Accessibility links

Путин премьер мен патриархты «Батыспен беттесуге» жұмсады


Солдан оңға қарай: Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев, президент Владимир Путин және патриарх Кирилл.

Солдан оңға қарай: Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев, президент Владимир Путин және патриарх Кирилл.

Владимир Путиннің ең жақын екі одақтасы - Ресей праваслав шіркеуі патриархы Кирилл мен премьер Дмитрий Медведев шетелге ауыр міндет арқалап кетті, ал Ресей президентінің өзі елде қалды.

Ресей праваслав шіркеуінің патриархы Кирилл Кубада Рим папасы Францискпен тарихи кездесу өткізеді. Ал Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев Мюнхенде өтетін қауіпсіздік жөніндегі конференцияға қатысады. Бұл кездесулер Мәскеудің Украина және Сириядағы әрекеттеріне Батыс елдерінің алаңдап отырған тұсында өтпек.

МЮНХЕНДЕГІ ҚАУІПСІЗДІК КОНФЕРЕНЦИЯСЫ

Батыс елдері Мәскеудің Украина басқыншылығы мен Сириядағы шабуылдарын қатты сынайтыны белгілі. Сондықтан ресейлік патриарх пен премьердің шетелдегі кездесуінен соң Владимир Путин өз әрекетін жуып-шаюға мүмкіндік алуы мүмкін.

Ресей православ шіркеуінің басшысы патриарх Кирилл ақпанның 12-сі күні Рим папасы Францискпен Кубаның Гавана әуежайында тарихи кездесу өткізбек. 1000 жылдам астам уақыт бұрын христиан әлемі екіге бөлініп кетті, содан бері екі тараптың дінбасылары кездескен емес.

Премьер-министр Дмитрий Медведев ақпанның 12-сі және 14-і күндері Мюнхенде өтетін қауіпсіздік жөніндегі жыл сайынғы конференцияға қатысады. 2007 жылы Путин осы форумда Вашингтон мен Батысқа қатты шүйлігіп, екі тарап араздасып қалған еді.

Ресей экономикасы әлсіреп, Батыстың санкциясы күшейген сайын Путин Ресейдің әлемнен оқшаулануын азайтудың амалын қарастырып отыруы мүмкін. Екі халықаралық кездесуді Путин шынайы байланыс орнатуға пайдалана ма, әлде АҚШ пен Еуропаны аяқтан шалу оқиғасына айналдыра ма?

Сыртқы сипатына қарасақ, екі болжамның да кей жерлері орындалатын сияқты. Путиннің қауіпсіздік жөніндегі конференцияға өзі бармауы Ресейдің әлемдік имиджін одан ары бұзбаудың қамына ұқсайды. Путин Ресей православ шіркеуі мен католиктер арасындағы ежелгі дауға да араласқысы келмей отырғандай. Бірақ Путин Батыспен дауласудың да қыбын тауып, өткен айда немістің Bild газетіне берген сұхбатында «Мен Мюнхенге бармаймын» деп мәлімдеген.

ПУТИН ЖЕҢІСІНЕ СЕНІМДІ МЕ?

Бұл Путин үшін Батыспен қарым-қатынасты жақсартуға, тым құрығанда, өзі қалаған екі істі жүзеге асыруға: АҚШ пен ЕО салған санкциядан құтылу (Украинаның шығысында 9 мыңнан астам адамның қазасына себеп болған қақтығысты қоздырғаны үшін) және Сириядағы бомбалау әрекетін сынауды тоқтатуға қолайлы шара еді. Бірақ 2007 жылы Батысқа «қаһарын төгіп» кеткен Путиннің ол жаққа бармайтын екі негізгі себебі бар.

Ресей президенті Владимир Путин мен Германия канцлері Ангела Меркель 2007 жылғы Мюнхен конференциясында сөйлесіп тұр.

Ресей президенті Владимир Путин мен Германия канцлері Ангела Меркель 2007 жылғы Мюнхен конференциясында сөйлесіп тұр.

Біріншіден, Путин мен Германия канцлері Ангела Меркель өштесіп кетті. Ресейдің Украинаға басқыншылығынан соң Батыс Кремль ойлағаннан гөрі қатаң шараларға барды. Қазір босқындардың толассыз ағылуынан елдегі жағдайы қиындап тұрған Меркель Ресейдің Сириядағы әуе шабуына тіпті наразы.

Ақпанның 8-і күні ол «Сириядағы шабуылдардан аздап қорқу былай қалып, сұмдық шошитынын, ең алдымен бұл қақтығысқа Ресейдің араласуына қатты алаңдайтынын» айтты. Солайша қазір Путинге Германияға бару – жау шебіне кіргенмен бірдей. Бірақ Путиннің Мюнхенге бармаудағы басты себебі – баруды қажет деп таппауынан болса керек.

Дәл қазір Сирияда оның билігі жүріп тұр, біраз уақыттан соң Украина да осындай күйге түседі деп үміттенетін болар. Ресей әскері араласқан соң Сириядағы бес жылға созылған соғыстың сипаты өзгерді. Нәтижесінде президент Башар әл-Асадтың үкіметі жеңіске үміт арта бастады, енді ортақ шешімге келу мүмкін болса, ол Кремльге тиімді болмақ.

Сириядағы бейбіт тұрғындардың көптеп опат болғаны үшін Ресейді сынайтындар жетерлік және Ресейдегі саны көп мұсылман тұрғындар ұзаққа созылатын және шығыны көп бүлік шығаруы мүмкін. Бірақ дәл қазір Путин басқалар АҚШ пен арадағы прокси-соғыс деп санайтын қақтығыста жеңіске жететініне сенімді сияқты.

МЕДВЕДЕВТІҢ МІНДЕТІ

Конференция алдында Вашингтонға қысым жасау мақсатында сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ресейдің шиеленісті тоқтатуға қатысты «нақты жоспары» бар екенін айтып, АҚШ үнсіз қалмас деген үмітін білдірді.

Украинаның шығысында соғысты тоқтату туралы келісімнің соңы үкімет күштері мен ресейшіл сепаратистер арасындағы шиеленіске ұласты, ол елдің бірлігі мен экономикалық жағдайына қауіп төндіріп тұр. Көптеген сарапшылардың пікірінше, Ресей негізгі мақсатына жетпеді, атап айтқанда: сепаратистер Украинаның сыртқы саясаттағы шешіміне ықпал ете алмайды, яғни, Киевтің НАТО мен ЕО-ға мүше болуына қарсы тұра алмайды.

Бірақ еуропалық бірлікке сызат түскені байқалады және Еуропа Одағы (ЕО) Украинадағы батысындағы реформалардың баяу жүріп жатқанына наразы. Сондықтан Путиннің биыл Ресейге салынған экономикалық санкциялардың көбі алынады деп үміттенуіне негіз бар, тіпті Киевтегі биліктің быт-шыты шығады деп сенуі де ғажап емес.

Ресей президенті Владимир Путин мен премьер-министр Дмитрий Медведев амандасып тұр. (Көрнекі сурет)

Ресей президенті Владимир Путин мен премьер-министр Дмитрий Медведев амандасып тұр. (Көрнекі сурет)

Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясына өзі барғанның орнына Путин Лавров пен 2008-2012 жылдары президенттік тағын сақтап қалуға көмектескен сенімді серігі Медведевті жіберді. Путин осы жолы да Медведев жақсы нәтижемен келер деп үміттенетін тәрізді немесе оны кәдімгі хабаршы ретінде аттандырды: Путиннің сөздерін айнытпай жеткізеді және оның атына айтылған сынды қабылдайды.

Премьер-министр Батыспен сөзге келсін немесе түсіністікке шақырсын, Путиннің Медведев арқылы жолдаған кез келген хабары ойдағыдай бағаланбайды, себебі преьмер нақты ықпалы жоқ бағынышты саналады.

Мюнхен кездесуі алдында Мәскеу оның маңызын азайтуға тырысты. Ресей федералдық кеңесінің (парламенттің жоғарғы палатасы) спикері Валентина Матвиенко Мюнхен кездесуінен «аса бір жетістік» күтпейтінін айтып, Батысты алдын ала айыптады.

Ол ақпанның 10-ы күні «Өкінішке қарай, Батыс тарабынан ақылға қонымды идеялар айтылмайды» деді.

ТАРИХИ КЕЗДЕСУ

Мюнхенде өтетін қауіпсіздік жөніндегі конференциясы Патриарх Кирилдің Рим папасымен кездесуіне тұспа-тұс келіп тұр.

1054 жылы христиан әлемі біржола екіге бөлініп кеткеннен кейін католик шіркеуі мен әлемдегі ең үлкен православ шіркеуі басшылары алғаш рет кездеспек.

Францискке дейін Рим папасы болған Павел II және Бенедикт XVI Мәскеу патриархымен кездесуден қашқақтады. Өйткені, православ шіркеуі Украинаның батысындағы шіркеулердің мүлкіне қатысты дау шығарып, католик шіркеуі православтарды діндеріне кіргізіп жатыр деген наразылығын білдірген еді. Ресейліктердің көбі Патриархтың Папамен кездесу туралы ұйғарымы – жүрегіндегі өзгеріс нәтижесі емес, Путиннің прагматикалық есебі деп санайды.

Франциск пен Кирилдің көзқарастары жайлы Азаттық видеосы:

«Эхо Москвы» радиостанциясының бас редакторы Алексей Венедиктов «Бұл жақсы белгі, Ресей мемлекеті Батыспен байланысқа түсу әдісін іздеп жатыр, патриарх осы міндетті арқалады» дейді. Оның айтуынша, «Кирилдің жұмысы – Батыс Еуропа басшылары мен арқылы Ресеймен байланыса алады деп Папаға ескерту». Кирилл Путинді қатты қолдайды, 2012 жылы ол сайлауға түскенде де ашық қолдау көрсеткен.

Солайша Путин тарихи кездесуді өз мақсатына пайдаланып, Ресейді әлемдегі бейбітшілік, адамгершілік және діндердің ғаламдық бірлігін қолдаушы ретінде көрсетуі мүмкін. Ал сыншылар оның Қырымды күштеп қосып алғанын және Ресей әуе шабуылдарынан Сириядағы бейбіт азаматтар қырылып жатқанын ұмытпайды.

Стив Гуттерманның мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG