Accessibility links

Pussy Riot «Ресей патриотымын» деген әжуа клип шығарды


Pussy Riot тобының Chaika клипінен алынған скриншот.

Pussy Riot тобының Chaika клипінен алынған скриншот.

Панк-әншілер тобы Ресейдегі режимді мысқылдап келеді. Олар шіркеу ішінде Путинді тәлкек етті. Сочи олимпиадасын келекеге айналдырды. Кремльді өнер арқылы сынап танылды. Енді жаңа клиптері шықты.

Панк-әншілер тобы Ресейдегі режимді әжуалаумен келеді. Олар шіркеу ішінде Путинді тәлкек етті. Сочи олимпиадасын келекеге айналдырды.

Бұл топ Кремльді өнер арқылы сынап танылды. Pussy Riot осы апта әлеуметтік желі арқылы жаңа клиптері шыққанын мәлімдеді.

Кремльді мазақ етумен келе жатқан панк-рок тобы бұл жолы Ресейде «әділет» орнатушы – бас прокурор Юрий Чайканы нысанаға алған.

Топ мүшесі Надежда Толоконникова ақпанның 3-і күні Twitter-ге «Pussy Riot-тың да енді өз «Чайкасы» бар» деп жазды.

Клипта Толоконникова Юрий Чайканы сомдаған. Былтыр Ресейдегі оппозициялық саясаткер Алексей Навальный бас прокурорды парақор деп айыптаған «Чайка» фильмін шығарған еді. Pussy Riot клипі осы фильммен аттас әрі астасып жатыр.

Былтыр ұзақ зерттеуден кейін Навальный прокурор Чайканың екі ұлын «әкелерінің лауазымын пайдаланып, коррупциялық схемалармен байыды» деп айыптайтын 43 минуттық деректі фильм жариялаған.

Ал Pussy Riot-тың соңғы клипі АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында түсіріліп, Мәскеуде монтаждалған. Клип Навальныйдың фильміндегі тұжырымдарды қолдайды.

Әннің сөздері «егер Ресейде билікті қолдасаңыз, кісі өлтірсеңіз де жазаланбайсыз» деген мағынада жазылған.

Ән қайырмасы «Балам, билікті жақта, өйткені билік - Құдайдың сыйы. Мен Ресейді сүйемін, патриотпын» деген сөздермен өрілген.

Толоконникова 2012 жылы Путинге қарсы наразылық ұранына айналған сөздерді шығарғаны үшін жазаланып, түрмеге отырып шықты. Punk Prayer (панк-сыйынушы – ред.) деген атпен танымал болған видеода беттеріне маска киген бес әнші Құтқарушы Христос храмының мінберіне шығып, «Құдай ана, бізді Путиннен құтқара гөр» деп ән шырқайды.

Толоконникова мен оның Pussy Riot тобындағы құрбылары – Мария Алехина мен Екатерина Самуцевич «діни өшпенділік себебінен шыққан бұзақылық жасады» деген айыппен сотталып, екі жылға бас бостандықтарынан айырылды. Самуцевич екі айдан кейін шартты жазамен бостандыққа шықты.

Толоконникова мен Алехина жаза мерзімдерін түгелге жуық өтеп шықты. Шыққан бетте олар «Отан сүюді Путин үйретеді» деген клип шығарып, оған Сочи олимпиадасының видеоларын салды. Клипте әншілер Сочи жағажайында пайда болып, одан ары оларды Казак милициясы қалай ұстағаны көрсетіледі.

Pussy Riot жаңа туындыларын жасағанда Ресей билігін сынауларын жалғастырып келеді.

BuzzFeedсайтына берген сұхбатында Толоконникова «Бұл клип Ресей азаматтары көру үшін түсірілді. Онда біз қазіргі Ресейдің жағдайы туралы ән айтамыз» деген. Ол «Біз «Чайканы» (клипті айтады – ред.) түсіріп жатқанда «Мұны «түрмелестерім» (отандастарым – ред.) түсіне ме екен?» деген ой келді. Содан кейін өз сауалыма өзім «иә, түсінеді» деп жауап бердім» дейді.

Чайканың образына енген Толоконникова «прокурор» формасын киіп алып, түрмедегі тұтқындарды қинайды. Кейбір кадрларда Толоконникова Владимир Путиннің портреті ілініп тұрған қараңғы кеңсе ішінде стол үстінде түрлі би қимылдарын жасайды.

Толоконникова қолына алтын жалатқан нан бөлкесін ұстап жүріп ән айтқан. Бұл бөлке Ресейге көршілес Украинаны Виктор Янукович билеген тұстағы коррупция символына айналып кеткен еді.

Клипте құстың образы бар. Мәселен, Ресей бас прокурорының аты-жөніне қатысты құс ретінде шағала (орыс тілінде - чайка) маскасын киген әйел жиі көрінеді. Pussy Riot белсенділері бұл тәсілді Юрий Чайканың коррупцияға қатысы бар екенін білдіру үшін қолданған.

Ресей таңбасындағы екі басты бүркіт те ұмыт қалмаған. Бірақ оны әншілер Гитлер фашизмінің символдарына ұқсас етіп пайдаланған. Мұнан бөлек, клипта құс етіне тоймай отырған мешкей бейнесі де бар.

Толоконникова Vice.com сайтына берген сұхбатында «тойымсыз тоғышар образын Ресейдің қазіргі мафиялық билігін бейнелеу үшін қолдандық» деген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG