Accessibility links

Путин тұтқындары неден жазықты болды?


Үш тұтқын: Эстония полициясы офицері Эстон Кохвер, Украина режиссері Олег Сенцов, Украина ұшқышы Надежда Савченко.

Үш тұтқын: Эстония полициясы офицері Эстон Кохвер, Украина режиссері Олег Сенцов, Украина ұшқышы Надежда Савченко.

Бірі - полиция офицері, екіншісі - режиссер, үшіншісі – ұшқыш. Бұл ұш адамды да елдерінен заңсыз ұрлап әкетті және олар шет мемлекет түрмесіне әділетсіз қамалды - тағдыры талқандалды, болашақтары бұлыңғыр.

Кремльдің халықаралық ережелер, нормалар мен заңдарға қарсы «жиһадына» шыдай алмаған екі ер адам және бір әйел Владимир Путиннің тұтқындарына айналды. Ресей президенті Путин соңғы екі жылда адам шошырлық көптеген әрекеттерге барды.

Путин - Адольф Гитлерден кейінгі басқа ел аумағын аннексия жасаған Еуропадағы бірінші басшы. Ол Украинаның шығысында соғыс бастады, мыңдаған адамның ажалына себепкер болды. Ол Ресейді ксенофобия, төзімсіздік және репрессия мекеніне айналдырды. Ол Батыс елдерімен соғысудың алдында тұр. Одан бөлек, Путин адам ұрлады – бұл халықаралық қылмыс саналатын әрекет.

ПОЛИЦИЯ ОФИЦЕРІ

Мәскеу «Эстон Кохвер - Эстония тыңшысы, Ресей аумағында тыңшылықпен айналысып жүрген кезінде ұсталды» дейді. Ол тыңшы емес, ондай іспен айналыспаған да. Оның жалғыз «айыбы» – өз жұмысын жақсы атқарғаны және ұстап әкетуге қолайлы жерге барғаны.

Эстония билігінің мәлімдеуінше, Эстон Кохвер осы жерде ұсталған. Эстония, Мииксе селосының маңы, 7 қыркүйек 2014 жыл.

Эстония билігінің мәлімдеуінше, Эстон Кохвер осы жерде ұсталған. Эстония, Мииксе селосының маңы, 7 қыркүйек 2014 жыл.

Кохвер - Эстонияның ішкі қауіпсіздік қызметінің офицері. Бұл мекемені «КаПо» деп те атайды, ол – Ресей федералдық тергеу бюросының баламасы. 2014 жылы қыркүйектің 5-і күні таңертең Кохвер Ресей шекарасынан бірнеше километр ғана қашықтықта орналасқан Эстонияның Мииксе елдімекені жанындағы орманға құпия ақпарат берушімен кездесуге барған. Бұл оған құрылған тұзақ болатын.

Кездесуге бара жатқан Кохверді қатты дауыс шығаратын гранаталармен қоршап, сол жерде тапанша кезеп, Ресейге алып кетеді. Эстониялық және ресейлік шекарашылар оқиға болған күні Кохвердің жоғалған жерін тексерді. Екі тілде жазылған бірлескен хаттамада бір топ адамның Ресейден Эстонияға өткені және кері қайтқаны көрсетілген. Құжатта гранатадан қалған шұңқырлар бар екені де жазылған. Көзбояушылықпен өткізілген даулы соттан кейін Ресейдің Псков облысы соты Кохверді тыңшылық жасады деген айыппен 15 жылға соттады.

РЕЖИССЕР

Ресей Олег Сенцовты «терроршы» деп айыптады. Ол терроршы емес. Сенцовтың жалғыз «айыбы» – батылдығы және Мәскеудің туған жерін заңсыз аннексия жасағанына ашық қарсы шыққаны.

Сенцов - 2012 жылы Роттердам кинофестивалінде алғаш көрсетілген «Гамер» фильмін түсірген, жаңадан таныла бастаған украиналық режиссер. Ол екі баланы жалғыз өсіріп жатқан еді. Қырымда туған режиссер Сенцов Украинаның «Еуромайдан» қозғалысын барынша қолдады. Ол Ресейдің Қырымды аннексия жасағанына жан-тәнімен қарсы шықты, түбекке орналасқан украиналық әскерилерге азық-түлік жеткізіп, көмектесті.

Украиналық режиссер Олег Сенцов сотта отыр. Ресей, Дондағы Ростов, 27 шілде 2015 жыл.

Украиналық режиссер Олег Сенцов сотта отыр. Ресей, Дондағы Ростов, 27 шілде 2015 жыл.

2014 жылы мамырдың 11-і күні аннексияға қарсы шеруге қатысқан Сенцовты ресейлік қауіпсіздік агенттігі қызметкерлері көшеден ұстап әкеткен. Оны күзетпен Мәскеуге жіберіп, Қырымдағы «Біртұтас Ресей» (Единая Россия) партиясы және «Орыс қауымдастығы» ұйымы кеңселерін өртеді» деп кінәлады. Одан бөлек, Сенцовқа «Симферопольдегі Лениннің ескерткіші мен мәңгілік алауды жармақ болды» деген айыптар тағылды.

Прокурорлар режиссерге таққан айыптарын толық дәлелдей алмады, ал негізгі куәгер – Геннадий Афанасьев ашық сотта оған қарсы берген түсініктемесінен бас тартып, «өзін күш көрсетіп, қысым жасау арқылы жалған түсініктеме беруге мәжбүрлегенін» мойындады.

Ресейдің оңтүстігіндегі Дондағы Ростов қаласында өткен даулы сотта прокурорлар режиссерге 23 жыл беруді сұрады. «Мен сіздерден ештеңе сұрамаймын» деді Сенцов басын имеген қалпы. Ол «Басып алушылардың соты әділетті өтуі әуел бастан мүмкін емес екенін бәрі біледі. Мәртебелім, бұл сөзімді өз атыңызға қабылдамаңыз!» деп мәлімдеді

ҰШҚЫШ

Путиннің үш тұтқынының арасында ең танымалы Надежда Савченко шығар. Мәскеу Савченконы «адам өлтірді» деп айыптайды. Ол кісі өлтіруші емес. Оның «айыбы» – өз елінің тәуелсіздігі үшін өмірін қатерге тіккені.

Украинаның алғашқы әскери әйел ұшқышы Савченко Донбастағы мәскеушіл сепаратистерге қарсы соғысқа ерікті ретінде қатысты. Украина солдаттарын құтқармақ болған ұшқыш қызды сепаратистер 2014 жылы маусым айының ортасында Луганск облысы Металлист ауылы маңында ұстап алды. Маусымның 19-ы күні сепаратистер оны металл құбырға кісенмен таңып қойып, тергеген видеоларын жариялады.

Владимир Путин Италияға барғанда жергілікті белсенділер оны Надежда Савченконың суретімен қарсы алды. Милан, 9 маусым 2015 жыл.

Владимир Путин Италияға барғанда жергілікті белсенділер оны Надежда Савченконың суретімен қарсы алды. Милан, 9 маусым 2015 жыл.

Бірнеше аптадан соң оны күзетпен Ресейге жіберіп, «Ресейдің екі журналисін өлтірді (олар минаатқыштан опат болған) және Ресей шекарасын заңсыз кесіп өтті» деген айып тақты. Савченконың қорғаушылары «журналистер өлген кезде оның әлдеқашан тұтқында болғанын ұялы телефон жазбалары мен видеолар арқылы дәлелдейміз» деп үміттенеді. Сотталған күнде ұшқыш қыз 25 жылға бас бостандығынан айрылмақ.

Путиннің «адам ұрлау» деп аталатын ермегінің құрбанына айналғандарынан бөлек, Кохвер, Сенцов және Савченкоға ортақ тағы бір сипат бар. Олардың бәрі Совет Одағы кезінде өмірге келді және өздерінің жаңа, тәуелсіз елдерінің адал, табысты және білікті азаматтарына айналды.

СССР-дің ыдырауын трагедия санайтын Путин үшін соның өзі қылмыс саналады. Ал қалғандарымыз оларға күн сайын қауіпті болып келе жатқан жексұрын елдің заңсыз ұрлап әкеткен тұтқындары деп қарауға тиіспіз.

Брайан Уитмордың блогын ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG