Accessibility links

Соңғы кездері Ресей президенті Владимир Путин СССР-дің негізін қалаған Владимир Лениннің атына көп сын айтатын болып жүр. Бұл Кремльдің таяп қалған Октябрь революциясының бір ғасырлық мерейтойынан қауіптенетінін көрсетеді.

Ең алғашқы төңкеріс «раушан төңкерісі» де емес, «қызғылт-сары» да емес, большевиктердің «қызыл революциясы» болатын.

Ол Тбилисиде не Киевте болған жоқ, оны ешкім Вашингтонда не Брюссельде «жоспарлаған» жоқ. Шын мәнінде ол Владимир Путиннің туған қаласында басталды.

Осыдан бір ғасырдай бұрын Ресей алғаш рет түрлі-түсті революцияны ойлап тапты.

1917 жылғы большевиктер революциясының бір ғасырлық «мерейтойы» жақындап келеді, ал Ресей экономикасы құлдырап барады, осындай қысылтаяңда бұл тарихи оқиғаның 100 жылдық датасының келуі Путиннің құтын қашыратын сияқты.

«БІЗГЕ ҒАЛАМДЫҚ РЕВОЛЮЦИЯ КЕРЕК ЕМЕС ЕДІ»

Осы аптада Ставропольде Кремльді қолдайтын белсенділер алдында сөйлеген Ресей президенті Екінші Николай патшаны отбасымен қоса қырып салғаны үшін Совет мемлекетінің негізін қалаушы Владимир Ленинді және большевиктерді қатты сынап, «мыңдаған діни қызметкерді өлтірген олар мемлекеттілік іргесіне бомба қойды» деп мәлімдеді.

Совет мемлекетінің негізін қалаған Владимир Ленинге ұқсайтын адам қазіргі Ресей президенті Владимир Путиннің Мәскеудегі Манежный алаңындағы макетіне қарап тұр. (Көрнекі сурет)

Совет мемлекетінің негізін қалаған Владимир Ленинге ұқсайтын адам қазіргі Ресей президенті Владимир Путиннің Мәскеудегі Манежный алаңындағы макетіне қарап тұр. (Көрнекі сурет)

Осының алдында, қаңтардың 21-і күні Лениннің қайтыс болғанына 92 жыл толуына орай пікір білдірген ол революция көсемін түйреп өтті.

- Белгілі бір идеяға бағынып билік құрған дұрыс, бірақ егер ол идея Владимир Ильичтікіндей емес, лайықты нәтижеге жеткізетін болса. Ақыр соңында әлгі идея Совет Одағының күйреуіне алып келді. Бізге ғаламдық революцияның қажеті жоқ еді, - деді Путин.

Кремль басшысының Ленинді қаралайтын пікірді жиі айта бастауы Ресейдегі саяси режимнің келесі жылы болатын революцияның 100 жылдығын қалай ескерудің ретін таппай, дағдарып отырғанын білдіреді.

Оның үстіне Ресей элитасында «2017 жыл революция жылы болады» деген қорқыныш бар тәрізді. Саяси коментатор Алина Витухновская «Кремль түсіне және мәніне қарамастан, кез келген революциядан қорқады, себебі қазіргі Ресей үкіметі өздеріне баламаның болуынан сескенеді» деп жазды.

СОВЕТ МҰРАСЫН ЕКШЕП ПАЙДАЛАНУ

Кремльдің қорқынышы осыдан бірнеше ай бұрын біліне бастады.
1917 жылғы революцияның 98 жылдығын еске алудың орнына былтыр қарашаның 7-сі күні Ресей басшылығы революцияның 24 жылдығын атап өткен шерудің 74 жылдығын тойлады. Бұда кез келген адам шатасуы мүмкін. Оның мәні мынадай - сол күні Қызыл алаңға жиналған мыңдаған адам 1941 жылы қарашаның 7-сі күні өткен әскери шеруді еске алды. Екінші дүниежүзілік соғыс қызып тұрған тұста өткен бұл шеруде халық ұлы төңкерісті атап өтіп, майдан шебіне мыңдаған жауынгер аттандырған еді.

Путин советтік символизм мен ностальгияны өз билігін нығайту мақсатына жиі қолданып келеді. Совет мұрасының қайсысын пайдаланып, қайсысын кері ысырғанына қарап, режимнің неден үрейленетінін аңғару қиын емес.

Украина астанасы Киевтің орталық алаңындағы сурет. Плакатта (солдан оңға қарай) Адольф Гитлер, Иосиф Сталин және Ресей президенті Владимир Путин. 28 шілде 2014 жыл.

Украина астанасы Киевтің орталық алаңындағы сурет. Плакатта (солдан оңға қарай) Адольф Гитлер, Иосиф Сталин және Ресей президенті Владимир Путин. 28 шілде 2014 жыл.

Кремль советтік идеализм мен 1917 жылғы төңкерісті елемеуге тырысады. Есесіне Сталиннің әскери тәртібін үлгі тұтады. Қуғын-сүргін мен халықты жұмылдыру әдістерін қолданады. Ал революционер Ленинді қажетсінбейді. Мемлекет құрушы ретінде Сталинді үлгі етеді.

Кремльді ұзақ жылдан бері зерттеп келе жатқан Пол Гобл блогында «Путин революцияның мерейтойынан революцияның өзін алып тастады» деп орынды жазды.

Оның айтуынша, бұл Путиннің «революциялық өзгерістен қорқатынын» және «өзі қатты бағалайтын совет мұрасын мүмкіндігінше революциядан оқшау етіп қарастырғысы келетінін» айғақтайды. Басқаша айтқанда, Кремль Ресей халқының төңкеріс туралы көп білмегенін, ол туралы мүлде ойламағанын қалайды.

ДЕМАГОГИЯЛЫҚ ӘДІС

Оның орнына халық санасын жеңіске бастайтын соғысқа жұмылдыру пайдалырақ.

Революция датасын Сталиннің Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңісі мерекесіне айналдырардан бірер ай бұрын Путин «Ресейдің Бірінші дүниежүзілік соғыста жеңілуіне большевиктер кінәлі» деген пікір айтты.

Кремльді қолдайтын жастардың «Селигер» жазғы форумында сөйлеген кезінде Путин «1917 жылы әлдекімдер құлату мақсатында Ресейді шайқап жатты, олардың қатты шайқағаны сондай, Ресей мемлекет ретінде күйреп, өзінің жеңілгенін мойындады» деді.

Путин мен Ленин туралы Евгения Олейниктің карикатурасы.

Путин мен Ленин туралы Евгения Олейниктің карикатурасы.

Путин большевиктерді «Ресейдің батыр солдаттары мен офицерлері Бірінші дүниежүзілік соғыс майданында қан кешіп жатқанда Ресейдің ұлттық мүдделерін сатып, жеңіліс тілеп отырған» деп қаралады.

«Сноб» сайтындағы сараптамасында саяси комментатор Артем Рондарев Октябрь революциясының бір ғасырлық мерейтойы таяп қалған тұста Путин мен оның айналасындағылардың парадокс жағдайын сипаттайды.

«Бізде СССР-ға деген сүйіспеншілік сол СССР-ды құрған революция өзімен ала келген дүниенің бәріне – авангардқа, феминизмге, еркін моральға, әлеуметтік өзгеріске деген жиіркенішпен қисынсыз түрде астасып жатыр. Мұның барлығы қарашаның 7-сін еске алмау деген бір ғана демагогиялық әдіспен жүзеге асырылып отырған сыңайлы» деп жазды Рондарев.

Брайан Уайтмордың блогы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG