Accessibility links

Ресейдегі антиамериканизмнің түп-тамыры


Ресейдің АҚШ-пен тіресетін жоспары жоқ, ондай сахнаға шыға алмайды, жетекші рөлді атқара алмайды.
Ресейдің АҚШ-пен тіресетін жоспары жоқ, ондай сахнаға шыға алмайды, жетекші рөлді атқара алмайды.

Антиамериканизм қазір Ресейдің дініне айналды. Ол – бір жағынан нұсқаулық, бір жағынан әмбебап индульгенция. Ғаламдық жылынуды, әлемдік қаржы дағдарысын, орыс жемқорлығының себептерін де АҚШ-қа жабуға болады. Керек десеңіз «үйде неге су жоқ?» деген сауалға да жауап осы тараптан табылады.

Қорыққан бұрын жұдырықтайды

Төбелес біткен соң жұдырық сермеудің еш қиысыны жоқ екені белгілі, ал төбелес жоқ жерде жұдырық сермеу – тіпті қауіпті. Төбелессіз жұдырық сермеу үшін адам шынымен қуыстануы, тым қатты сақтанып тұруы керек. Ондай адам қорыққаннан қос көрініп, біреуді сұлатып тастауы мүмкін. Антиамериканизм де сол тәрізді - Кремль қолын жанталаса сермеп, мұхиттың ар жағындағы АҚШ-қа жұмбақ ескерту жіберіп, қоқан-лоқы көрсетумен әлек. АҚШ бұл көрініске абдырай қарап, бұл «ұрыс бастаудың сылтауы ма, әлде сезімді білдірудің ерекше әдісі ме?» деп бас қатырып отыр.

Ядролық қарумен бопсалау, Калининградтағы - «Искандер», Сириядағы С-300 зымырандары, Куба мен Вьетнамдағы базалар, күлкілі ультиматумдар (ядролық отынды өңдеу туралы келісімнен шығу сияқты), Ресей сыртқы істер министрлігінің бірінен бірі асқан сорақы «жұмбақ ескертулері» – Ресей осының бәрін қазір төпелеп-ақ жатыр.

Бұл – ескі сүрлеудің жалғасы емес, жаңа, ерекше бір сапаға өтудің басы тәрізді. Бұл стилистиканың артында невротикалық сасқалақтау, ал бітпейтін қоқан-лоқының артында жасыруға келмейтін бір қалшылдау тұр. Жаңа антиамерикалық қорқыныштың қарабайыр әрі рационалды негіздері бар. Олар – аусарлық, күйгелектік және үрей. Орыс билігі бір мезетте осы үшеуін де басынан өткеріп жатыр.

Ресейдің аусарлығы

Кремль кейде «бізде ешқандай антиамериканизм жоқ» деп ақталып қояды. Мәскеу әлем сахналарында «Біз сендерді жерлейміз» деген совет спектаклін қайта қойып жатқандай көрінеді. Кремльдің қорқынышты спектакльдері – фантастикалық сандырақ, ал Ресей сыртқы саясатының шынайы мақсаттары қарабайыр әрі түсінікті. Мәскеу «бізді жайымызға қалдырыңдар, ісімізге араласпаңдар және бұрынғы Совет империясының аумағын біздің ықпалымызға қалдырыңдар» деген айқын сигнал жіберіп жатыр. Кремльге бұл сигнал әділетті болып көрінеді, ал Батыстың мұны түсінбеуі Ресейді есінен адастыратын болды.

Шыдамсыздықтан әлі құрыған Кремль Американы «піскілеп», дұрыс жауапты «нұқып көрсете» бастады. Соған қарамастан, Ресейдің (қазіргі жағдайда және осы билік орнында тұрғанда) Америкамен әлемдік деңгейде тіресетін жоспары жоқ. Олар өздерінің ішкі, майда-шүйде жоспарларын ғаламдық мақсат етіп күмпитіп көрсетеді.

Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри. Қытай, 5 қыркүйек 2016 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри. Қытай, 5 қыркүйек 2016 жыл.

Кремль Ресейді Оңтүстік Корея сияқты елестетеді. Олар мемлекет қамқорлығындағы нарықтық экономикасы бар қатаң авторитарлық жүйені қалайды. Сондықтан оларда үнемі саяси екіжүзділік көрініс табады: бір тарапта - үрей шырмауындағы «қабағы түюлі» күштік құрылым өкілдері тұрса, екінші тарапта - ортодоксалды-монетарлық сенім жетегіндегі «жадыраңқы» либерал экономистер тұр.

Путин екі тараптың ешқайсысының бір-бірін «жеп қоюына» мүмкіндік бермейді, десе де екі тарапта да қарсыласыңды жеп қоюыңа мүмкіндік бар деген иллюзияны оята алады. Бірақ басты мәселе - орыстың мәдени және саяси дәстүрін ескерер болсақ, мұндай саяси-экономикалық екіжүзділікті жасанды жолмен ұзақ уақыт ұстап тұру – қиынның қиыны. Сондықтан Кремль, әрине, Оңтүстік Кореяны көкейде ұстағанымен, ақыр соңында Солтүстік Кореяға «айналып кетуі» мүмкін.

Өзін өзі алдаудың әлегі

Орыс саяси мәдениетінің таңғаларлық ерекшеліктерінің бірі – элита өзін гипноз жағдайына енгізе алады. Ресейде басқаларды алдау үшін жасалатын нәрселер әдетте өзін-өзі алдауға ұласып жатады. Антиамериканизм саяси құрал ретінде қайта ойлап табылды, бірақ ол көз алдымызда көзсіз мақсатқа айналып барады.

Бір нүктеде өте көп трендтер тоғысқан болып шықты, бұлардың барлығы бірігіп, күшті жиынтық әсер берді. Біріншіден, қазір де саяси белсенділігін жоғалтпаған бірнеше буын өкілдерінің сүйегіне сіңіп қалған баяғы ескі советтік антиамериканизмнің оты әлі сөнген жоқ. Ол сана түкпірінде бықсып жатты, совет үгіт-насихатының жарық жұлдызы кішкене тамызықтың әсерімен қайта лаулай жөнелді. Екіншіден, «версаль синдромы» іске қосылды, бұл жағдайда империялық ностальгия пешке лақ еткізіп құя салған бір шелек жанармай іспетті болды.

Сондықтан Кремльге қайықты ұзақ уақыт шайқап тұрудың қажеттігі болмады, ол өзінен-өзі аударылып қалды. Барлық сұраққа оп-оңай әрі ұғынықты жауап тапқан миллиондаған жұрт үстінен жүк түскендей жеңілдеп сала берді. Таным-түсініктерінде бір-бірімен қабыспайтын қайшылық бар екені оларды еш қымсынтпайды. Мәселен [Ресей билігі риторикасында] Америка бір жағынан құрдымға кетіп бара жатса, екінші жағынан әлемді билеп-төстеп әкетіп бара жатады. Бірде ол «жалғыз ұлы держава» бола қалады да, енді бірде ол геосаясаттағы «ақсақ үйрек» (шипасы біткен ел – ред.) болып шыға келеді.

Ресей президенті Владимир Путин.
Ресей президенті Владимир Путин.

АҚШ-тың қаскүнемдігі туралы конспирологиялық аңыз көбейді – әлемде америкалықтар қасақана жоспарламаған қылмыс, конфликт, пасық әрекет қалмады. Халық жаһанды жалмаған «зұлымдықты» тауып, «әшкерелеудің» соңына түсіп кетті, енді бұдан шығу оңай болмайды.

Экономикалық гипоксия үрейі

Аусарлық та, күйгелектік те бұрыннан, бәлкім Болотный алаңындағы бүліктен және Қырымды аннексиялаудан бері жалғасып келеді. Бірақ соңғы айдағыдай жанталас ешқашан болмаған. Бұл жолы бұрын-соңды болмаған жаңа нәрсе – үрейден қалтырау қосылды.

Экономикалық дағдардыс жүйеге теледидардан айтып жатқандағыдан әлдеқайда ауыр зауал алып келеді деген қорқыныш биліктің санасын торлап алды. Сарапшылар қауымдастығы Ресей санкциялардың құрсауынан оңай шығып кете алады деп тым асығыс тұжырым жасап қойса керек. Әрине, қысқамерзімдік перспектива тұрғысынан «украин мәселесінде» Кремльге қысым жасау құралы ретінде санкция әдісі онша тиімді бола қоймады. Ал ұзақмерзімдік тұрғыдан алғанда ол Ресей экономикасын біртіндіп тұншықтырып жатыр.

Ресей алып қаржы пирамидасын, құрлықтың жетіден бір бөлігін алып жатқан «МММ» компаниясын елестетеді. Сондықтан, Ресейді қаржы нарығынан «ажыратып тастау» Кремльге қиын әсер етеді, бұл оны экономикалық гипоксияға алып келеді.

Менің күдігім бойынша, мұның бір себебі Ресей экономикасы жұрт айтып жүргендей «шикізат» экономикасы емес, «спекулятивтік» экономика болғандығында жатыр.

Тұрақтылықты сақтауда Кремльдегілер жалған жиіркенішпен айтатын «спекулятивтік» капитал мен несие үлкен рөл ойнады. Ресей алып қаржы пирамидасын, құрлықтың жетіден бір бөлігін алып жатқан «МММ» компаниясын елестетеді. Сондықтан, Ресейді қаржы нарығынан «ажыратып тастау» Кремльге қиын әсер етеді, бұл оны экономикалық гипоксияға алып келеді. Әрине, біраз уақыт валюта бағамын еркіне жіберіп, «тыныстай» тұруға болады, бірақ мұнымен ұзаққа бара алмайсың ғой...

Ресей тірелген тығырық

2014 жылдың қысында контрреволюция болған кезден бастап Ресейдің ішкі және сыртқы саясаты тығырыққа қамалды.

(Ең әуелі экономикалық жағдайдың нашарлауынан болған) саяси тұрақсыздық қаупі «мобилизациялық саясаттың» күшеюіне алып келді, сөйтіп ішкі наразылықты сыртқа қарай бағыттау керек болды (Украина, Сирия, Түркия, келесі кезек - АҚШ-тікі). «Мобилизациялық саясаттың» күшеюі агрессияның артуына, Батыспен тәжікелесуге алып келетіні анық. Ал Батыспен тәжікелесудің соңы жаңа санкциялардың қабылдануына түрткі болады. Санкциялар экономикалық жағдайды одан әрмен ушықтырып, «науқасқа» «мобилизациялық адреналиннің» жаңа дозасын салуға итермелейді, ал бұл жаңа эскалация мен жаңа санкцияларды тудырады, сөйтіп шеңбер бойынша кете береді...

Кремль осы саяси доңғалақтың ішіндегі тиін іспетті дамылсыз жорғалап келеді. Ұзаққа созылған «мұнай кеңшілігі» кезінде бұл тиін біраз қоң жинап алған, ал алда қаһарлы қыс тұр, оның жүрегі де сыр беруі мүмкін. Мұның тығырық екенін түсінген Кремль шығатын жол іздеп әуре. Ол тиін емес, қасқыр болғысы келеді (немесе сондай кейіп танытады). Жаңа бопсалау әдісінің мәнісі де осында жатыр: Батысты бірінші болып кері қадам жасауға көндіру, сөйтіп режимнің өз ажалымен өлуіне мүмкіндік беру үшін қандай түрде болса да санкция қысымын жеңілдету.

Өлмейтін Кощейдің ажалы

Ресейдің сыртқы саясаты оның ішкі саясатының жалғасы болған кез келмеске кетті. Қазір бәрі керісінше: Ресейдегі бар тіршілік атаулы «Батысты қорқытып, шегінуге мәжбүрлеу, санкцияларды алғызып, капитал нарығына режимнің жолын ашу» деп аталатын сыртқы саясаттағы жаңа мақсатқа қол жеткізуге жұмыс істеп жатыр.

Мұны қарапайым жолмен түсіндіруге болады: ел ішіндегі режимге қауіп төндіретін қатердің барлығы жойылды. Саяси және экономикалық тұрақтылық сақталған жағдайда тіпті Путин кеткен күннің өзінде бұл режим өзін-өзі қайта түлетіп отыруға қауқарлы. Алайда бұл статус-квоның сақталуы Батысқа (ең алдымен АҚШ-қа), соның ішінде оның санкцияға қатысты ұстанымына байланысты. Психикалық шабуылға төтеп беріп, қысымды, соның ішінде санкциямен құрсаулауды жалғастырса, қазіргі Ресей СССР-дің кебін киеді. Қорқып, кері шегінсе, онда процестің аяқталуы тағы бірнеше онжылдыққа шегеріледі.

Кремльдің АҚШ-тағы сайлау додасын жіті бақылап отырғаны таңғалдырмайды. Өйткені, АҚШ-тың келесі президентінің қолында қазіргі режимнің ажалы жасырылған экономикалық жұмыртқа болады. Айдағанға көнбейтін ұрда-жық бизнесмен Трампқа қарағанда байсалды Клинтон бұл нәзік жұмыртқаны ұқыптап ұстауы мүмкін. Сондықтан, Кремльдің бұл ойында [Трампты] таңдауы ақылға қонымсыз көрінеді.

Владимир Пастуховтың комментариі ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG