Accessibility links

Кәсіпкер Дмитрий Потапенко Ресей билігін «бизнесті әдейі тұншықтырып отыр» деп айыптады. Оның Мәскеу экономикалық форумындағы сөзі интернетте қызу талқыланып жатыр.

Мәскеуде өткен экономикалық форумда мұндай сенсация болады деп ешкім күтпеген еді.

Ресейдегі «Пятерочка» гипермаркеттер желісінің негізін қалаушылардың бірі - Management Development Group компаниясының басқарушы әріптесі Дмитрий Потапенко Ресей үкіметін «азық-түлік эмбаргосы арқылы экономиканы қасақана қиратып, рубльді әдейі құнсыздандырып, нарықты жемқор шенеуніктерге алып беріп жатыр» деп айыптады.

Қарсы уәж айтпақ болған «Единая Россия» партиясының өкілі Владимир Гутеневті қарсы уәждерімен «нокаутқа жіберген» Дмитрий Потапенконың форумдағы сұхбаты интернетте хитке айналды.

«БҰЛ – ӘР КАБИНЕТТЕ АЙТЫЛЫП ЖҮРГЕН ӘҢГІМЕ»

Азаттық: - Сіз бизнестің, соның ішінде ритейл (бөлшек сауда) нарығы мәселелерін бұрын да қатты айтатынсыз. Жұртқа белгісіз форумда айтқан сөзіңіз неліктен соншама назар аудартты?

Дмитрий Потапенко: - Мен әдеттегі баяндама жасадым. Ол неге соншама әңгіме тудырды? Әр кабинетте бұдан гөрі қатаң формада айтылып жүрген әңгімені жұрт алдында талқыладық. Кәсіпкерді жағасынан сүйреп әкеліп, «отаныңды былай сүюің керек, сен қарыздарсың» дейді. Бұл форумда мұның бәрі өркениетті түрде, ешкімді қорқытып-үркітпестен, тексеріп қинамастан айтылды. Бұл жолы халық кәсіпкерлер мен биліктің қарым-қатынасы қандай екенін көрді. Әсері сондықтан күштірек болды деп ойлаймын.

Азаттық: - Сіз форумға қатысып, Ресей үкіметі әрекеттерін [экономиканы] «балталап кесу», эмбаргоны «шенеуніктер қолтығындағы компаниялардың нарықты бөлісуі» деп атадыңыз. Бұл форумға түрлі тарап өкілдері қаншалық көп жиналды?

Дмитрий Потапенко: – Жарияланған бағдарламасына қарасам, қатысқан 30 адамның тек үшеуі бизнес өкілі болды. Ал қалғандары ғалымдар, экономистер және басқалар болса керек.

Азаттық: - Форумда «Единая Россия» партиясының мүшесі, Ресей мемлекеттік думасы өнеркәсіп комитеті төрағасының бірінші орынбасары сізге оппонент болды. Сіз аргументтеріңізбен қарсыласыңызды сөйлетпей тастадыңыз. Ал ол уәжі болмағаннан ба, сізді «даукес оппозиционер» деп сөкті. Бұған дейін бұл депутатпен таныс па едіңіз? Әлде ол кісі сізге кездейсоқ қарсылас болды ма?

Дмитрий Потапенко: - Мәскеудің түбінен келген кәсіпкер Павел Грудининнен басқа ол форумда ешкімді таныған жоқпын. «Росагромаш» басшысы Константин Бабкинмен бірнеше рет ұшырасқаным бар, бірақ іскерлік байланысым жоқ. Гутенев есімді шенеуніктің депутат екенін білдім, бірақ оны алғаш көруім. Енді оны көрмейтін шығармын деп үміттенемін.

Азаттық: - Сіздің сөзіңізге халықтың интернетте жазған пікірін оқысақ, жұрт сіз айтқан экономикадағы олқылықтарға көп назар аудармайды, «елде әдейі дағдарыс ұйымдастырып отыр» деп билікті айыптаған сізге қандай қауіп төнетінін көбірек әңгіме қылады. Сіздің бизнесіңіз бен жеке қауіпсіздігіңізге алаңдап отырған жұртқа не айтасыз?

Дмитрий Потапенко: - Үрей – жақсы қызметші болғанымен, нашар қожайын. Менің жұрт алдына алғаш шыққаннан бергі пікірлерімді қарасаңыз, «Ритейлер» баспа үйінің форумында сөйлеген сөзімді де таба аласыз. Оның тақырыбы да «Бизнесіңіз погонды «баланың» көзіне түссе, кәсібіңізбен қош айтыса беріңіз» деп айқайлап тұр. Одан бері кемінде 10 жыл өтті. Сондағы комментарийлер мен қазіргілерді салыстырып көруге болады. Мені ойлап, алаңдап отырған кісілерге рахметтен басқа не айтайын. Мұндай қолдауды, мұндай реакцияны күтпеген едім. Мұны жұртқа қарата айтқан жоқпын, бұл – өзім күнде ойлап, айтып жүрген нәрселер. Не дұрыс деп ойласам, соны істеймін. «Қолыңнан келгенді істе, қалғанын көре жатарсың» деген қағидамен өмір сүремін. Тізерлеп өлгенше тік тұрып өлген жақсы.

«БИЛІК ЭКОНОМИКАҒА ҚАСАҚАНА ТӨРТ СОҚҚЫ БЕРДІ»

Азаттық: - Ленин атындағы совхоздың басшысы Павел Грудининнен басқа форумда сізді қолдаған кәсіпкер болды ма? Әлде бәрі үнсіз қалды ма?

Дмитрий Потапенко: - Форумда әрі кетсе жарты сағат отырдым. Өйткені, кешірерсіз, жұмыс істеуім керек. Әрі қарай не болғанын білмеймін. Павел – бұл саладағы мықты маман, ол онда жиі барып тұрады. Мен одан «Паша, қайта берейін бе?» деп сұрадым. Ол «Тағы бір-екі адам сөйлегенше күт» деді. Екі адамның сөйлегенін күттім де, кетіп қалдым.

Азаттық: - Форумнан кейін үкіметтің қандай да бір әрекеттерін байқадыңыз ба? Қоңырау шалу, хат жазу дегендер, өрт сөндіру қызметінен, санитарлық қызметтен ескертулер түскен жоқ па?

Дмитрий Потапенко: - Бұл құлды қайыспен ұрғанның кері. Алғаш рет ұрғанда денеңіз ауырады. «Есіңде ме, осылай деп едің ғой» деп, оныншы, он бірінші рет ұрғанда... Тексерулердің жиілеуі, бақылаушы органдардың көптігі туралы жайдан жай айтқан жоқпын. Олардың бір-екеуі артып не кемігеннен ештеңе өзгере қоймас.​

Азаттық: - Мұнай бағасы арзандап, рубль құлдырап барады, халықтың сатып алу мүмкіндігі күрт азайып кетті - ал билік мұны мойындамай отыр. Жуық арада ресейліктерді не күтіп тұр?

Дмитрий Потапенко: - Экономикаға төрт рет қасақана соққы жасалды. Біріншісі - азық-түлік эмбаргосы, мұнда нарықты жалған «отандық», ал шын мәнісінде шенеуніктерге жақын құрылымдар бөлісіп алды да, бәсекеге іс жүзінде тыйым салынды. Екінші – санкция салынған азық-түлікті жою туралы жарлық пен рубльдің қолдан девальвациялануы. Үшінші – несиелендіруге жол бермейтін құжаттар тізімі және несие ставкасының тым жоғарылығы. Соңғысы – федералдық жолдарға арналған «Ротенберг салығы». Мұны бизнестің маңдайына атылған оқ десе болады.

2016 жыл салыстырмалы түрде тұрақты болады. Шамамен 2017 жылдың екінші тоқсанында, қорлар таусылғанда негізгі пробемалар басталады.

Бізді не күтіп тұр? Рубль девальвациясы жалғасады, алдағы бір жарым жыл ішінде барлық қорлар түгесіледі. 2016 жыл салыстырмалы түрде тұрақты болады, шамамен 2017 жылдың екінші тоқсанында, қорлар таусылғанда негізгі пробемалар басталады. Барлық азық-түлік пен қызмет түрлеріне баға шарықтайды. Үкімет жер шарындағы тағы қай елмен соғыссақ екен деп дұшпан іздеп кетеді. Себебі олар ел ішіне барлығын дәлелдеп болды, енді өздерін шетелде де сыйлату керек болып тұр. Өкінішке қарай, одан бізді ешкім құрметтей қоймайды. Ол жақта бәсекелестік орта бар. Алдағы 5-7 жыл ішінде аса ауыр стагфляция (экономиканың тоқырауы мен инфляцияның қабаттасуы) болады. Ал билік жасап жатқан «дағдарысқа қарсы бағдарламалардың» барлығы - Гайдардың «бүгіннен аман өтсек, ертең түн тыныш болса екен» дегенінің кебі.

«ӨКІМЕТ ҚАРСЫЛЫҚ ШАРАЛАРЫНА ПЫСҚЫРМАЙДЫ ДА»

Азаттық: - Сіз федералдық жолдармен жүруге төленетін ақыны алғызып тастауға ұмтылып жатқан жүк тасымалдаушыларды да айтып өттіңіз. Олар неге билікке сөзін өткізе алмай жатыр? Билік неге оларға көңіл бөлмейді?

Дмитрий Потапенко: - Билік мұндай қарсылық шараларының ешқайсысына пысқырып қарамайды, себебі олардың барлығы «төменнен» ұйымдастырылып жатыр. Шындығында қазір бізде орта тап жоқ, бізде тек «шенеуніктер табы» бар. Яғни азаматтарымыздың көпшілігі бюджетке қатысы бар немесе соған жақын салаларда жұмыс істейді. Қоғам наразылықты қажет етпейді, тек кәсіпкерліктің кей түрінде реніш, қарсылық болуы мүмкін, ал үкіметке ондай наразылықтар керек емес. Осы тұста, өкінішке қарай, «кәсіпкерлік – Ресей экономикасындағы математикалық қателік» деген сөзімді қайталауға мәжбүрмін. Билік барлығын дұрыс жасап жатырмын деп ойлайды. Егер ол біреулермен мәмілеге келе бастаса, онда «беделінен айырылады», сондықтан әрі қарай еркіндікке ұмтылған әрекеттердің барлығы қатаң жазаланып отырады.

Азаттық: - Форумдағы сөзіңіз кімге арналған? Оны ең алдымен кім естуі керек?

Билік барлығын дұрыс жасап жатырмын деп ойлайды. Егер ол біреулермен мәмілеге келе бастаса, онда «беделінен айырылады», сондықтан, әрі қарай еркіндікке ұмтылған әрекеттердің барлығы қатаң жазаланып отырады.

Дмитрий Потапенко: - Форумның бағдарламасында сұрақтар тұрды, мен ешқандай баяндама дайындамастан, бес минуттың ішінде сол сұрақтарға жауап беріп шықтым. Менің міндетім сол болатын - міндетті орындадым. Жіберген бағдарламаларына қарадым да, форумға жеті минутқа кіріп шықтым. Мені не қуантады? Менің пікірімді ойлай білетін, тәуелсіз адамдар естіді. Ең алдымен олар өздерінің жалғыз емес екенін түсінді. Әйтеуір олардың қараңғыда жалғыз адасып қалмайтыны анық.

Азаттық: - Бұл сөзіңіздің президентке, премьер-министрге жеткенін қалайсыз ба?

Дмитрий Потапенко: - Олар мұның бәрін біледі. Депутаттардың, федералдық кеңес өкілдерінің аузынан «оппозиция» деген сөз шыға қалса, оларға «Әріптестер, одан да Кремльдің ішіндегі оппозицияны зерттесеңдерші» деген болар едім. Әлдекімдерге жақын топтар, ұйымдасқан қылмыстық топтар, президенттің айналасындағы саяси топтар бірін-бірі қалай құртып жатыр?.. Мұнда Болотный ісі жайына қалады. Сондықтан нағыз оппозиция – Кремльдің ішіндегі оппозиция, барлық оқиғалар Мемлекеттік думада да, Федерация кеңесінде де, алаңда да емес, сол Кремльдің ішінде болады.

Мумин Шакиров алған сұхбат орыс тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG