Accessibility links

Билікке қарсы шыққандар психиатриялық емханаға қамалады


Полиция қызметкері азаматты психиатриялық сараптамаға әкеліп тұр. Мәскеу, 10 қазан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Полиция қызметкері азаматты психиатриялық сараптамаға әкеліп тұр. Мәскеу, 10 қазан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресейде президент әкімшілігінің бұрынғы кәсіподақ төрайымы билікте сыбайлас жемқорлық бар екенін әшкерелеген соң бірнеше апта бойы психиатриялық емханада жатып шықты.

Осыған ұқсас басқа да жағдайлар «Ресей прокуратурасы билікпен келіспегендерді ақыл-есі кеміс ретінде қарап, психиатриялық ауруханаға жіберетін советтік тәжірибені қайта қолдана бастады» деген күдікті оятты.

«СОВЕТТІК ӘДІС»

Бір сағатқа толар-толмас мезетте бұрынғы кәсіподақ төрайымы Людмила Попкованың тағдыры шешілді. 18 наурыз күні таңғы 10:26-да оған «Мәскеу соты судьясы Татьяна Невероваға келіңіз» деген қағаз тапсырылды. Сол күні сағат 11-де Попкова соттың алдында тұрды, оған сөйлеуге рұқсат бермеді. 15 минуттан соң Неверова Попкованы Мәскеудегі психиатриялық емханаға жіберу туралы үкім шығарып, «психикалық сараптама жасау» үшін 30 күн сол жерде болуы керек екенін талап етті.

Кремль әкімшілігіндегі сыбайлас жемқорлықты әшкерелеген Людмила Попкова емханадан 9 сәуір күні шықты.
Людмила Попкова.

Людмила Попкова.


– Бұл – басқа өмір. Ол жерге баруды ешкімнің басына бермесін. Дені сау, есі дұрыс адам ақылы ауысқандармен, нашақор және маскүнемдермен бірге өмір сүргенде есеңгіреп қалады, – дейді ол.

Ресей заңын өз мүддесіне пайдаланып, Попкова сияқты адамдарды ақыл-есі кемістер ауруханасына жатқыза салу прокурорлар мен соттарға қиын емес. Бұл тәжірибе сыбайлас жемқорлық пен экстремизм өршіген елдерде саяси тұрғыдан басқаша ойлайтындарға қарсы құрал ретінде жиі қолданыла бастады.

Тәуелсіз психиатриялық бірлестіктің атқарушы директоры Любовь Виноградова «билікпен келіспейтіндерді есуастар үйіне тықпалайтын әйгілі советтік жүйе қайта оралып келеді» деп қауіптенеді.

– Бұл тәжірибе шынымен де жиі қолданылады бастады. Әрине, советтік кездегідей өз пікірін білдірген адамдарды қылмыскер деп танып, күштеп психиатриялық орынға жатқызатын дөрекі әдіс қолданылмайды, басқаша сипат алған. Бірақ түптеп келгенде екеуі – бір нәрсе, – дейді ол.

«СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ КӨРМЕ. КӨРСЕҢ – ҮНДЕМЕ»

Людмила Попкова 2009 жылдың соңында білген-түйгенін билікке жеткізген соң тағдыры өзгеріп сала берді. Ол кезде Попкова президент әкімшілігі мен үкімет аппараты, федерация кеңесі сияқты жоғары құрылымдар кәсіподағының төрайымы болатын. Өз бөліміндегі Татьяна Барышникова есімді бухгалтердің президент кеңсесіне тиесілі мәскеулік пәтерлерді иемденіп алғанын байқаған соң Попкова бұл істі тергеп, құжаттардың жалған рәсімделгенін анықтайды. Бұдан кейін ресми түрде шағымданады. 2010 жылдың басында оны президенттік кадрлерді басқару бөлімінің бастығы Сергей Дубик шақырады да, қызметтен кетуге екі күн уақыт беретінін мәлімдейді.
Попковаға «мемлекет қазынасынан 1 миллион рубль (33 мың АҚШ доллары) жымқырған» деген айып тағылды.

2010 жылдың мамырында Попковаға қарсы қылмыстық іс қозғалды. Оған «мемлекет қазынасынан 1 миллион рубль (33 мың АҚШ доллары) жымқырған» деген айып тағылды. Попкова айыпты үзілді-кесілді жоққа шығарды. Тергеу ісі үш жылдан бері жалғасып келеді. Сондықтан да оны Мәскеудегі Алексеев атындағы бірінші психиатриялық емханаға аттандырды.

(Попкованы емханаға жіберу туралы шешім қабылдаған судья Неверова туралы әрқилы пікірлер көп. Өткен жылы ол «заңгер Сергей Магнитскийге дұрыс медициналық көмек жасамады» деп айыпталған түрме дәрігерін ақтап шығарған).

Татьяна Барышниковаға қатысты да тергеу жүргізіліп жатыр. Ресей биілігі оны тұтқындау керек екенін, бірақ ол әйелдің қайда кеткенін білмей отырғанын айтады.

ПОПКОВАНЫҢ ТАҒДЫРЛАСТАРЫ

Попкованың басындағы жағдай ел тарихында бірінші рет кездесіп отырған жоқ. 2012 жылдың қыркүйегінде сібірлік журналист Руслан Макаров та психиатриялық сараптамадан өтуге мәжбүр болды. Оның жеке психиатры тергеушілерге «Русланның Алтай республикасының губернаторы Александр Бердниковты өлтірмек болғанын» айтыпты-мыс.

– Руслан Макаровтың жеке дәрігері болған психиатр «Макаров маған өз ниеті туралы оңашада мәлімдеді» деді. Кейін ол әйел облыс орталығындағы жақсы ауруханаға ауыстырылды. Енді Макаровтың анализдерін өзі бақылап отырады, – дейді Human Rights First үкіметтік емес ұйымының қызметкері Иннокентий Греков.

Макаров әлі де күдікті санатында, бірақ сот оның психиатриялық сараптамаға заңсыз жіберілгенін анықтады.
Максим Ефимов 2011 жылы орыс православие шіркеуін сынағаны үшін психиатриялық сараптамадан өтуге мәжбүр болды.

Карелиялық адам құқын қорғаушы Максим Ефимов 2011 жылы блогында орыс православие шіркеуін сынағаны үшін психиатриялық сараптамадан өтуге мәжбүр болды. Емханадан шыққан соң ол елден қашып, Эстонияға барып, сол жақтан саяси баспана сұрады.

Тәуелсіз психиатриялық бірлестік өкілі Виноградованың айтуынша, прокурорларға күдіктіні психиатриялық емханаға аттандыру қиын емес. «Егер тергеуші ісі қаралып жатқан адамның ақыл-есі дұрыстығына күмәнім бар, ол біртүрлі күледі, жауап береді десе болғаны, сараптамадан өтуге кедергі жоқ». Попкованы «бет-әлпеті мазасыз, өңі қашықты, иығы түсіңкі» болғаны үшін сараптамаға жіберген.

Алексеев емханасының 6-палатасында жатқан Попкова Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) бұрынғы директоры, өзі сияқты бір айлық психиатриялық сараптамадан өтіп жатқан Елена Котовамен кездескен.
Экономист, Еуропа қайта құру және даму банкінің бұрынғы директоры Елена Котова. 28 қараша 2011 жыл.

Экономист, Еуропа қайта құру және даму банкінің бұрынғы директоры Елена Котова. 28 қараша 2011 жыл.



Котова коммерциялық жемқорлық бабымен – «ЕҚДБ-ның 95 миллион АҚШ доллары сомасындағы несиесін кәсіпкер Сергей Черниковқа 2009 жылы берген» деп айыпталған. Бірақ Котова «Ресей билігін сынаған еңбектерім үшін жазықты болдым» дейді.

Виноградованың айтуынша, мұндай оқиғалар деңгейі төмен орталар мен провинциялық қалаларда жиі кездеседі.

– Психиатриялық емхананы жазалау орны ретінде қолдану саяси істен көрі отбасылық дау-дамайда, пәтер бөлісе алмау сияқты оқиғаларға жиі кездеседі, – дейді ол.

Оның пікірінше, бұл әдістің мақсаты – адамды қорқытып, оған қысым жасау.

Попкованың ісіне қатысты түсініксіз мәселелер өте көп. Психиатриялық емхана қызметкерлері ол туралы «ақыл-есі дұрыс, сау адам» деп шешім шығарды. Бірақ бұндай жазбаның сотқа баратын құжатқа түсуі екіталай.

– Адамдардың әркез шынайы бола бермейтініне көндіктім. Бірақ осы жолы шектен шығатын дүниені жазуға өздері де ынталы емес шығар деп ойлаймын. Олар менің сау екенімді растады. Онда неге мені 30 күн ұстадыңдар деп сұрағанымда «Сіз шулы оқиғаға қатысы бар адамсыз, сондықтан тергеу комитеті бізге наразы болмауға тиіс» деп жауап берді, – дейді Попкова.

Мақала аударған Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG