Accessibility links

Путин тағы бір советтік символды тірілтті


Ресей президенті Владимир Путин "Ночные волки" байкерлер клубының басшысы Александр Залдостановқа (лақап аты - Хирург) медаль тағып тұр. (Көрнекі сурет)

Ресей президенті Владимир Путин "Ночные волки" байкерлер клубының басшысы Александр Залдостановқа (лақап аты - Хирург) медаль тағып тұр. (Көрнекі сурет)

Ресей президенті Владимир Путин Совет Одағы кезінде «қажырлы әрі адал еңбегі үшін» берілетін «Еңбек ері» медалін мамырдың 1-інен бастап қайта беруге шешім қабылдады.

1991 жылдан бері ұмыт қалған бұл сыйлық – Ресей қайта тірілтіп жатқан совет символдарының бірі.

Ресейде «советтік символдарды тірілту» шарасы алдымен Совет Одағының гимнінен басталған еді. Кейін совет заманындағы әскери шерулер қайта пайда болды. Ендігі кезек «отан алдындағы ерлігі үшін» берілетін медальға жетті.

ЕСКІ ДЕ ЖАҢА МЕДАЛЬ

Ресей президенті Путин мамырдың 1-і совет заманына деген ностальгияға қайта беріліп, сол замандағы үлкен марапаттардың бірі «Еңбек ері» медалін елге еңбегі сіңген азаматтарға тапсырады. Бұл – 1991 жылдан бері тапсырылатын алғашқы «Еңбек ері» медалі болмақ.

Кремль бұл марапатқа кімдердің ие болатынын әлі жария еткен жоқ. Бірақ ақпарат құралдарынан белгілі болғандай, медальді 80 жастағы балалар дәрігері, Тула облысындағы 37 балаға ана болып отырған балалар үйінің директоры алмақ.

1927 жылы Йосиф Сталиннің бастамасымен тағайындалған бұл медальді президент Путин совет заманында «Еңбекшілердің халықаралық мейрамы» деп аталып, қазір Ресейде «Көктем және еңбек мерекесі» деген атпен өтетін салтанат барысында өзінің туған қаласы Санкт-Петербургта табыс етпек.

Путин биыл наурызда «қажырлы және адал еңбекті насихаттау» мақсатында бұл марапатты қалпына келтіру туралы жарлық шығарған.
Ресейдегі «Еңбек ері» медалінің бұрынғы (сол жақта) және қазіргі түрі.

Ресейдегі «Еңбек ері» медалінің бұрынғы (сол жақта) және қазіргі түрі.


«Известия» басылымы ескі де жаңа медальдің дизайнын жариялады. Бес бұрышты жұлдыздағы бұрынғы орақ пен балғаның орнын екі басты қыран басқан, медальдің артқы бетінде «Ресей Федерациясының Еңбек Ері» деген сөздер ойып жазылған.

«Медаль сол жақ кеудеге, басқа барлық мемлекеттік наградалардан жоғары ілінеді» деп жазады Кремльдің веб-сайты.

Президент Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков медальдің сәрсенбі күні табыс етілететінін растады.

СТАЛИН ЗАМАНЫНАН ЕСТЕЛІК

«Президент Путин Сталин заманының сарқыншағын «Уралвагонзавод» жұмысшысы Игорь Холманскихке бола қалпына келтірді» деген де пікір бар. Холманских 2011 жылғы күзде Путинге «оппозицияның шерулерін тоқтату көмегін» ұсынған. Путин қайтадан президент болып сайланған соң Холманскихті өзінің Оралдағы арнайы өкілі етіп тағайындаған.

ВИДЕО: Игорь Холманскихтің Владимир Путинге айтқан ұсыныс

«Еңбек ері» медалі Путиннің постсоветтік идеологиялық вакуумның орнын толтыру мақсатында совет заманы символдарын қайта тірілтудегі алғашқы қадамы емес. Ол 2000 жылы Совет Одағының гимнінің әуенін Ресейдің әнұраны етіп бекітті. Кейбіреулер оның «Сталинді біртіндеп қайта тірілтіп жатқанын» айтады. Жақында Волгоград қаласына бұрынғы Сталинград атауын қайта беру туралы ұсыныс айтқан қозғалыс пайда болды.

«Еңбек ері» атағын беру туралы жарлық 1927 жылы шықты, ал 1938 жылы оның атауы «Социалистік Еңбек ері» етіп өзгертілді. Бұл атақ көбіне аса ауыр еңбек пен ерлікті насихаттайтын идеологиялық құрал рөлін атқарды. Кейбір ақпараттар бойынша, бұл медаль 20 мыңдай адамға берілген.

1991 жылы Совет Одағы құлағалы бері бұл медаль берілмейтін болған.

(Мақаланы Мұхтар Екей аударды).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG