Accessibility links

Пермьдегі ГУЛАГ мұражайына қысым күшейді


Мұражайға айналған «Пермь-36» лагері аумағындағы тікенек сымтемір.

Мұражайға айналған «Пермь-36» лагері аумағындағы тікенек сымтемір.

«Пермь-36» саяси репрессиялар мұражайында сталиндік террор сұмдықтарын кішірейтіп көрсету - Путин Кремльге оралғаннан бері Ресейдің Орал өңірінде болып жатқан өзгерістердің бірі ғана.

Пермь, Ресей. Жер бетінде Сталин заманындағы репрессияның символы болған ГУЛАГ лагерьлерінің барактары сол күйі сақталған жалғыз ғана орын бар. Бұл - Оралдағы «Пермь-36» лагері.

1988 жылы лагерь жабылғаннан кейін жергілікті тарихшылар сталиндік қуғын-сүргінге арналған бұл мұражайды бұрынғы қалпына келтіре бастады.

«Пермь-36» лагері.

«Пермь-36» лагері.

Бірақ қазір мұражай кітапшасына көз жүгірткен адам «Сталин», «диссидент» немесе «ГУЛАГ» деген сөздердің мүлде жоқ болып кеткенін көріп қайран қалады.

Мұражайдың көрме қызметі кураторы ретінде жуырда тағайындалған Елена Мамаева «Біз саяси реңкті жұмсартуға тырысып жатырмыз. Сондықтан лагерьде жазасын өтеген нақты тұлғалар мен Сталинді бағалау сияқты жайттарды қозғамай, көбінесе мұражайдың архитектуралық ансамблі жөнінде айтуға тырысамыз. Өйткені бұл әзірше саяси тұрғыдан онша дұрыс емес» деп түсіндіреді.

Ресейдегі Сталин заманынан қалған жалғыз ГУЛАГ музейі - «Пермь-36» мұражайындағы өзгерістер либералдық ортада наразылық тудырды. Бұл өзгерістер - 20 жыл бойы мұражайдың жұмысын жүргізіп келген бір топ тарихшының еңбегін телевидениенің көмегімен жоққа шығарып, ашықтан ашық беделін түсіру әрекеттерінің нәтижесі. Қазір мұражай тарихты «шындық» тұрғысынан көбірек көрсетуге «уәде» еткен мемлекеттік ұйымның құзырына өткен.

Бұл өзгерістер Кремль мен Батыстың Украинаға қатысты араздығы ушыққан тұста болып жатыр. Қазір елде «патриотизм» бұрын-соңды болып көрмеген шырқау шегіне жетті. Путин мен Сталиннің рейтингі рекордтық көрсеткішке жетті.

Бірақ бұрынғы либералдық аймақтағы өзгерістер, оның ішінде «Пермь-36» мұражайы үшін күрес Украина дағдарысынан бұрын - 2012 жылы Владимир Путин үшінші мәрте билікке келгеннен кейін басталды.

Мұражайды басқарған «Пермь-36» коммерциялық емес ұйымы жетекшісі Виктор Шмыров «Олар Пермьді Ресейдің қатардағы аймағына айналдырғысы келеді» деп санайды.

ПЕРМЬ - ЛИБЕРАЛИЗМ ТІРЕГІ

Ал Пермьнің Ресейдің қатардағы аймақтарына ұқсамайтын өзгешелігі бар.

1990 жылдары жұрт Пермь қаласын «Ресей азаматтық қоғамы астанасы» деп атайтын. Кезінде Орал өңірі либерализм күшті дамыған аймақ ретінде ерекшеленген. Мысалы, өзін-өзі таратып жібергенге дейін Оңшыл күштер одағының (Союз Правых Сил - СПС) саяси блогы Ресейдің қалған аймақтарымен салыстырғанда, Пермьде үш есе көп дауыс жинайтын. (Жуырда қастандықпен өлтірілген оппозициялық саясаткер Борис Немцов СПС жетекшілерінің бірі болған).

Бұрын азаматтық қоғам да жергілікті билікпен тығыз байланыста жұмыс істеген. Алғашқы төрт губернатор Шмыровтың «Пермь-36» мұражайын ұдайы қаржыландырып отырған. Оның үстіне, жыл сайын өтетін «Пилорама» саяси-мәдени форумын қаржыландыруға ақша бөлінетін. Бұрынғы «Пермь-36» лагері территориясында өткізілетін форумға оппозициялық қайраткерлер мен «ДДТ» тобының жетекшісі Юрий Шевчук сияқты рок-жұлдыздар қатысатын. Жұрт форумды оппозиция фестивалі деп санайтын.

«Пермь-36» коммерциялық емес ұйымының жетекшісі Виктор Шмыров.

«Пермь-36» коммерциялық емес ұйымының жетекшісі Виктор Шмыров.

Бұдан бөлек Пермьде ерекше мәдени шаралар, әсіресе жұртқа ерекше танылған стрит-арт сияқты жобалар көп өтетін.

2012 жылы Дмитрий Медведевтің билігі аяқталар тұста отставкаға кеткен губернатор Олег Чиркуновтың қолдауымен атақты арт-менеджер Марат Гельман қазіргі заман өнеріне арналған әрі қоғамда жергілікті «мәдени революция» деген атау алған фестивальдер мен көрмелер өткізген.

2012 жылы губернатор болып тағайындалған Виктор Басаргиннің үш жылға жетпеген билігі тұсында бұл жобалардың көбі тоқтап қалды.

Жергілікті билік қаржыландырудан бас тартқан соң жазда «Пилорама» форумы өтпей қалды. Пермьдегі «Грани» азаматтық талдау және тәуелсіз зерттеулер орталығы «шетел агенті» деп танылды. Егер апелляциялық шағымнан нәтиже шықпаса, орталық өзін-өзі тарататынын хабарлады.

Былтыр Сочи олимпиадасын әжуалаған көрме өткізгеннен кейін Пермьдегі қазіргі заман өнері мұражайы директоры Марат Гельманды қызметінен алып тастаған.

Экономикалық дағдарысқа байланысты бюджеттен бөлінетін қаржы біртіндеп қысқара бастаған соң Гельман өткізіп жүрген фестивальдерді қаржыландыру да тоқтады.

Экономикалық дағдарыс аймақтық БАҚ-қа да соққы болып тиді. Былтыр жарнамадан түсетін кіріс күрт азайғандықтан, қаржыдан таршылық көрген пермьдік БАҚ жергілікті биліктің ығына жығылуға мәжбүр болған.

«ОРАЛ ЕҢБЕКШІЛЕРІ СТАЛИНДІ АРДАҚТАЙДЫ!»

Бірақ қысымның күшейгені әсіресе «Пермь-36» мұражайын тартып алудан көрінді.

Қарсыластарының сүйеушілері Пермь емес, Мәскеудегі консервативтік клан өкілдері екеніне сенімді Шмыров «Мына тайталасқа мықты дөкейлердің қатысы бар. Бәрі Кремльде отыр» дейді.

Бұл проблемалардың бәрі 2013 жылы Кремль Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларында және жұмыс істеп тұрған мұражай негізінде Пермьде, федералдық деңгейдегі үш ГУЛАГ мемориалдық орталығын құрып, қаржыландыратынын мәлімдегеннен кейін басталған.

«Пермь-36» лагері.

«Пермь-36» лагері.

Пермь билігі мұражайдың шаруашылық істерімен айналысатын мемлекеттік ұйым құрып, оны қаржыландыруға 600 миллион рубль бөлген. Мұражайды басқару Шмыровтың ұйымы құзырында қалған, ал мемлекеттік ұйым директоры болып тарихшы әрі Шмыровтың әйелі Татьяна Курсина тағайындалған.

Бірақ мамырда себебін айтпастан Курсинаны жұмыстан босатқан. Кейін Шмыровтың ұйымына «билікке 500 мың рубль ақша қарызсыңдар» деп ескерткен. Шмыров бұл қарызбен келіспейді.

Кейін мұражай мемлекеттік инспекция тарапынан үздіксіз тексеруге, ал келушілер агрессиялық әрекеттерге ұшырады. Мысалы, былтыр шілдеде полициямұражайға келген неміс делегациясы құжаттарын тексерді.

Сол айда құқық қорғаушылардың наразылығы президент Владимир Путиннің құлағына жетіп, ол мұражайды қалдыруға бұйрық берген.

Бірақ Шмыров пен жергілікті билік арасындағы тайталас мұнымен бітпеген. Наурыздың 2-сі күні жағдайды өзгерте алмайтынын түсінген әрі қарыздан титықтаған Шмыров ұйымды тарату туралы шешімін жариялады.

Шмыров «Қазір ештеңе істей алмаймыз. Бізден мұражайды ғана емес, онда тұрған мүлікті де тартып алды. Есеп-шотымызда бір тиын ақша жоқ. Мойнымызға қыруар қарызды іліп қойды, қарызға қатысты соттасуға болады. Міне, осындай жағдай. Бұдан әрі жұмыс істей алмаймыз» дейді.

Наурыздың 11-і күні «Дождь» телеарнасы «мәдениет министрлігі мұражайдың қарызын жоюы» мүмкін деп хабарлады. Бірақ бір аптаға жетпей әділет министрлігі Шмыровтың ұйымы «шетел агенті» болуы мүмкін деген күдікпен тексеру жүргізетінін мәлімдеді.

"Пермь-36" мұражайындағы "Гулаг: Тарих. Еңбек. Өмір" көрмесі.

"Пермь-36" мұражайындағы "Гулаг: Тарих. Еңбек. Өмір" көрмесі.

Ал жаңа басшылық «Пермь-36» территориясында мұражайдың жұмыс бағытына сай келмейтін бірқатар іс-шаралар өткізуді жоспарлап қойды. Оның ішінде «Фашизмге жол жоқ!» мемориалдық акциясы, «Әдебиет жылына» арналған шара бар. Тағы бір шара қазір Кремль ұлтшылдық көзқарастарын көп пайдаланатын совет диссиденті, ГУЛАГ тұтқыны әрі жазушы Александр Солженицынның туған күніне арналған.

Шмыров командасының сталиндік репрессия құрбандары рухына арналған жобалары тоқтатылған.

Бірақ Сталинге қатысты естеліктердің бәрі бірдей жойылмаған. Мұражайда Шмыровтың тұсында жиналған совет лагерьлеріне арналған экспозиция әлі тұр. Мұнда Сталиннің үлкен портреті мен репрессия құрбандарына қатысты жан түршіктіретін деректер бар.

Мұражайдың көрме қызметі кураторы Мамаева «Біз дәл осы көзқарасты ұстанамыз. Біз біреуді жақтап немесе даттағымыз келмейді. Біз шындыққа дәнекер болғымыз келеді. Бұрынғы қызметкерлердің, мемлекеттің көзқарасы, саяси тұтқындардың пікірі жария болса дейміз» деп түсіндіреді.

Бірақ оның қай «шындықты» айтқаны түсініксіз. Пермь мәдениет басқармасы өкілдері Азаттыққа сұхбат беруден бас тартты. «Бұл жанжалда небәрі пешкамын» деген уәжбен мемлекет мұражай директоры етіп тағайындаған Наталия Семакова да сұхбат беруден басын алып қашты.

Пермьдегі «Орал еңбекшілері Сталинді ардақтайды!» деп жазылған билборд.

Пермьдегі «Орал еңбекшілері Сталинді ардақтайды!» деп жазылған билборд.

«Левада» орталығы жүргізген сауалнамаға сәйкес, қазір Сталиннің танымалдығы бұрын-соңды болмаған деңгейге өскен. Қазір ресейліктердің жартысынан көбі Сталин Ресей тарихында «жағымды рөл» атқарды деп санайды.

Пермьде Сталиннің портреті бейнеленген және «Орал еңбекшілері Сталинді ардақтайды!» деп жазылған жарнамалар ілінген.

Бірақ жүрегіне операция жасатқан Шмыровтың бір кездері мұражай бұрынғы қалпына келер деген әлсіз үміті бар. Ол «20 жылда бұл елде көп нәрсе өзгерер. Ерте ме, кеш пе - саяси репрессиялар тарихы мұражайы бұрынғы қалпына келеді деп ойлаймын. Бірақ біз ол кезге дейін мына өміде болмайтын шығармыз» дейді.

(​Том Бэлмфорттың мақаласы орыс тілінен аударылды)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG