Accessibility links

Ресей интеллигенциясы Путиннен іргесін аулақ сала бастады


Жазушы Дмитрий Быков (сол жақтан бірінші) ксенофобияға қарсы наразылық шарасында. Мәскеу, 26 желтоқсан 2010 жыл

Жазушы Дмитрий Быков (сол жақтан бірінші) ксенофобияға қарсы наразылық шарасында. Мәскеу, 26 желтоқсан 2010 жыл

«Путин өзінің қандай жағдайда қалғанын әлі сезіне алмай отырған сияқты. Бұл жүйенің іріп-шірігені соншалық, Путин өзі отырған бұтақты өзі кесіп жатса да білмейтін деңгейге жетті. Владимир Путиннің дәурені аяқталды»,-дейді Ресей интеллигенциясының өкілі.


«СОҢҒЫ ҮМІТТІҢ ҮЗІЛУІ»

Тағы бір рет сайлауға қатысуға мүмкіндігі бола тұра Ресей президенті Дмитрий Медведевтің 2011 жылы 24 қыркүйекте өзінің келесі сайлауға түспейтінін мәлімдеп, «Единая Россия» партиясын премьер-министр Владимир Путиннің кандидатурасын қолдауға шақыруы Ресей қоғамындағы либералистік ой-пікірдің соңғы үмітін үзіп кетті деп жазады саяси сарапшылар.

2008 жылдан «тандем» құрап келе жатқан екеудің өздері айтқандай «әуел баста-ақ ойластырылған» бұл сценарий билік партиясы - «Единая Россия» мен оның жетекшілеріне, әсіресе осыған дейін бір рет премьер-министр, екі рет президент қызметін атқарған және қазір де премьер-министр қызметінде отырған Путинге деген Ресей қоғамындағы саяси күштер мен түрлі әлеуметтік топтардың да наразылығын үдетті.
Болотная алаңында өткен Путинге қарсы шеруге жүздеген мың адам жиналды. Мәскеу, 17 желтоқсан 2011 жыл

Болотная алаңында өткен Путинге қарсы шеруге жүздеген мың адам жиналды. Мәскеу, 17 желтоқсан 2011 жыл


Оппозициялық күштер «өрескел бұрмалаушылықтар орын алды» деп бағалаған желтоқсанның 4-індегі Дума сайлауынан кейінгі наразылық акцияларына бұрын саяси процестерге бейтарап қарап келген топтар да, тіпті билік ықпалындағы ақпарат құралдарында жұмыс істейтін танымал журналистер мен жазушылар да араласты. 10 желтоқсанда Ресейдің 99 қаласы мен шетелдің 42 қаласында өткен наразылық акцияларын саясаттанушылар соңғы жиырма жылда Ресейде болған ең ірі наразылық акциясы деп атаған еді.

«ПУТИННІҢ ШАҚЫРУЫНАН БАС ТАРТТЫ»

Ресей ақпарат құралдары биыл қаңтардың 13-іне «бір топ белгілі журналистер мен жазушылар премьер-министр Путиннің баспасөз күніне орай журналистерге сыйлық тапсыру рәсімінен саналы түрде бас тартқанын» жазды.

Бас тартқандар қатарында аталған танымал тележүргізуші Владимир Познер, публицист Дмитрий Быков, «Новая газетаның» бас редакторы Дмитрий Муратов, «Вокруг света» баспа үйінің бас редакторы Сергей Пархоменко және жазушы Григорий Чхартишвили (Борис Акунин) жоғарыда аталған наразылық шараларды ұйымдастырушылардың қатарында болған еді.

«Коммерсант» газетінің бас редакторы Михаил Михаилин, «Независимая газетаның» иесі Константин Ремчуков, «Комсмольская правданың» директорлар кеңесінің төрағасы Владимир Сунгоркин және «Известия» газетінің шығарушысы Арам Габрелянов та түрлі себептермен салтанатты шараға «қатыса алмай қалды».

Арада бірнеше күннен соң «Эхо Москвы» радиосының бас редакторы Алексей Венедиктовтың ұсынысынан кейін бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілерімен кездескен Путин оппозиция өкілдерін кездесуге шақырып «келтіре алмай жүргенін» айтқан еді.
"Эхо Москвы" радиосының бас редакторы Алексей Венедиктов Ресей премьер-министрі Владимир Путинмен әңгімелесіп тұр. Мәскеу, 13 қаңтар 2012 жыл

"Эхо Москвы" радиосының бас редакторы Алексей Венедиктов Ресей премьер-министрі Владимир Путинмен әңгімелесіп тұр. Мәскеу, 13 қаңтар 2012 жыл


«Оппозиция пікірталас өткізейік десек, билік бізді тыңдамайды дейді. Ал өздері шақырсақ та келмейді. Жүздесіп, пікірлесуге мен де, менің әріптестерім де дайын. Әсіресе «кейбіреулерді» бірнеше рет шақырдық. Бір рет те келген жоқ, - деді Путин. Азаттық радиосының орыс редакциясы публицист Дмитрий Быковтан осы «шақырулардың» мәнісін сұрап көрген еді.

- Мені бір-ақ рет шақырды, - деді ол. - Бірақ бұл кездесуді премьер-министрдің туған күніне орайластырып қойыпты. Кездесуді құттықтау салтанатына айналдырғым келмейтінін айтып бас тарттым. Ал соңғысында әлдебір әйел телефон шалды да «үкімет сыйлығы тапсырылар шараға келесіз бе» деді. Бармаймын дедім.

Сыйлық тапсыру рәсімін арнайы кездесіп, пікірлесумен шатастырмау керек. Егер ол бізбен шынымен сөйлескісі келсе, онда ашық сөйлесейік. Тікелей эфирге шығайық, не сөйлескенімізді жұрт та білсін, әйтпесе Путинің аяғына жығылып, қолын сүйіпті деуі мүмкін ғой ,- дейді Дмитрий Быков.

«ПУТИННІҢ ДӘУІРІ АЯҚТАЛДЫ»

Путин «кездесуге шақырып келтіре алмай жүрген» адамдардың бірі жазушы Борис Акунин болса «Путиннің дәуірі аяқталды» деп санайды. Ол Азаттық радиосының орыс редакциясына берген сұқбатында «өзіне ұнамайтын жайттарды қозғайтын адамдармен кездесудің Путинге керегі не? Шақырып едім, келмеді деген сөз – орайы келгенде айта салған сөз» дейді.
Жазушы Борис Акунин. Мәскеу, 20 қаңтар 2011 жыл

Жазушы Борис Акунин. Мәскеу, 20 қаңтар 2011 жыл


- Меніңше, Путин өзінің қандай жағдайда қалғанын әлі сезіне алмай отырған сияқты. Бұл жүйенің іріп-шірігені соншалық, Путин өзі отырған бұтақты өзі кесіп жатса да білмейтін деңгейге жетті. Құдай біледі дейін, Владимир Путиннің дәурені аяқталды, - деді Борис Акунин.

Ресейлік саяси сарапшы Альфред Кох та Владимир Путиннің рейтингі күн сайын тоқтаусыз құлдырап бара жатқанын айтады. Халық алдында абыройы артып тұрған кезде саясаткердің айтқан сөзі қашан да әсерлі. Ал абырой азая бастаған саясаткер не айтса да өзіне таяқ болып тие береді, - дейді ол да.

«САЙЛАУШЫЛАР ЛИГАСЫ»

Таяуда жоғарыда аталған бір топ Ресей интеллигенциясы «Сайлаушылар лигасы» деп аталатын қозғалыс құратынын мәлімдеді. Мақсаты - алдағы президент сайлауына жаппай қоғамдық бақылау жасап, азаматтық қоғамның белсенділігін барынша арттырмақ.

Қозғалыс құрылтайшыларының бірі танымал блогер және журналист Илья Варламов Азаттық радиосының орыс қызметіне берген сұқбатында:

– Соңғы он жылда халық ешбір сайлауға сенбейтін болды. Өйткені сайлауда әділдіктің жоқ екенін көздері жетіп отыр. Әділ сайлау өткізбей ел сенбейді ешқашан. Біз сол үшін біріктік, «Сайлаушылар лигасын» сол үшін құрдық. Мұнан кейін әрбір адам сайлау кезінде бақылаушыға айналатын болсын, - деді.

«БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙДЫ ЖАСАП ҚОЙДЫҚ»

Ресей оппозициясы мен интеллигенциясы 2011 жылы Дума сайлауына наразылық білдіріп, Путинді үшінші мерзімге сайлауға қарсылық танытып жатқанда Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаев жиырма жылдан астам уақытқа созылған президенттік қызметін әрі қарай жалғастырып жатыр.

Желтоқсанның 16-сындағы Жаңаөзен оқиғасынан он бес күн бұрын Қазақстан ғалымдары Нұрсұлтан Назарбаевқа «Ғасыр ғұламасы» деген атақ берсе, Жаңаөзен оқиғасынан кейін қазақ интеллигенциясының көпшілігі «бүлікшілерді» айыптай сөйлеген болатын.

Биыл қаңтар айында 100-ден астам қазақ интеллигенциясының өкілі президент Нұрсұлтан Назарбаев стипендиясына ие болды. Осы салтанатты рәсімде «алдағы парламент сайлауының әділ де, ашық өтуіне барлық жағдайды жасап қойдық» деген президент Назарбаев интеллигенциямен "диалогын" әнші Ермек Серкебаевқа қосылып ән шырқап аяқтады.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG