Accessibility links

Ресейдің «отандастарын» қолдау саясаты


Ресейшіл сарбаздар Қырым астанасы Симферопольда жүр. Украина, 4 наурыз 2014 жыл.

Ресейшіл сарбаздар Қырым астанасы Симферопольда жүр. Украина, 4 наурыз 2014 жыл.

Украинаға «шектеулі әскери контингент кіргізу» туралы шешім қабылдаған Ресей президенті Қырымдағы орыс тілді отандастарын қорғауды көздейтінін алға тартты. Азаттық Кремльдің бұл саясатының қалыптасу жолын шолып шықты.

Украина билігінен президент Виктор Янукович шеттетілгеннен кейін ақпанның 28-іне Ресей мемлекеттік думасына «Справедливая Россия» фракциясы екі заң жобасын ұсынды. Біріншісі «Ресей Федерациясына қабылдау тәртібі және оның құрамында жаңа субъект құру туралы» федералдық конституциялық заңға өзгерістер енгізу туралы» заң.

"Справедливая Россия" фракциясының депутаттарының бірі Геннадий Гудков. (Көрнекі сурет)

"Справедливая Россия" фракциясының депутаттарының бірі Геннадий Гудков. (Көрнекі сурет)

«Справедливая Россия» фракциясының түсіндіруінше, Ресейдің қолданыстағы заңы бойынша шет мемлекеттің аумағын Ресей аумағына қосу үшін халықаралық келісім керек. Ал Украинамен ондай келісім жасау мүмкін емес, өйткені Украинада легитимді билік жоқ. Оның үстіне бір мемлекет аумағын екінші мемлекетке қосуға мүмкіндік беретін әрбір жағдай үшін халықаралық келісім жасаудың қажеті жоқ - ең бастысы, референдум немесе басқа да формалар арқылы халықтың еркі айқындалса жеткілікті. Сондықтан референдум өткізілсе немесе шет елдің (бұл жерде Қырымның – ред.) легитимді мемлекеттік билігі өздерін Ресейге қосу туралы үндеу жасаса, жетіп жатыр.

Екінші заң жобасы - «Азаматтық туралы» заңға өзгеріс енгізу. Бұл арқылы Ресей аумағында тұрмай-ақ, бірінші азаматтығынан бас тартпаса да, Украина азаматтарына небәрі екі айдың ішінде Ресей азаматтығын беруге болады.

«Справедливая Россия» фракциясының айтуынша, бұл өзгерістер Украина азаматтары Ресейден көмек сұрай қалған жағдайда құқықтық негіз болып саналады. Заң жобасын қолдаған кейбір депутаттар оны «украин бауырларының Ресейге келіп жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасайтын» заң ретінде сипаттаған.

Дума фракциясынан бөлек Ресей үкіметі де наурыздың 4-і күні «Шет мемлекеттердің азаматтығынан бас тартқан, орыс тілінде сөйлейтін азаматтарға Ресей азаматтығын берудің жеңілдетілген тәртібі туралы» жаңа заң жобасын ұсынды. Бұл жоба бойынша Ресей азаматтығы бұрын Ресей империясы мен СССР аумағында тұрған орыс тілді азаматтарға беріледі. Олар Ресей аумағында жарты жыл тұрса жеткілікті, ал бұрынғы заңда 5 жыл деп көрсетілген. Ресей азаматтығын жеделдетілген режимде беру мәселесін Ресей билігі Украинадан Виктор Янукович қашып шыққан кезде бастаған.

Наурыздың 3-і күні Украина Радасы Ресей Думасында қаралған заң жобасына қарсы заң жобасын сөз етті. Бұл жоба бойынша Украинада қос азаматтық алғандарға айып салынып, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындаулы мүмкін. «Батькивщина» фракциясы ұсынған бұл заң жобасын қарауды Украина Радасы Ресеймен әскери жанжал аяқталғанға дейін тоқтата тұруға ұйғарған.

«ПАСПОРТ ТАРАТУ»

Украинада билік ауысып жатқан кезде Симферополь қаласына бір топ Ресей депутаттарын бастап барған Думаның ТМД істері бойынша, еуразиялық интеграция және отандастармен байланыс комитетінің басшысы Леонид Слуцкий «Қырым тұрғындарына Ресей паспорты жеделдетілген тәртіпте таратылып жатыр» дейтін ақпаратты да теріске шығарды.

Украинаның "Беркут" арнайы жасағы Ресей паспортын алып тұр.

Украинаның "Беркут" арнайы жасағы Ресей паспортын алып тұр.

Бірақ наурыздың 1-і күні Симферепольдағы Ресейдің бас консулдығы «Беркут» арнайы жасағының жауынгерлеріне және басқа да украиналықтарға Ресей паспортын тарата бастағаны белгілі болды.

Наурыздың 3-і күні ресейлік қоғамдық белсенді Николай Сванидзе «Қырымдағыдай паспорт таратып, артынан Ресей азаматтары ретінде әскер кіргізетін болсақ, онда «орыс тілді» өзге елдерде де, соның ішінде орыс тілді тұрғындары көп Қазақстанда да бүлік басталуы мүмкін екенін» айтты.

«Паспорт дауы» 2008 жылы Грузия мен Ресей арасындағы қақтығыс кезінде де жиі сөз болған еді. Қақтығыс басталардан бірнеше жыл бұрын Грузия жағы Ресейдің Абхазия мен Оңтүстік Осетия тұрғындарына жаппай паспорт таратып, Ресей азаматтығын беріп жатқанын айыптаған. 2008 жылғы тамызда Грузия аумағына әскер кіргізер алдында Ресей аталған өңірлердегі өз азаматтарына зорлық-зомбылық жасалып жатқанын алға тартқан.

«ОТАНДАСТАРҒА КӨМЕК»

1996 жылы бекітілген «Ресей Федерациясының шекара саясатының негіздері» атты тұжырымдамада Ресейдің шекара саясатының негізгі нысандарының бірі ретінде шекаралық кеңістігі (пограгичное пространство) көрсетілген. Шекара кеңістігіндегі Ресей федерациясының ұлттық мүддесіне қауіп төндіретін факторлар ретінде ұлтшылдық, этникалық конфликт және діни сепаратизм аталған. Осы тұжырымдамада Ресейдің ТМД елдерімен шекарадағы ұлттық мүддесін қорғау үшін қажетті шаралар қабылдау құқығына ие екені жазылған.

Украинадағы орыс ұлты өкілдері Ресейге қосылуды жақтап, шеру өткізіп тұр. Донецк, 3 наурыз 2014 жыл.

Украинадағы орыс ұлты өкілдері Ресейге қосылуды жақтап, шеру өткізіп тұр. Донецк, 3 наурыз 2014 жыл.

Шет елдерде тұратын орыс тілді диаспора өкілдерін Ресей билігі «отандастар» ұғымына жатқызады. «Шетелдердегі отандастарға қатысты Ресей Федерациясының мемлекеттік саясаты туралы» заңда «отандастар» ұғымына қатысты бірнеше анықтама берілген. Соның бірінде «отандастарға» бұрын СССР аумағында тұрған шетелдік азаматтардың да жататыны көрсетілген. Осы заң бойынша Ресей өкіметі «шетелдердегі отандастарының қоғамдық бірлестіктер мен діни ұйымдармен қатар ұлттық-мәдени автономия құруына» да жәрдемдесе алады. 1999 жылы қабылданған бұл заң 2010 жылға дейін 7 рет өзгертіліп, жетілдірілген.

2012 жылғы мамырдың 7-сі күні Владимир Путин Ресей президенті қызметіне кірісе сала «Ресей Федерациясының сыртқы саясатын жүзеге асыру шаралары туралы» жарлыққа қол қойып, шетелдердегі отандастарына қолдау көрсетуге шақырды. Екі айдан кейін, шілденің 9-ында Ресей сыртқы істер министрлігіне «шетелдердегі отандастардың рөліне қатты мән беруді» тапсырды. Совет Одағында, тіпті Ресей империясының аумағында өмір сүргендердің ұрпақтарына Ресей азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен беру ұсынылды. Сол жылы Дума «Ресей федерациясының азаматтығы туралы» заңға Путин тапсырғандай өзгеріс енгізді.

2012 жылдың күзінде Путиннің «Шет елдерде өмір сүретін отандастарды Ресей Федерациясына ерікті түрде қоныс аударуға қолдау білдіру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру туралы» жарлығы шықты. Ресей президенті 2012 жылғы жолдауында «шетелдердегі орыс мектептеріне қолдау көрсетуге» тоқталды. Бұл – жаңа саясат емес еді. Путин 2004 жылы ТМД елдерінде отандастармен жұмыс істейтін ірі ақпараттық-мәдени орталықтар құруды қолдаған болатын.

«МӘҢГІЛІК ДОСТЫҚ»

Қазір Кеден Одағы арқылы Беларусьпен бірге Ресейдің ең жақын одақтасы саналатын Қазақстанда Ресей азаматтығын қоса алған азаматтар анықталып, айыппұл салынғаны жайлы ақпарат құралдарында осы уақытқа дейін бірнеше рет жарияланды.

Қазақстан белсенділерінің Ресей консулдығы алдында өткізген акциясы. Алматы, 3 наурыз 2014 жыл.

Қазақстан белсенділерінің Ресей консулдығы алдында өткізген акциясы. Алматы, 3 наурыз 2014 жыл.

Қазақстан заңдарында қос азаматтық қарастырылмаған. Азаматтық туралы заңның 21-бабы бойынша «Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын және шет мемлекеттің азаматтығын қабылдаған адам үш жұмыс күні ішінде шетел азаматтығын алу фактісі туралы хабарлауға және паспортын және (немесе) жеке куәлігін Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына немесе Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің шет елдердегі мекемелеріне тапсыруға міндетті».

Жергілікті БАҚ пен әлеуметтік желілерде Ресейдің Қазақстанның солтүстік облыстарында «паспорт таратуы мүмкін» екені туралы жорамалдар мен қауіп айтылса да, ресми тұрғыда мұндай іс-әрекет заңсыз болып шығар еді.

Ресейдің «шекаралық кеңістігіндегі» елдердің бірі саналатын Қазақстан өзінің аумақтық тұтастығының сақталуына Мәскеуден кепілдік алған. 1994 жылы Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан кезде Будапеште АҚШ, Ұлыбритания және Ресей «Қазақстанның тұтастығына, шекарасының өзгермеуіне, ел экономикасына қысым көрсетілмеуіне кепілдік берген» меморандумға қол қойды. Бұл құжатқа қол қойған елдер Қазақстанға қарсы агрессия туындаған жағдайда осы жағдайды талқылау үшін дереу БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесін шақыруға міндеттенген еді.

Бірақ Кремль «шекаралық кеңістігіндегі» елде ішкі саяси ахуал өз қалауынан тыс өзгере қалса, Будапешт меморандумын мойындамайтынын байқатты. Президент Путин наурыздың 4-і күні өткізген баспасөз мәслихаты кезінде меморандум революцияға дейінгі Украинамен жасалғанын, ал «революциядан соң пайда болған жаңа мемлекетпен ешқандай келісім жоқ екенін» айтқан.

Будапешт меморандумынан бөлек 1992 жылы Қазақстан мен Ресей «Мәңгілік достық туралы» келісімге қол қойған. Бұл келісім 2013 жылы қарашада екі ел арасындағы «21-ғасырдағы одақтастық пен тату көршілік туралы» келісімге ұласқан.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG