Accessibility links

Кремль «өзгеше ойлайтындармен» күресіп жатыр


Құқық қорғаушылар Ресейде адам құқығын шектейтін заңдар қабылданып жатқанын айтады. Олардың сөзінше, қазір ол елде еркін ойлы азамат болу тиімді емес.

Өткен демалыста Ресей президенті Владимир Путин қол қойған заңға сәйкес, «біреудің діни сенімін қорлаған» адам енді заңмен жазаланады. Әлдекімге әлеуметтік желіде тіл тигізген кісі онлайн ғайбатқа тыйым салатын, түсініксіздеу жазылған заң бойынша жауап береді. ЛГБТ белсенділері «гомосексуалдықты насихаттау» туралы заң қабылданғанын біле жүрсін.

Бұдан былай фашистік Германияға қарсы соғысқандарды сынағандар қылмыскер деп танылып, айыппұл төлейді, не түрмеге қамалады.

Тағы да осындай сипаттағы заңдар Ресейдің көптеген аймақтарында күшіне енді.

Жақында қабылданған заңдар тобы зиялы қауымның көңілін қалдырды. Еуропалық кеңес баяндамасында ол заңдар «үрей атмосферасы» деп аталған күйді таратқанын айтады.

Советтік кезеңдегі диссидент, қазіргі адам құқын қорғау белсендісі Виктор Красинның айтуынша, ол соңғы жылдары Думада қабылданған, кез келген адамды тұтқындауға болатын заңдардың кең көлемді операциясына куәгер болып отыр.

– Енді билікті сынасаңыз, «адамдар арасындағы жаулықты өршітті» деп айыпталасыз. Бұл баяғы Сталин немесе Хрущев заманының (советке қарсы) заңдары сияқты, тек сөйлемдердің құрылымы ғана өзгерген, – дейді ол.

ПУТИННІҢ ҚҰРАЛЫ

Мұндай заңдардың соңғы мысалы ретінде мемлекеттік думаға биліктегі «Біртұтас Ресей» партиясы атынан Ирина Яровая ұсынған заң жобасын атауға болады. Күзде талқыланатын заң жобасы бойынша, қызметтік лауазымын пайдаланып, не бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) арқылы фашистік коалицияға қарсы армияның әрекеті туралы «көпе-көрнеу лақап таратқандар», ол армияны «қылмыс жасады деп айыптағандар», не «айыптау дәлелін қолдан жасағандар» 500 мың рубль шамасында айыппұл төлейді, я бес жылға түрмеге қамалады.

Маусымның 26-сы Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) БАҚ еркіндігі бойынша өкілі заң жобасына қарсы мәлімдеме жасап, «қоғам
Ресей президенті Владимир Путин мен тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкин кездесіп отыр. Мәскеу, 21 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Ресей президенті Владимир Путин мен тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкин кездесіп отыр. Мәскеу, 21 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
қызығатын мәселе туралы жан-жақты ақпарат алуға тиіс, кез келген тарихи оқиға туралы әртүрлі пікірлер болғаны заңды» деп мәлімдеді.

Советтік кезеңде бөгде ойлайтындарды басып-жаншу Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) міндеті болса, президент Владимир Путин қазір сол мақсатқа Александр Бастрыкин басқаратын тергеу комитетін пайдаланады.

Биыл сәуір айында халықаралық деңгейде мойындалған экономист Сергей Гуриев тергеушілер кеңсесін тексеріп, электрондық хаттарын алып кеткен соң Парижге қашып, бас сауғалады. Гуриев олигарх Михаил Ходорковскийдің екінші рет түрмеге кесілуін сынаған сарапшылар тобында болғаны үшін, президенттік адам құқығын қорғау кеңесіне хат жазғаны үшін тергеуге ұшыраған сияқты. Кеңеске арнап материалдар дайындаған басқа сарапшылар да тергеу комитетінің назарына ілікті. Жақында, маусымның 24-і күні Бастрыкиннің тергеушілері конституциялық соттың бұрынғы төрағасы, Ресей конституциясы авторларының бірі Тамара Морщакованы шақырды.

«ЖАҢА КЕЗЕҢ»

Экономист Михаил Дмитриев «Ведомости» газетіне жариялаған мақаласында жоғарыда айтылған сарапшылардың ісін «жаңа кезең» деп атап, «саяси мәнге ие болмаса да, басқаша ойлау қылмыс ретінде жазаланатын сәт келді» дейді. Дмитриевтің жазуынша, Ресейдің әлеуметтік шиеленісі биліктегі топ пен зиялылар арасында жүріп жатыр.

Пермь қаласындағы өнертанушы, қазіргі өнер мұражайының бұрынғы басшысы Марат
Өнертанушы Марат Гельман. 30 мамыр 2013 жыл.
Өнертанушы Марат Гельман. 30 мамыр 2013 жыл.
Гельманға да қауіп төніп тұр. Гельман Пермь қаласын Испаниядағы Бильбао сияқты халықаралық мәдениет орталығына айналдыруды ойлаған.

«Ақ түн» мерекесін атап өту кезінде Гельман ұйымдастырған үш көрме Мәскеудегі биліктің көңіліне жақпай, оны 2012 жылдың маусымында мұражайы жетекшісі қызметінен босатты. 2014 жылы Сочиде өтетін қысқы олимпиадаға қатысты олимпиада сақинасын жендеттің арқаны етіп бейнелеген туындылар биліктің ызасын тудырды. Билік өкілдері «Ақ түн» фестивалін аудиттік тексерістен өткізді. Гельманның қылмыстық жазаға ілінуі де ғажап емес.
«Путинді үлгі тұтамын» деп айғайласаңыз да, тыныш ұйықтай алмайсыз.

«Путин Кремльге үшінші мәрте оралған соң Ресейдегі зиялылар тағдыры күрт өзгерді» дейді Марат Гельман. Оның айтуынша, бұрын Кремль штабы жетекшісінің орынбасары болған Владислав Сурков әлеуметтік және саяси жағдайларды қадағалау міндетін шеберлікпен атқарып, зиялылар арасындағы басқаша ойлайтындарға төзімділік танытты.

ҮРЕЙ ОШАҒЫ

Бірақ 2013 жылдың басында Путин президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары қызметінен Владислав Сурковты алып, орнына екпіні қатты Вячеслав Володинді қойды.

– Володин бәрін өзгертті. Ол «бізбен бірге болмасаңдар, бізге қарсысыңдар – не бізбен біргесіңдер, не жаусыңдар» деген көзқарас ұстанады. Қазір
Ресей президенті әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Вячеслав Володин. Мәскеу, 27 желтоқсан 2011 жыл.
Ресей президенті әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Вячеслав Володин. Мәскеу, 27 желтоқсан 2011 жыл.
бәрі екі лагерьге бөлініп кеткен. Бұл Ресейдегі үрейдің ошағы болып тұр. Қазір тіпті Кремльге жақын жүргендердің өзі қорқыныштан ада емес. «Путинді үлгі тұтамын» деп айғайласаңыз да, тыныш ұйықтай алмайсыз, кез келген уақытта режимге опасыздық жасаған адам болып шыға келуіңіз мүмкін, – дейді Марат Гельман

Кремльдің зиялыларға қарсы әрекетін кино өндірісінен де байқауға болады. Мамыр айында Сочидегі ресми тұлғалармен кездескен Путин мемлекет тек «ұлттың өз тарихына мақтанышын туғызатын фильмдерді ғана қолдайтынын» айтты. Маусымның 18-і күні мәдениет министрі Владимир Мединский тарихи тақырыпқа арналған кино жобаларын бағалап, қаржыландыру туралы шешім қабылдайтын кеңес құрылғанын мәлімдеді. 20 маусымда ғарышкер Юрий Гагарин туралы мемлекеттің қолдауымен түсірілген биографиялық фильм советтік идеяны мадақтағаны үшін көрермендердің сынына ұшырады.

Татар режиссері Рамиль Тухватуллин Кремльдің мақсаты тарихты бір жағынан ғана сипаттайтын фильм түсіру екенін айтады.

– Сергей Эйзенштейннің «Иван Грозный» деп аталатын классикалық туындысы
Режиссер Рамиль Тухватуллин.
Режиссер Рамиль Тухватуллин.
бар. Онда орыстардың Қазанды басып алып, татарларды шабуылдап жатқаны көрсетіледі. Егер қақпаның бергі жағында не болғанын сипаттайтын фильм түсірсек, Мәскеу оны «ұлтаралық алауыздықты қоздыру» деп атар еді. Сондықтан біз ешқашан ондай фильм түсіре алмаймыз, Мәскеудің өз тәртібі бар, – дейді режиссер.

Орыс зиялыларының бәрі «экономист Сергей Гуриев немесе гроссмейстер Гарри Каспаров сияқты Ресейді тастап кетеміз бе, әлде Pussy Riot феминистік панк-рок тобы немесе блогер Алексей Навальный сияқты қылмыстық қудалауға ұшырау қаупі болса да, елде қаламыз ба» деген таңдаудың алдында тұрған тәрізді. Перьмнен кеткісі келмейтін өнертанушы Гельман да осы таңдаумен бетпе-бет келді.

– Көрерміз. Жұрт менен үнемі «Гуриевтің жолын ұстанасыз ба, әлде Навальный сияқты боласыз ба?» деп сұрайды, – дейді ол.

Роберт Коалсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан
XS
SM
MD
LG