Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов. Алматы, 1 маусым 2011 жыл.

Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов. Алматы, 1 маусым 2011 жыл.


Оның айтуынша, «елдегі тәуелсіз және оппозициялық БАҚ-тың қазіргі жағдайы - өлместің күні».

- Саяси режим ауыспай, тосқауылдар жалғаса береді, - дейді журналист Дуванов.

«ВИРТУАЛДЫ КҮРЕС»

Кейбір мамандардың айтуынша, билік интернетті қанша бақылауға тырысқанымен, интернет - оппозициялық идеяларды тарататын негізгі ошақ.

Жабылған оппозициялық сайттар тосқауылды айналып өтудің түрлі жолдарын тауып, әлеуметтік желілердің де мүмкіндіктерін пайдалануға тырысып отыр. Бірақ әзірге сәтімен іске асқан жоба жоқ дейді мамандар.
Журналист Қарлығаш Еженова.

Журналист Қарлығаш Еженова.


Қазақстанда 2010 жылы «Виртуалды партия» да құрылды. Партия мүшелерінің бірі Қарлығаш Еженованың айтуынша, қазір ол партия «қағаз жүзінде - бар, іс жүзінде - жоқ».

- Мүмкін, [партияның] нақты идеологиялық концепциясы болмаған шығар. Тіпті идеологиялық та емес, философиялық концепция болмағаннан кейін шығар. Бірақ соған қарамастан, бастама жемісін берді. Өзара пікірлес адамдар тобы пайда болды. Идеяның дамуына қозғау салды. Ол бәрібір қандай да бір формада жүзеге асатын болады. Бәріне уақыт керек. Тым жетілмей жатып ерте қолға алып қойдық, - дейді Қарлығаш Еженова.

2012 жылы сәуір айында бір топ қоғамдық белсенді Facebook әлеуметтік желісінде «Қазақстанның азаматтық үкіметін» құратындарын айтқан еді.

Осы «үкіметтің» «Қазақстанның азаматтық үкіметі» белсендісі, сәулетші Ләйла Рахымжанова.

«Қазақстанның азаматтық үкіметі» белсендісі, сәулетші Ләйла Рахымжанова.

​белсендісі, сәулетші Ләйла Рахымжанованың сөзіне қарағанда, қазір виртуалды үкімет құрылып бітпеген, ұйымдастыру мәселелері шешіліп жатыр.

Оның айтуынша, бұл топ қазір жұмысын жабық түрде жалғастыруға мәжбүр.

- Неге біз топты жабық қылдық? Көптеген тролль, фейк-аккаунттар кіріп, топты бұзуға тырысады. Қандай да бір пайдалы нәрсе жасайын деп, жұмыс арасында бірнеше минут табуға тырыссам, олар жобаны бүлдіруге тырысады. Бұл кедергілер болмағанда, бәлкім, қазір құрылып та үлгерер ме едік. Билікті сынап отырмыз ғой. Ал билік сынды қабылдай алмайды. Бізді құрылмай жатып жауып тастауы мүмкін. Сондықтан әзірге жабық қылдық, - дейді Ләйла Рахымжанова.

«СЫННЫҢ ДА ӨЛШЕМІ БОЛУЫ КЕРЕК» ДЕЙДІ ДЕПУТАТ

Ал мәжіліс депутаты Владислав Косарев «интернет-сайттар мен газеттерді қанша Владислав Косарев "Хабар" телеарнасынан сөйлеп тұр. Алматы, 12 қаңтар 2012 жыл.

Владислав Косарев "Хабар" телеарнасынан сөйлеп тұр. Алматы, 12 қаңтар 2012 жыл.

жапқанмен, адамдарды басқаша ойлатуға биліктің шамасы жетпейді» деген пікірде.

Бірақ ол «Әр нәрседе өлшем бар. Сынның да өлшемі болуы керек» дейді. Депутаттың айтуынша, «біз авторитарлық мемлекеттен шыққанымызды ескеруіміз керек».

- Сіз биліктің жағымсыз жағын көрсететін ақпаратты тарата аласыз. Ал егер ар-намысқа тиетін ақпарат таратсаңыз, ондай ақпаратты жібермейді... Билік сынға тойтарыс береді. Ал сын шындықтан құралуы керек. Оны жұртқа жеткізу керек. Сын талассыз болуы керек. Сонда ғана қандай да бір нәтиже болады. «Билік қысып жатыр», «жібермейді», «рұқсат бермейді» дейді. Менің ойымша, күрестің өзі сол ғой. Біздің өзіміз осы күрес алаңына шықтық. Мен бұл жолда тұрғаныма өкінбеймін, күресіп жатырмыз, - дейді Владислав Косарев.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG