Accessibility links

Путин пионерлер ұйымын жаңғыртпақ па?


Пионерлер СССР компартиясының орталық комитеті хатшысы Иосиф Сталинді (оң жақта) қарсы алып тұр. Мәскеу, 25 мамыр 1935 жыл.

Пионерлер СССР компартиясының орталық комитеті хатшысы Иосиф Сталинді (оң жақта) қарсы алып тұр. Мәскеу, 25 мамыр 1935 жыл.

Ресей президенті жаңадан жастар ұйымын құруға бұйрық шығарды, көпшілік оны советтік пионерлер мен комсомолдар ұйымына ұқсас болады деп болжайды. Кремль жастар лигасы идеологиясы жобасын ұсынып үлгерді.

1960- жылдары Ленинградта жастық шағы өткен Владимир Путин сыныбындағы пионерлер қатарына өтпей қалған балалардың бірі еді. Енді ол Ресейдің басқа балалары өз тағдырын қайталағанын қаламайтын тәрізді.

«ӨТКЕНДІ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ МҮМКІН ЕМЕС»

Қазанның 29-ы күні, СССР комсомол жастар ұйымының құрылғанына 97 жыл толғанда Путин «Ресейлік оқушылар қозғалысы» деген атаумен «қоғамдық-мемлекеттік балалар-жасөспірімдер ұйымын» құру туралы бұйрыққа қол қойды.

Мағынасы бұлыңғыр жарлық соңғы жылдары Путин үкіметі жүргізіп отырған советтік кезеңдегі әлеуметтік регламенттеуді қалпына келтіру саясатының бір бөлігі тәрізді. Бірақ жаңа ұйымның советтік үлгіні қаншалықты «тірілтетіні» түсініксіз.

Мәскеудегі «Эврика» білім және саясат институтының төрағасы Александр Адамский «Өткенді аңсауыңыз мүмкін, бірақ оны қалпына келтіру мүмкін емес. Біздің өміріміз толықтай өзгерді, қазір балалар да мүлдем басқа. Баланы мектепте оқуға мәжбүрлей аласыз, сабақтан кейін топтық жұмысқа қатысуға мәжбүрлей аласыз (алайда мен оның қалай жасалатынын елестете алмаймын), бірақ оларды қызықтыратын бір күш керек қой!» дейді.

СССР кезіндегі насихат плакаты.

СССР кезіндегі насихат плакаты.

Советтік жүйе кезінде биліктегі коммунистік партия балаларға арналған ұйымды сатылы жүйемен жасаған еді. 7-9 жастағы балалар «октябряттар» қатарына өтетін. Олар пионер болуға дайындалатын. Ресми түрде «Владимир Ленин атындағы бүкілодақтық пионерлер ұйымы» деп аталатын пионер ұйымы 1922 жылы құрылды, оған 10-15 жас аралығындағы жеткіншектер қабылданатын.

Пионер болатын бала «отанымды шексіз сүйіп, оны қолымнан келгенше қорғаймын, ұлы Ленин тапсырғандай, коммунистік партия үйреткендей өмір сүріп, оқып, күресемін, Совет Одағы пионерлерінің заңын әркез орындаймын» деп ант беретін.

Ең көп дегенде, советтік пионерлер 118 мың топ құрды, оған 25 миллион бала мүше болды. Ұйым 40 мың жаздық лагерлер ұйымдастырды, ол жылына 10 миллион бала қабылдайтын.

Бұдан соң пионерлер бүкілодақтық лениншіл жастар коммунистік лигасына немесе комсомол қатарына өтуге тырысатын, бейресми түрде оны елдегі жалғыз партия Совет Одағы коммунистік партиясының «көмекшісі және резерві» санайтын. Оған 15-28 жастағы жастар мүше болатын.

Көмір шахтасында жұмыс істеп жүрген комсомолдар. Мәскеу маңы, 1930 жыл.

Көмір шахтасында жұмыс істеп жүрген комсомолдар. Мәскеу маңы, 1930 жыл.

Бұл коммунистік партияға мүше болуға апаратын саты еді, совет азаматтарының азғантай бөлігі партияға мүше болғандықтан, олардың пионерлерге қарағанда саны аз еді.

Білім беру маманы Адамский Путиннің бұйрығы коммунистік кездегідей бұқаралық әрі әмбебап бола қояр дегенге сенбейді. Оның айтуынша, бұйрықты шығаруға атсалысқандар жаңа ұйымның «құндылығы» жайлы өзара келіспеген, сондықтан мақсаты бұлыңғыр ұйым жастарды жаппай тарта алмайды.

«Оған қоса, қаржы көздерін де ескеру керек. Бүкіл мемлекетті қамтитын ұйым құру үшін үлкен көлемде қаржы керек. Пионерлік ұйым кезінде пионерлер сарайынан басталып, лагерлермен аяқталатын алып ресурстарды еске түсіріңізші. «Артек» немесе «Орленокті» (әйгілі ұлттық лагерлер) айтпағанда, әр облыста сондай лагерлер бар еді» дейді ол.

«БАЛАЛАРДЫ ЖАҚСЫЛЫҚҚА ТӘРБИЕЛЕЙДІ»

Ал СССР кезінен қалған пионерлер қозғалысының мұрагері «Пионерская правда» газетінің редакторы Михаил Баранников бұл бұйрыққа қуанып отыр.

Баранников газет ұжымының 2005 жылы 1980-жылдары советтік пионерлер қозғалысын басқарған Людмила Швецовамен кездескенін еске алады.

"Пионерская правда" газетінің редакторы Михаил Баранников (сол жақта)

"Пионерская правда" газетінің редакторы Михаил Баранников (сол жақта)

​«Балалар одан балалар үшін бір қоғамдық ұйым құру туралы пікірін сұрады» деп еске алады Баранников. «Швецова әлі уақыты келген жоқ деген еді. Ал қазір балаларды бір үлкен қоғамдық ұйымға біріктіруге жағдай туды. Әлбетте, ол советтік кезеңде құрылған ұйым тәрізді болмайды» деген редактор өзінің пионер және комсомол ұйымдары мүшесі болғанын еске алып, «өте жақсы, тамаша, жағымды тәжірибе еді» дейді.

Баранников Путиннің жаңа ұйымы «балалардың отанға қатысты жақсы тілектерін» ескере отырып, «жақсылық пен әділеттілік үшін күрес» бағытында құрылар деген үмітін білдірді. «Әрине, қазіргі жастар комсомолдар ұйымы тәрізді Байкал-Амур магистралын немесе Магнитогорск металл комбинатын сала қоймас, бірақ Ресейде әлі күнге дейін жақсы, қажетті және пайдалы жобаларға қатысуға әзір жастар бар» дейді Баранников. Ол жаңа ұйымды тек бастама деп санайды.

«Бүкіл ресейлік жастар ұйымы қоғам үшін пайдалы әрі қажетті болуы керек. Бірақ мұндай балалар ұйымын құрғанда балалардың өсетінін ескеру керек. Совет Одағында октябряттар, пионерлер, содан соң комсомол болып ересектер әлеміне енетін. Қазіргі балалар жаңа ұйымнан шыққан соң қандай сатыға өтетінін анықтауымыз керек» дейді ол.

Андрей Шарыйдың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG