Accessibility links

Татарстан жемқорлықпен «өтірік детекторы» арқылы күреспек


«Өтірік детекторы» арқылы тексеру. Көрнекі сурет.

«Өтірік детекторы» арқылы тексеру. Көрнекі сурет.

Қазан қаласының әкімшілігінде лауазымды қызметкерлер ерікті түрде «өтірік детекторынан» өтуді жиілете бастады. Сынақтан өтпей қалғандардың кейбірі жұмыстан да шығарылған.


Көрші Ресейде елді жаппай жайлаған жемқорлықтың жолын кесу үшін шенеуніктерді «өтірік детекторы» арқылы тексеріп, сынақтан өткізіп отыру мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып келеді.

«ӨТЕ ӘДІЛ ҚҰРЫЛҒЫ»

Қазан қалалық әкімшілігіндегі «өтірік детекторының» жұмысына жауап беретін маман Олег Новиковтың айтуынша, бұл құрал адам ағзасын жан-жақты бақылау арқылы оның алдап отырғанын оңай анықтайды. «Бұл - өте әділетті құрылғы. Еркексің бе, әйелсің бе, жоғары лауазым иесісің бе, әлде қарапайым қызметкерсің бе - бәрібір, ол сұраққа жауап берген кездегі
Қазан қаласы әкімшілігіндегі «өтірік детекторы» арқылы тексеру, Татарстан.

ағзаның физиологиялық реакциясын қадағалайды», - дейді ол.

Биыл Ресей президенті Дмитрий Медведев полицияны реформалау туралы жаңа бастама көтеріп, барлық қызметкерлерді «өтірік детекторынан» өтуге міндеттейтін ереже қабылдау керек деген еді.

Жақында Ресей ішкі министрлігінің алты бірдей лауазымды тұлғасы детектордың сынынан өте алмағаны үшін қызметтен кетті, тіпті министр Рашид Нұрғалиевтің өзі осындай сынақтан өткенін айтты. Көрші елде бұл құралды жеке компаниялар да жиі пайдаланады. Мәскеу қалалық үкіметі де барлық шенеунікті полиграф арқылы сынақтан өткізуді міндеттейтін ереже қабылдау ниеті бар екенін жариялаған.

ЖЕР КОМИТЕТІНІҢ БАСШЫСЫ ҚЫЗМЕТІНЕН ҚУЫЛДЫ

Алайда Қазандағы «Агора» орталығының жетекшісі, адам құқықтарын қорғаушы Павел Чиковтың айтуынша, «өтірік детекторының» заңдық мәртебесі болмағандықтан, оны пайдалану арқылы шешім қабылдаудың өзі заңсыз саналады. Себебі полиграфтың қорытындысы бойынша қабылданған ұйғарымның қаншалық заңдық негізі болатыны түсініксіз. Барлық мемлекеттік қызметкерлердің детектордың «тергеуінен» өтуін
Детектордың ұйғарымымен «жалған сөйлеген» ондаған шенеунік қызметтерімен қоштасқан.

талап ететін заң жобасы Мемлекеттік думаның қарауында 2009 жылдан бері жатыр, бірақ әлі күнге дейін талқыға түскен жоқ.

Татарстан басшылығы заңның қабылдануын күтіп отырмай, іске кірісіп кеткен. Олег Новиковтың айуынша, детектордың сынынан өту - әркімнің өз ықтиярындағы шаруа. Тек белгілі бір шенеунікке қатысты күдік көбейсе, ол өз еркімен детекторға келіп, ақ-қарасын ашып алғаны жөн. Дегенмен детектордың ұйғарымымен «жалған сөйлеген» ондаған шенеунік қызметтерімен қоштасқан. Олардың арасында Қазан қалалық жер комитеті басшысының орынбасары бар. Мүлік комитетінің бұрынғы төрағасы да «өтірікші» болып шыққаны үшін тергеліп жатыр.

«Мұндай аппарат келеді екен» деген әңгіме жұрт арасына тарағанда, бұдан күдіктеніп, секем алғандар көп болды. Кейін арнайы департамент құрылып аппарат сатып алынған соң қызметкерлер бұған тосырқай қарап, наразылық танытып жүрді. Бұл ерікті процедура болған соң елдің көбі бас тартты. Бірақ әр агенттіктің өз ішкі ережесі бар және әркім сол ережені есте сақтауы керек» дейді Новиков.

ПАРА БЕРУ РЕСЕЙЛІКТЕРДІҢ ҚАНЫНА СІҢГЕН

Алайда ол халықтың қанына сіңіп қалған пара беруге және алуға деген құмарлық дертін детектордың күшімен жою мүмкін емес деп санайды. «Әке-шешесі баласы жақсы білім алсын деп жақсы мектепті, балабақшаны таңдап, басшысының «аузын майлайды». Кез-келген адам өзіне дұрыс қараған дәрігерге алғысын білдіруге әзір тұрады. Бұл міндетті нәрсе
«Өтірік детекторы» құралы.

сияқты болып кеткен», - дейді Олег Новиков.

Ал адам құқықтарын қорғаушы Павел Чиков «өтірік детекторы» - жемқорлықты жоюдағы көп амалдың бірі ғана дейді. Оның айтуынша, Қазан әкімшілігінің бастамасы нақты әрекеттен гөрі шоуға көбірек ұқсайды. «Әдетте басшылар қарамағындағы қызметкерлердің қайсысының қолы таза екенін біледі. Себебі олардың пара алатындармен ым-жымы бір. Сондықтан бұл әрекетті өкімет өкілдерінің халық алдында өз беделін көтеріп қалуға тырысқан құйрығы бір тұтам пиар шарасы деп түсінемін. Бұл содан басқа ештеңе емес және оның жемқорлықпен күреске еш қатысы жоқ», - дейді Чиков.

АҚШ АРА-ТҰРА ПАЙДАЛАНАДЫ, ЕУРОПА ТЫЙЫМ САЛҒАН

Күдіктінің ақиқатты айтып тұрғанына көз жеткізу мақсатында АҚШ криминалистері 20 ғасырдың басында ойлап тапқан «полиграф» деп аталатын бұл құрал тергеу және сот процестерінде жиі қолданылады. Адамның денесіне орнатылған құрылғылар оның тыныс алуын, жүрек-қан тамыр жүйесіндегі өзгерістерді, қан қысымының өзгеруін, терісіндегі гальваникалық тітіркенуді бақылап, ағзаның физиологиялық реакциясы сөзімен қаншалық сәйкес келетінін анықтайды, сөйтіп арнайы компьютерлік бағдарлама тиісті қорытынды шығарады.

Бұл құралдың қолданылуына қатысты пікірталас көп. Біреулер оның объективті шешім шығаратынына күмән келтірсе, енді біреулер мұны адам құқығын бұзудың бір көрінісі деп санайды. Ақпарат құралдары АҚШ қорғаныс министрлігі полиграфты Ауғанстандағы өз әскерилерін тексеру үшін пайдаланбақ деп хабарлаған. АҚШ-тың бірқатар штаттары «өтірік детекторын» жазасын шартты түрде өтеуге жіберілетін қылмыскерлердің көңіл-күйін тексеруге пайдаланады. Полиграф қылмыс жасағанына шын мәнісінде өкінетін адамдарды анықтауға көмектесіп отырады. Еуропа
Кісі қолынан өлген белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісі – Бауыржан Байбосын және Василий Журавлевтің денелері. Алматы маңы, 13 ақпан 2006 жыл. (Сурет Рахат Әлиевтің "Өкіл қайын ата" кітабынан алынды).

елдерінде полиграф кеңінен қолданылмайды, ал Германияның жоғарғы соты полиграфтың дәлелдерін пайдалануға тыйым салатын шешім шығарған.

ФБР-ДЫҢ ЖАРИЯЛАНБАҒАН ҚОРЫТЫНДЫСЫ

2006 жылы жазда АҚШ-тың федералдық тергеу бюросының бірнеше қызметкері Қазақстанға келіп, оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасына қатысты бөлек тергеу жүргізіп, сол істе «өтірік детекторын» қолданған.

Сот процесі барысында айыпкерлердің қорғаушылары да, былайғы жұрт та ФБР мамандарының қорытындысын жариялауды талап еткен. АҚШ жағы «қорытындымызды Қазақстанның ішкі істер органдарына бердік, әрі қарай жариялау мәселесін өздері шешсін» десе, Қазақстан жағы детектордың "не дегенін" жарыққа шығарудан бас тартты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG