Accessibility links

Немцовтың әшкерелеуші зерттеуін жолдастары аяқтады


«Путин. Соғыс» деп аталған Ресей оппозициялық саясаткері Борис Немцовтың кітабының алғашқы данасы баспадан шықты. Кітапты ұстап отырған - Борис Немцовтың досы Илья Яшин.

«Путин. Соғыс» деп аталған Ресей оппозициялық саясаткері Борис Немцовтың кітабының алғашқы данасы баспадан шықты. Кітапты ұстап отырған - Борис Немцовтың досы Илья Яшин.

Ресей саясаткері Борис Немцов ақпанның 25-і досы Илья Яшинге келіп, маңызды зерттеу материалын шығаруға көмек сұраған. Зерттеу Украинада жасырын соғысып жатқан Ресей солдаттары туралы болған.

Екі күннен соң Ресей президенті Владимир Путинді ашық сынап жүрген саясаткер Борис Немцов үйіне қайтып бара жатқан жерінде, Кремльдің іргесінде оққа ұшты.

Немцовтан қалған материалдарды жинақтаған Яшин бастаған белсенділер мен журналистер марқұм аяқтай алмай кеткен зерттеуді өздері бітіріп, ақырғы нұқсасын жариялады.

– Оны өлтіріп кеткеннен кейін есеңгіреп қалдым. Есімді жиған соң «оның бастап кеткен зерттеуін соңына жеткізу – досымның алдындағы борышым» деген ұйғарымға келдім, – дейді Яшин Азаттыққа берген сұхбатында.

«Путин. Соғыс» деп аталған бұл еңбектің алғашқы данасы баспадан шықты, тұсаукесері бүгінге жоспарланған. Мазмұнын жария етпеуге уәде алған соң ғана шығарушылар Азаттық тілшісіне кітаптың алғашқы данасын көрсетті.

– Кітап шықпай жатып үлкен проблемалар болды. Баспаханаларға қысым жасалып жатыр, сондықтан мамыр айында кітапты көп тиражбен шығарудың өзі арнайы операцияға айналатын сияқты. Бұған етіміз үйреніп кеткен. Борис Немцов та мұндайды бастан кешкен. Сондықтан, мұның бәрін жеңеміз деп ойлаймын, – деді И.Яшин.

«ҚАЗА ТАПҚАН ОН ЖЕТІ ДЕСАНТ»

Яшин мен жолдастары әу баста «толық зерттеу етіп құрастыратындай материал бар ма?» деп ойланған.

- Немцов бұл еңбектің жоспарын жасап, материалдарын жинастырып, бағыт-бағдарын айқындап қойған. Оның қолында Ресей әскерінің Украина жерінде соғысқанын дәлелдейтін түрлі құжаттар болды. Ол тіпті Украинаның шығысында қаза тапқан солдаттардың туыстарымен де сұхбаттасқан, - дейді Яшин.

Бірақ саясаткердің қазасынан соң оның шағын архиві жоғалып кетті. Ресей құқық қорғау органдары «Немцовты өлтірді» деген күдікпен Шешенстанның бес тұрғынын қамауға алғаны белгілі. Оппозициялық саясаткерлердің айтуынша, «полиция нағыз қылмыскерлерді ешқашан таппайды, себебі тергеудің ұшы Кремльге алып баруы мүмкін».

Борис Немцов (сол жақта) пен Илья Яшин (сол жақтан үшінші тұр) Мәскеудегі соғысқа қарсы маршта тұр. 2014 жылдың наурызы.

Борис Немцов (сол жақта) пен Илья Яшин (сол жақтан үшінші тұр) Мәскеудегі соғысқа қарсы маршта тұр. 2014 жылдың наурызы.

Борис Немцовтың достары «оны атып кеткеннен кейін тергеушілер үйін тінтіп, компьютерлерін, ақпарат сақтаған дискілері мен қойын дәптерлерін алып кетті» дейді.

– Алғашқы аптада тергеушілер алып кеткен материалдарды қайта жинақтаумен айналыстық. Ол біраз құжаттарды көмекшілеріне, қызметкерлеріне қалдырған екен. Біз тапқан құжаттардың арасында Немцовтың қаза боларының алдында көмекшісі Ольга Шоринаға жазып қалдырған бір парақ қағазы да бар, – дейді Яшин.

Ауызша айтса, тыңдайтын құралдар жазып алады деді ме екен, бір параққа қолмен жазылған қағазда «Десанттармен байланыстамын. Он жетісі қаза тапқан. Олар ақшаларын да алмапты. Бірдеңе деуге қорқады» деген сөйлем бар. Бұл қағазды наурыз айында Reuters агенттігі жарыққа шығарды.

Киев пен Батыс мемлекеттері «Шығыс Украинадағы сепаратистерге қару-жарақ беріп, әскер жіберіп көмектесіп отыр» деп Ресейді айыптайды. Ал Кремль мұны жоққа шығарып келеді.

«НЕМЦОВ ҚАЗАСЫНАН СОҢ КУӘЛЕР ҚОРҚЫП ҚАЛҒАН»

Яшин мен оның әріптестері Немцов айтқан адамдардың біразын тауып, тілдесіп көрген. «Бірақ оларды диктофонға сөйлету мүмкін болмады» дейді Яшин.

– Немцовтың қазасынан соң олардың қандай күйде екенін өздеріңіз де түсініп отырған шығарсыздар. Біз олармен сөйлесіп, нақты әрі өте маңызды ақпарат алдық. Бірақ ол кісілер аты-жөндерін ашық жариялаудан бас тартты. Оларды «Жасырын түрде айтқанша, ашық айтсаңыздар сіздер үшін анағұрлым қауіпсіз болады» деп сендіріп көріп едік, бірақ онымыздан түк шықпады. Ең басты проблема – жұрттың бойындағы үрей болды, - дейді Илья Яшин.

Борис Немцов қаза тапқан жердегі гүлдер мен суреттер. Мәскеу, 18 сәуір 2015 жыл.

Борис Немцов қаза тапқан жердегі гүлдер мен суреттер. Мәскеу, 18 сәуір 2015 жыл.

Журналистік зерттеуді бүгін, мамырдың 12-сі күні, Немцовтың өзі құрған ПАРНАС партиясының Мәскеудегі штаб-пәтерінде таныстырады. Ондағы материалдардың көбі - ақпарат құралдарында ашық жарияланған мәліметтер. Борис Немцов көзі тірісінде жариялаған сегіз зерттеудің барлығы да ашық ақпарат көздерінен алынған материалдар негізінде жазылған. Ол зерттеулер көбіне елдегі және Сочи олимпиадасындағы жемқорлық туралы болған.

Бұл зерттеуге Ресейдің белгілі оппозициялық саясаткерлері мен журналистері де үлес қосты. Еңбекке Украинаның шығысынан материалдар жариялаумен аты шыққан «Коммерсант» газетінің журналисі Илья Барабановтың, либералдық бағытты қолдайтын «Яблоко» партиясының Псков қаласындағы өкілі Лев Шлосбергтің материалдары қосылған.

Украинадағы соғыста қаза тапқан жауынгерлерді құпия түрде жерлеу рәсімін жариялаған Шлосбергті белгісіз біреулер ұрып кеткен еді.

«МАҚСАТЫМЫЗ – ӨТІРІКТІ ӘШКЕРЕЛЕУ»

Зерттеудің алғашқы үш мың данасын шығаруға Яшин мен оның жолдастары өз қаражаттарын жұмсаған. Оның үстіне олар зерттеудің электронды нұсқанын интернетте жарияламақ. Интернет арқылы халықтан ақша жиналған соң, мамырдың соңына қарай кітапты көп тиражбен тарату жоспарланған. Дегенмен бұрынғы тәжірибе көрсеткендей, қастандықтан қаза тапқан саясаткердің еңбектерін жұртқа тарату оңай шаруа емес.

2010 жылы Борис Немцовтың Путин билікте болған алғашқы 10 жылда жемқорлықтың күшеюі туралы зерттеуі жарияланған. Полиция осы еңбектің 100 мың данасы салынған көлікті тоқтатып, кітаптарды тартып алған. Кейінірек сол кітап жарияланған сайтқа хакерлік шабуыл жасалды.

Шағын тиражды шығарудың өзінде қандай кедергіге тап болғанымызды ескерсек, бұл кітаптың қоғамға әсері де үлкен болатыны анық. Біз ең жанды жерден соққы береміз. Жұмыстың мақсаты – өтірікті әшкерелеу.

Ақпанның 27-сі күні Борис Немцов оққа ұшты. Оның қазасына қайғырған жұрт көп. Мәскеудегі оқиға орнында әлі күнге гүл шоқтары және Немцовтың фотосуреттері тұр.

Десе де, соңғы сауалнама нәтижелеріне қарасақ, Ресей халқының көпшілігі Путиннің Украинаға қатысты жүргізіп отырған саясатын қолдайды. Соған қарамастан, Яшин «бұл зерттеу қоғамға қатты әсер етеді» деп сенеді.

– Шағын тиражды шығарудың өзінде қандай кедергіге тап болғанымызды ескерсек, бұл кітаптың қоғамға әсері де үлкен болатыны анық. Біз ең жанды жерден соққы береміз. Жұмыстың мақсаты – өтірікті әшкерелеу. Олар «Украинада Ресей әскері жоқ» дейді. Ал біз «бар» дейміз. Өтірігі шығып қалған Путинге бұл зерттеу қатты тиеді, – дейді Илья Яшин.

Том Бэлмфорттың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG