Accessibility links

Pussy Riot тобының мүшелері сотталды


Pussy Riot тобының мүшелері Надежда Толоконникова (оң жақта), Мария Алехина (ортада) және Екатерина Самуцевич (сол жақта) сотта отыр. Мәскеу, 17 тамыз 2012 жыл.

Pussy Riot тобының мүшелері Надежда Толоконникова (оң жақта), Мария Алехина (ортада) және Екатерина Самуцевич (сол жақта) сотта отыр. Мәскеу, 17 тамыз 2012 жыл.

Бүгін Мәскеудегі Хамовник аудандық соты Pussy Riot тобының «бұзақылық жасағаны» үшін айыпталған мүшелеріне қатысты үкім шығарды.

Сот Pussy Riot тобының ғибадатханада ән айтқан мүшелері - Надежда Толоконникова, Мария Алехина, Екатерина Самуцевичтің әрқайсысын 2 жылға соттап, жазаларын жалпы режимдегі колонияда өтеуге үкім шығарды.

«САЯСИ АСТАРЫ ЖОҚ, ҚҰДАЙҒА ҚАРСЫ АКЦИЯ БОЛҒАН»

Судья Марина Сырова айыпталушылардың діни ғибадатханада өткізген шарасын мұқият жоспарланған, діни жеккөрініш ауанындағы бұзақылық деп бағалады.

- Ғибадатханада айтылған көргенсіз сөздер - құдайға қарсылық... Акция православ сенушілердің көптеген топтарының сезімін жұрт алдында қорлауды мақсат тұтқан. Олар әлемдегі ірі діндердің бірі - христиандыққа тіл тигізді, - деді судья.

Судьяның ойынша, топ мүшелері ұйымдастырған акцияның саяси астары болды деген пікір дәлелденбеді.

- Панк-топтың мүшелері ғибадатханада ешкімнің атын атаған жоқ, шіркеу мен мемлекеттің бірігуіне қарсылық көрсеткен жоқ, - деді судья.

Судья Марина Сырова айыпталушыларға байланысты шығарылған психологиялық-психиатриялық сараптама нәтижесін оқыды. Ол құжатқа қарағанда, Толоконникова да, Самуцевич те, Алехина да «тұлғаның кешенді өзгеруінен жапа шегеді, бірақ өз істеріне жауап бере алады - арнайы емдеуді қажет етпейді».

Pussy Riot мүшелері сот үкімін күтіп отыр (фотогалерея):


Судья Сырова «үш айыпталушының да жазаларын жеңілдететін себебі бар» екенін де айтты.

- Надежда Толоконникованың жас баласы бар, мінездемесі жақсы, қылмысты алғаш жасап отыр; Екатерина Самуцевичтің де мінездемесі жақсы, ол да қылмысты алғаш жасап отыр; Мария Алехинаның кішкентай баласы бар, өзіне оң мінездеме берілген, қылмысты алғаш жасап отыр, - деді судья.

Судья «істі ауырлау бапқа ауыстыратын себеп жоқ» екенін айтып, үш қыздың «тек бас еркінен айыру орынында ғана түзелетінін» ескертіп, айыпталушылардың әрбірін 2 жыл мерзімге жалпы режимдегі колонияға жіберуге үкім шығарды.

«ПУТИНДІ ҚУА ГӨР!»

2012 жылы ақпанның 4-і күні феминистік Pussy Riot панк тобының мүшелері Құтқарушы Ғайса ғибадатханасында (орысша атауы – Храм Христа Спасителя) «Құдай Ана, Путинді қуа гөр» (орысша атауы – «Богородица, Путина прогони») деп ән салған еді.

Pussy Riot мүшелері «осылайша қайтадан Ресей президенті болып сайланған Владимир Путинді православие шіркеуі басшысының ашық түрде қолдап шыққанына наразылық таныттық» деп санайды.

Ал орыс православие шіркеуінің басшысы патриарх Кирилл «феминистік Pussy Riot панк тобы Құтқарушы Ғайса ғибадатханасын қорлады» деп мәлімдеді.

Ғибадатханадағы оқиғадан соң көп кешікпей үш қыздың үстінен «бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Топ айтқан әннің интернетке тараған клипін лингвист, психолог және заңгерлер тексерді. Бірақ сот ол шешімдерге қанағаттанған жоқ. Тек үшінші сараптама иелері ғана айыпталушылардың «діни сенімді қорлағандарын» анықтаған.

Ресейдегі жүзге тарта танымал психолог, ғылым докторлары мен кандидаттары бұл сараптама қорытындысына наразы болып, ашық хат жазды.

Pussy Riot-тың қылмыстық жауапкершілікке тартылуын Ресейдің өнер және мәдениет қайраткерлері ғана емес, өзге елдердегі де танымал шоу-бизнес өкілдерінің біразы (Пол Маккартни, Стинг, Мадонна, Red Hot Chili Peppers, Bjork, Franz Ferdinand, Faith No More, т.б.) айыптады. Олар «Ресей билігінің сөз еркіндігі принципін сақтайтынына» үміт білдірген еді.

Азаттық радиосы Орыс қызметінің хабарлауынша, бүгінгі сот үкімін естуге топтың мыңға жуық жақтастары жиналған. Олар сот ғимараты маңында «Босатыңдар!», «Путинсіз Ресей» деп айғайлап, сәт сайын ұран тастап отырған. Айыпталушылардың жақтастары бүгін әлемнің 40 қаласында қолдау акциясы өтетінін де хабарлап отыр.

Сот ғимаратына жиылған шоғыр арасында топтың қарсыластары да болған. Үкімның оқылуына жүзден астам ақпарат құралының өкілдері жиналды.

Сот басталмас бұрын, күндіз бірқатар оппозициялық саясаткерлер, жиыны отызға тарта адам ұсталды. Олардың арасында Гарри Каспаров, Сергей Удальцов сияқты белсенділер де бар.

Сот ғимараты алдында Pussy Riot жақтастарын тұтқындау шарасы:

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG