Accessibility links

Ресейде танымал редакторды тексере бастады


«Эхо Москвы» радиосының редакторы Алексей Венедиктов.
«Эхо Москвы» радиосының редакторы Алексей Венедиктов.

Мәскеу полициясы оппозициялық журналист Алексей Венедиктовтің қаржылық әрекеттерін тексере бастады. Оның жақтастары мұны «өш алу» немесе «тәуелсіз БАҚ-ты қудалау» деп бағалайды.

«Эхо Москвы» радиосының редакторы, оппозицияға іш тартатын журналист Алексей Венедиктовке қатысты тексеріс жүріп жатыр. Оған «БАҚ-қа арналған миллиондаған долларлық контрактіден ақша жымқырды» деген айып тағылды.

Мәскеу полициясы «2011 жылы жасалған келісім-шартты зерттейтінін» мәлімдеді. Ол бойынша «Сбербанк» PublicPost деп аталатын жаңа веб-порталды қаржыландыруға 20 миллион доллар бөлген.

Бір жыл бұрын жабылып қалған бұл жоба бойынша Венедиктов, «Сбербанк» және мемлекет бақылауындағы «Интерфакс» агенттігі серіктес болған.

Осы жылдың басында «Жасылдар альянсы – Халық партиясы» («Альянс зеленых - Народная партия») жетекшісі Олег Митволь Венедиктовтің қаржылық әрекеттерін тексеруді сұраған. Оның айтуынша, «қаражат Венедиктов иелігіндегі мекемеге төленген».

Сонымен қатар, Митволь – «Сбербанк» акционері. Ол бұл жобаның күмәнді болғанын, әрі банкке шығын келгенін айтып, «журналист «Сбербанк» бөлген қаржының жартысын заңсыз иеленді» дейді.

«Известия» газетіне мамырдың 27-сі күні берген сұхбатында ол «Венедиктов банкеттерге және қызметкерлеріне шамадан артық жалақы төлеуге 10 миллион доллар жұмсады. Бұған қатысты жақын арада қылмыстық іс қозғалады деп ойлаймын» деген.

«Біртұтас Ресей» («Единая Россия») партиясының парламенттегі фракциясынның басшысы Александр Сидякин Олег Митвольді қолдайды. Ол прокурорға «Сбербанк» пен Венедиктов мекемесінің арасындағы келісім-шартты зерттеуді тапсырғанын хабарлады.

PublicPost айрықша репортаждар мен оқырмандар жазған посттарды аралас жариялайтын сайт болды. Ол 2013 жылдың шілде айында жабылып қалды.

Сайт редакторы Наталья Конрадова сол кезде Facebook парақшасында порталдың жабылу себебін түсіндіріп, оны «сайтта жарияланған материалдарға биліктің саяси жауабы» деп сипаттады. Алайда Конрадова биліктің дәл қандай материалдар үшін өшіккенін нақты айтпады.

PublicPost-ты қаржыландыруға байланысты айыптауларға Венедиктов те, «Сбербанк» те комментарий бермеген. Тек Twitter желісінде ғана ықшам мәлімдеме жарияланды. Венедиктов мамырдың 27-сі күні «Жасылдар» лидері бірдеңеден дәметіп жүр. ахахаха» деп жазды.

Журналистің кейбір жақтастары мұның «әділетсіз ойын» екенін айтып, оны қорғауға тырысып жатыр. Танымал құқық қорғаушы Лев Пономарев «Бұл – Кремльдің тәуелсіз БАҚ-қа тізе батыруы» дейді.

Ол ақпан айында «Эхо Москвы» радиостанциясын билік арсыз түрде қудалай бастады» деп жазды. Сол кезде Митволь қылмыстық іс қозғауға өтініш жазған еді. Пономарев «Сөз бостандығын қолдайтын, ар-ұяты бар адамдардың барлығын «Эхо Москвы» радиостанциясын ашық қолдауға шақырамын» деп жазды.

«Митволь Венедиктовпен араз, сондықтан өш алмақ» деген болжамдар да айтылып жатыр.

Себебі Митволь Венедиктовті айыптардан екі күн бұрын «Эхо Москвы» радиосы «оның докторлық диссертациясының көп бөлігі көшіріп алынғанын» жариялаған.

(Клэр Бигтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Әзина Мақұлжан)
XS
SM
MD
LG