Accessibility links

Ресейлік интеллигенция Медведев пен Путиннің «текетіресінен» мағына іздеп дал


Ресей премьер-министрі Владимир Путин (сол жақта) мен президенті Дмитрий Медведев. Мәскеу, 27 желтоқсан 2010 жыл.

Ресей премьер-министрі Владимир Путин (сол жақта) мен президенті Дмитрий Медведев. Мәскеу, 27 желтоқсан 2010 жыл.

Ресейде президент сайлауы жақындаған сайын «премьер Владимир Путин мен президент Дмитрий Медведевтің арасындағы алауыздық өршіп барады» деген сөз жиі айтыла бастады.


Бұл шынымен солай ма, әлде мұның барлығы көз алдау үшін жасалып отырған ойын ба? «Медведев-Путин» бәсекесі саяси шоу болса, оның көздеген мақсаты не? Алауыздықты бар қылып көрсету кімге тиімді? Ресейдегі интеллектуальдық орта осы сұрақтар төңірегінде көп пікір таластырып жатыр.

Жұрттың көбі «Путин бе, әлде Медведев пе?» деген сұрақтың артында еш балама көріп тұрған жоқ. Тандем билікке келгелі көретіндері – осы екеуі, аңдитындары – екеуінің арасындағы айырмашылық. Содан бері билік басында екі адам және бір партия отыр. Қайталана беретін көріністер,
Медведев пен Путин бейнеленген матрёшка. Мәскеу, 15 қаңтар 2008 жыл.
айналып соға беретін өсек-аяңдар, болжам-долбарлар. Халық мұндай бір сарыннан, өзгерістің жоқтығынан жалықты. Ал әу баста-ақ «демократиядан қол үздік» деп жүргендер бұрынғыдан бетер түңіле бастады.

Ресейдегі қоғамдық пікірді екі жікке бөліп қарауға болады. Біріншісі – Путин мен Медведевтің қайсысы таққа отырса да, бұдан келіп-кетер ештеңе жоқ деп санайтындар. Бұлар – Медведевтің бостығына, биязылығына, бәрібір Путиннің айтуымен жүріп-тұратынына көзі жеткендер.

Олардың бір бөлігі екеуінің арасындағы өзара сөз қағыстыру жайттарын «спектакль», «шоу» деп атайды. Орыс блогшыларының тандем тақырыбына жазған материалдарында осы сөздер жиі ұшырасады. «Президент не Путин боларын, не оған бағынышты адамның болатынын жақсы түсінеміз. Бұл – әмбеге аян, объективті ақиқат, бірақ сонысымен де тым іш пыстырар шындық», – деп жазады өз блогында Санкт-Петербургтағы Еуропа университетінің профессоры Григорий Голосов.

Блогшылардың екінші бір бөлігі Медведевтің тізгінді өз қолына алуға шын талпыныс жасап жатқанына үміт артады, бірақ құрығы ұзын Путин оның
Медведев пен Путин ресми шара кезінде. Мәскеу, 23 ақпан 2011 жыл.
еркін қимылдауына жол бермейді деп санайды. Себебі Путин рейтингі жоғары болғанымен қоймай, «Единая Россия» партиясын, сол арқылы Мемлекеттік думаны, барлық кадрларды басқарып отыр. «Путинсіз Медведев – ешкім емес» деген тұжырым Ресейдің интернет беттерінен жиі көзге шалынады.

Екі басшының былтырдан бері түрлі мәселелерге қатысты өзара сөз қағыстырып қалуы тандемнің «ажырасуынан» үміт күтетіндерді желпіндіріп отырғаны және бар. Былтыр тамызда Медведев Дағыстандағы реформалардың жүру барысына көңілі толмай, президенттің Солтүстік Кавказдағы уәкілетті өкіліне: «Мұндағы шаруаға Путин екеулеріңіз жауап берулеріңіз керек. Әлі күнге ештеңе істелген жоқ», – деген оқыс пікір айтып, мұны телеарналар «қиып» тастағанда, тандемнің арасына «ала мысық жүріп өткенін» блоггерлер жазған.

Интеллигент Медведевтің күш ала бастауы оның сайлау науқанына түсуге әзірлікке кіріскенінен хабар береді деген де болжам бар. Сарапшы Андрей Колесников «Медведев Мәскеу маңы өртке оранып жатқанда шетелде демалып жүрген Лужковты орнынан алып, өзінің қолжаулық емес екенін дәлелдеді» деп жазады. «Единая Россияның» белді мүшесі Константин Затулин Медведевтің сайлауға астыртын дайындықты бастағанына қарсы тұрғаны үшін өзін Думадағы комитет төрағасы креслосынан түсіріп тастағанын айтып, шетел басылымына мұңын шаққан. Оның айтуынша, бұл екеуі келесі сайлауға қатар түсіп, өзара тайталасуы да ғажап емес.

НАТО-ның біріккен күштері Ливияға қарсы әскери операция бастағанда премьер Путин өз лауазымының шеңберінен шығып, Батыс елдерінің әрекетін «крест жорығына» теңеген, ал Медведев оған «мұндай жөнсіз пікір өркениеттер қақтығысына алып келеді» деп қатаң ескерту жасаған. Бұл премьер мен президент арасындағы «алауыздық өршіп барады» дегенге сенгісі келетіндерге тағы бір мысал болса керек.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG