Accessibility links

Pussy Riot Ходорковский президент болса дейді


Мария Алехина (сол жақта) мен Надежда Толоконникова баспасөз мәслихатында отыр. Мәскеу, 27 желтоқсан 2013 жыл

Мария Алехина (сол жақта) мен Надежда Толоконникова баспасөз мәслихатында отыр. Мәскеу, 27 желтоқсан 2013 жыл

Рақымшылықпен қамаудан босаған панк-топ әншілері Надежда Толоконникова мен Мария Алехина "Зона права" жобасымен айналысуды мақсат тұтады.

"Дождь" телеарнасының редакциясында баспасөз мәслихатын өткізген Надежда Толоконникова әріптесі Мария Алёхинамен бірге түрмедегілердің қамау орнындағы ахуалға, азаптау мен қоқан-лоқы жасау оқиғаларына қатысты арыз-шағымдарын қарастыруға көмектесетіндерін айтты. Олар қайырымдылық қаржысын пайдаланатындарын, жекелеген адамдардан көмек сұрамайтындарын мәлімдеді.

Олар оппозиционер Алексей Навальныймен және жақында рақымшылықпен босаған ЮКОС-тың бұрынғы басшысы Михаил Ходорковскиймен ынтымақтасуға әзір. Толоконникова Ходорковскийдің Ресей президенті болуға лайық тұлға екенін айта кетті. Олар өздерімен бірге жазаға кесілген Екатерина Самуцевичпен жуырда кездесіп, бірге жұмыс істейтіндерін айтты. Панк-топ мүшелері Ресейдің православиялық шіркеуімен де қарым-қатынас орнатуға мүдделі.

Ресей президенті туралы сауалға жауап бере отырып, Надежда Толоконникова панк-топтың Владимир Путин құрған саяси жүйені талқандағысы келетінін жеткізді.

Pussy Riot мүшесінің сөзінше, оларды босату арқылы Кремль Сочидегі олимпиада қарсаңында Ресейдің саяси бейнесін жақсартпақ болған. Олар олимпиада өткесін өздерін қудалау қайта күшейе ме деп қауіптенеді.

Pussy Riot тобының үш мүшесі – Надежда Толоконникова, Мария Алехина мен Екатерина Самуцевич 2012 жылғы тамыз айында діни жеккөрушілік негізінде бұзақылық жасады деген айыппен 2 жылға сотталған. Олар "Құдай, Путинді құрта гөр" атты дұға-әнге клип түсірмек болып Құтқарушы Ғайса ғибадатханасында ән айтып, би билеген еді. Кейін Самуцевичтің жазасы шартты болып өзгертілген.
XS
SM
MD
LG