Accessibility links

Ресейдің жаңа ақпарат агенттігінің «ерекше көзқарасы»


«Россия сегодня» компаниясының басшысы Дмитрий Киселев жаңадан құрылған «Спутник» ақпарат агенттігін таныстырып тұр. Мәскеу, 10 қараша 2014 жыл.
«Россия сегодня» компаниясының басшысы Дмитрий Киселев жаңадан құрылған «Спутник» ақпарат агенттігін таныстырып тұр. Мәскеу, 10 қараша 2014 жыл.

Ресейдің жаңадан ашылған «Спутник» ақпарат агенттігі «әлемдегі оқиғаларға балама көзқарас білдіреміз» деген еді. Бұл сөздерінің жаны бар болып шықты.

Ресей жаңадан құрған «Спутник» (Sputnik) ақпарат агенттігі - ондаған тілде хабар тарататын, әлемнің түкпір-түкпірінде тілшілер бюросын ұстайтын ауқымды жоба.

Агенттік иесі «Россия сегодня» компаниясының басшысы Дмитрий Киселевтің айтуынша, «Спутник» Батыстың «насихатына» қарсы жұмыс істейді.

Агенттіктің алғашқы материалдарын бір шолып өткенде онда шындыққа жанасатын, бірақ біржақты ақпараттар жинақталғанын байқайсыз. Дегенмен Батыстағы консерватор оқырман арасынан олардың қолдаушылары табылып та қалатын сияқты.

Сонымен, неге Кремль құрған жаңа ақпарат агенттігі «Батыс бізден қорқуы тиіс» дейді?

Саясаткерлердің ишарасын «түсіндіру»

«Батыс болсын, Шығыс болсын, бәріміз - саясаткерлер қолындағы ойыншықпыз. Себебі олар басқасын былай қойғанда, дене ишарасы арқылы-ақ бізді дегеніне көндіре алады» дейді «Спутник» агенттігі.

Мәселен, агенттіктің Алина Малиновская есімді авторы әлемдегі ірі саяси тұлғалардың бет-әлпетіндегі өзгерістерден, қимыл-ебінен олардың ойын оқи алады екен.

Ресей президенті Владимир Путин. Пекин, 10 қараша 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Ресей президенті Владимир Путин. Пекин, 10 қараша 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

​Ол «Владимир Путиннің қуанып отырғанын езуін жоғары тартқанынан және қолын белгілі бір қалыпта ұстап бар ынтасымен тыңдауынан білетінін» жазған.

Ал Ұлыбританияның бұрынғы және қазіргі премьер-министрлері Тони Блэр мен Дэвид Кэмерон ернін жымқырып, басын төмен салу арқылы біреуді қатты жақтырмай отырғанын білдіреді екен.

Германия канцлері Ангела Меркель әлденеге қобалжығанда екі қолын белінен төмен түсіріп, қайта-қайта айқастыра береді.

Ерке балалар мен вегетариан президенттер

«Спутник» тілшісі Никита Алентьев «Бұрындары гамбургер ұсынғанда алмасаң, әке-шешең ұрсатын еді. Ал қазіргінің балалары - «үйдің еркесі», сондықтан ата-аналар солардың айтқанымен жүреді, сұрағанын береді» деп жазады. Тілші «Мұның соңы неге апарады? 2020 жылға қарай АҚШ-та вегетариан президент билікке келуі мүмкін» деп болжайды.

«Әл-Бағдадиге босқа уақыт шығындап жатырсыңдар»

АҚШ қорғаныс министрлігі қарашаның 8-і күні Ирактың батысына жасалған әуе шабуылы кезінде «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы басшысы Әбу Бакр әл-Бағдадидің өлген-өлмегенін анықтай алмай жатыр. Ал «Спутиктің» айтуынша, «оның өлі-тірісінен ештеңе өзгермейді». Агенттік тілшісі Эндрю Корыбко «Бір ғана көсемнің төңірегіне топтасқан «Әл-Қаида» ұйымынан айырмашылығы - «Ислам мемлекеті» әркелкі террорлық ұйымдардың басын біріктірген, оларды әл-Бағдади бір орталықтан басқарып отырған жоқ» деп жазады. Оның айтуынша, «АҚШ әскері тауып, көзін жойған кезде Усама бен Ладен қолында әскери билігі жоқ, қауқиған біреу болып шыққан».

Латынамерикалық мұсылмандар әлемді жаулап жатыр

Тегі славян тұрғындары азайып келе жатқан Ресей өз ішіндегі және әлемдегі демографиялық ахуалды жіті бақылап отырады. «Спутникте» жарық көрген «Ватиканнан - орамалға» (хиджапты айтады - ред.) деген мақалада АҚШ-та бұрыннан белгілі демографиялық тенденция сипатталады.

Нью-Йорктегі мұсылмандар. (Көрнекі сурет)
Нью-Йорктегі мұсылмандар. (Көрнекі сурет)

«Спутник» «Америкада тез көбейіп келе жатқан екі топ – мұсылмандар мен латынамерикалықтар. Соңғы кездері олар біріге бастады, яғни мұсылман дінін қабылдаған латынамерикалықтар көбейді. Исламға өткендер арасында испантектілер тек 12 пайыз болғанымен, әйелдер арасындағы олардың үлесі 50 пайыз төңірегінде. Бұл өзгеріс олардың туған жеріне де әсер етеді. Мұсылман латынамерикалықтар елдеріне барып, ол жақта да ислам мәдениетін насихаттап жатыр» деп жазады.

Оңтүстік Флорида Донбастың кебін киюі мүмкін

«Спутник» сарапшысы әлемде өз елінен бөлініп, жеке мемлекет болуы мүмкін деген аймақтардың тізімін жасапты. Бұл тізімде Каталония, Шотландия, Венеция, Қырым және Майами бар. Қала мэрінің орынбасары АҚШ-тың солтүстік аймағында тұратын ресми тұлғалардың Флоридадағы климаттың өзгеруіне немқұрайды қарайтынына наразылық танытып, «Оңтүстік Флорида» деп аталатын жеке мемлекет құруды ұсынған екен.

(Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

XS
SM
MD
LG