Accessibility links

Ресей билігінің «қара тізіміне» миллиардер Прохоров қосылды


Михаил Прохоров Баспасөз мәслихатында. Мәскеу, 11 тамыз 2011 жыл.

Михаил Прохоров Баспасөз мәслихатында. Мәскеу, 11 тамыз 2011 жыл.

Михаил Прохоров өзін партияға қайта шақырған «Правое дело» мүшелерінің өтінішін елемеді. Ал Ресей телеарналары магнаттың жақтастарын сынайтын хабарлар көрсетіп жатыр.


Ресейдің мемлекет бақылауындағы бұқаралық ақпарат құралдары бизнес магнаты Михаил Прохоров туралы бұған дейінгі «жалынды хабарларын» бірден тоқтатты.

Оның орнына миллиардердің жақтастарын сынайтын хабарлар көрсетіліп жатыр. Нысанаға алынған адамдардың арасында танымал әнші Алла Пугачева, есірткіге қарсы күресте аты шығып, дауға іліккен Евгений Ройзман да бар.

«ПРОХОРОВ КРЕМЛЬДІ АШУЛАНДЫРДЫ»

Михаил Прохоров өткен аптада Кремль қолдау білдірген «Правое дело» партиясы төрағалығынан кетіп, Ресейдің саяси басшылығын әлекке салған
"Правое дело" партиясының жетекшісі Михаил Прохоров (сол жақта), Ресей президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Владислав Сурков (ортада) және Ресей президенті Дмитрий Медведев. Сочи, 29 тамыз 2011 жыл.

еді. Прохоров Ресейдің партиялық жүйесін «қолдан жасалған» деп атап, президент Дмитрий Медведевтің әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Владислав Сурковты Кремльден тыс жерде ел саясатына қатысты әрекеттерді ұйымдастыратын «бас қуыршақ» деп айыптады.

Сарапшылардың мәлімдеуінше, Ресей билігі либералды реформашыл сайлаушылардың дауыстарын алу мақсатында қазіргі режиммен достық қарым-қатынастағы «Правое дело» партиясын қолдаған. Осыдан үш ай бұрын ғана Кремльдің алқауына ие болған партия жетекшісі, миллиардер Михаил Прохоровтың ендігі тағдыры қалай болары белгісіз.

– Прохоров әу дегеннен Ресейдегі ықпалды адамдардан тәуелсіз болды. Оған партия мен науқанды басқаруына рұқсат етілді, бірақ істі қалай жүргізуіне ерік берілмеген еді. Әрине, Прохоровтың кей әрекеттері биліктегі қолдаушыларының идеяларына қайшы келген болар, – деді Мәскеудегі Карнеги орталығының талдаушысы Маша Липман.

Қыркүйектің 15-інде Прохоров «Правое дело» партиясы басшылығынан кетіп, өз жақтастарын да бұл партияның қатарынан шығуға шақырды. Оның бұл мәлімдемесі жазылған видео интернетте жарияланды. «Правое дело» партиясы абырой-сенімін жоғалтты» деп мәлімдеген Михаил Прохоров жақтастарын жаңа саяси қозғалыс, одан кейін партия құруға шақырды.

«АТТАРЫН АЙТУҒА БОЛМАЙТЫН» АДАМДАР

«Коммерсант» газетінің шолушысы Арина Бородина Азаттық радиосының орыс қызметіне берген сұхбатында «телеарналарда Прохоровтың образына қатысты таңқаларлық өзгеріс болып жатқанын» айтады.

– Меніңше, Кремльдің Прохоровқа байланысты оқиғаны қамтуға тыйым салуы – өте қатаң шара. Қыркүйектің 15-і күнгі кешкі бағдарламаларда Прохоровтың аты аталмауы – таңқаларлық жайт. Сол сияқты қуғындағы олигарх Борис Березовский, оппозиция жетекшісі Михаил Касьянов, түрмедегі мұнай магнаты Михаил Ходорковскийлердің де аттары аталмайды. Олар сөз етуге тұрарлық адамдар емес сияқты, – дейді Арина Бородина.

Қыркүйектің 16-сы күні НТВ телеарнасынан Прохоровтың жақтасы Ройзманның «бұрынғы қылмыстық әрекеттері – ұрлығы мен алаяқтығы туралы» деректі фильм көрсетілді.

Михаил Прохоровтың отставкасынан бірнеше күн бұрын «Правое дело» партиясына қосылған танымал әнші Алла Пугачева «қаржы пирамидасына қатысы бар» деп айыпталды. Пугачева Кремльдің ресми
Әнші Алла Пугачева мен "Правое дело" партиясының басшысы Михаил Прохоров партия съезінде. Мәскеу, 15 қыркүйек 2011 жыл.

өкілі Сурковты «жынды» деп атап, Прохоровты жақтаған еді. Қыркүйектің 18-інде «Алла, бізге миллион бер!» деп аталатын деректі фильм теледидардан көрсетілді.

«МОНОПОЛИЯЛАНҒАН САЯСАТ»

Бұқаралық ақпарат құралдарында «Михаил Прохоров та бизнесмен Михаил Ходорковский сияқты түрмеге қамалуы мүмкін» деген алыпқашпа әңгімелер шықты. Ал Прохоров биліктің қудалауынан қорықпайтынын айтты.

Сарапшы Липманның айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарының Прохоровқа байланысты көзқарасы бір түнде өзгеруі «нағыз шындықты айғақтайды».

– Қандай да бір саяси шиеленістер болғанмен, бір нәрсе өзгеріссіз қала береді. Ол – атқарушы билік басшылығы монополиялаған саяси сахна. Олар не істейміз десе, солай болады, – дейді Липман.

Желтоқсанның 4-інде Ресейде Мемлекеттік дума сайлауы өтеді. Осыны ескере отырып, «Правое дело» партиясының кей мүшелері Прохоровты партия басшылығына қайта оралуға шақырды. Бірақ миллиардер бұл шақыруға елікпейтінін айтты.

Михаил Прохоров пен Кремльдегі қолдаушылары арасындағы қарым-қатынастың бұзылуына нақты не себеп болғанын сарапшылар білмей отыр. Біреулер «Прохоровтың Ройзманды қызметке алуы Кремльді ашуландырды» десе, енді бірі «Прохоровтың ұлтшыларды партияға тартуы себеп болды» дейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG