Accessibility links

Ресейде нәсілдік сипаттағы қылмыс азайғанымен, ұлтшылдық өршіп барады


Мәскеу орталығына шеруге шыққан әсіреұлтшыл жастар. 4 қараша 2008 ж.
Мәскеу орталығына шеруге шыққан әсіреұлтшыл жастар. 4 қараша 2008 ж.

Ресейде ұлтшылдықтың белең алуы әсіресе жастар көңілін алаңдатуын қоймайды. Осы тұста жаңа үрдіс – «заңсыз антиэкстремизм» де байқалады, соның кесірінен жазықсыз адамдардың экстремизммен күрес құрбаны болуы жиілеп барады.


Екі жылға жуық уақыт бұрын Мәскеуде Ерлан Айтымов есімді қазақ студентін пышақтап кеткен, бұл қылмыс әлеуметтік желілерде көп талқыланып, дипломатиялық деңгейде сөз болды. Азаттық радиосы бұл жайлы егжей-тегжейлі хабарлап отырды. Сол шақта ақпараттық хабарламаларда Орталық Азиядан келгендерді, негізінен Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген гастарбайтерлерді өлтіріп кеткен жағдайлар жайлы жиі айтылды.

«Сова» ақпараттық-сараптамалық орталығы Ресейдегі нәсілшілдік, ұлтшылдық және ксенофобия мәселелерімен байланысты жағдайларды тұрақты бақылап отырады. Ол орталық ксенофобия, радикалды ұлтшылдық пен мемлекет тарапынан жасалатын оларға қарсы әрекеттердің шолуын ай сайын жариялап отырады. Одан бөлек, қазіргі күні жарты жылда бір заңсыз антиэкстремизм туралы баяндамалар жарық көріп отырады.

ҚЫЛМЫСТЫҢ АЗАЮЫ

«Сова» орталығы қыркүйекте ұсынған статистикаға сәйкес, зорлық-зомбылыққа душар болатындар – бұрынғыдай көбінесе Орталық Азиядан келген адамдар мен неонацистер дұшпан көретін жастар топтарының өкілдері. Қалған жапа шегушілердің қатарында Кавказдан, Африка елдерінен шыққандар, түрлі діни бірлестіктер өкілдері мен «түр-сипаты славяндық емес» тұлғалар бар.

2011 жылы тамызда нәсілшіл және ұлтшылдық астары бар шабуылдардан бір адам зардап шекті - Санкт-Петербургте Кениялық азамат жараланды.

Жыл басынан бәрі нәсілшіл зорлық-зомбылықтың кесірінен барлығы 15 адам қаза тауып, 80 адам жараланды, 7 адамды өлтірмек болып қоқан-лоққы жасаған. Бұл оқиғалар Ресейдің 22 аймағында тіркелді делінеді «Сова» орталығының шолуында.

2011 жылдың алғашқы жарты жылдығында ұлтшылдықтан туындаған қылмыстың жалпы санының кемігені байқалады. Алайда бұл оңалыс экстремистік идеологияны қолдайтын топтар санының азаюымен емес, осы іспеттес қылмыстар үшін кесілетін жазаны қатаң қылумен байланысты деп есептейді мамандар.

РЕСЕЙ – ОРЫСТАР ҮШІН БЕ?

Этникалық орыстар ортасында ұлтшылдық берік ұстанымға айналды, олардың 56 пайызы «Ресей – орыстар үшін» идеологиясын қолдайды деп көрсетіледі «азшылық ұлттардың құқықтары жөніндегі халықаралық топ» атты халықаралық құқық қорғау ұйымының жаңа жылдық баяндамасында.

БҰҰ-ның шыдамсыздық жөніндегі арнайы өкілінің ойынша, қазіргі Ресейдегі нәсілшілдік, ксенофобия мен дискриминация Ресей империясы мен Совет Одағы тарихына тамыр тартады. Бұл бүтін бір халықтарды ойрандап, жер аудартып, қоныс аудартумен байланысты. Ол бұл пікірін Адам құқықтары жөніндегі кеңеске арналған баяндамада айтты.

Терең әлеуметтік және экономикалық дағдарыс арасына неонацистер кіретін төтенше ұлтшыл топтардың да, саяси партиялардың да пайда болуына жақсы жағдай жасады. Соңғылары нәсілшіл және ксенофобиялық ұрандарды ресейлік қоғамды қорқытып ұстап отыру үшін пайдаланады.

ЖАСТАР АРАСЫНДАҒЫ НӘСІЛШІЛДІК

Азаттық радиосы орыс қызметіне берген сұқбатында Нәсілшілдік пен шыдамсыздыққа қарсы жастар желісінің координаторы Анастасия Никитина айтпақшы, әрбір дерлік ресейлік мектепте немесе жоғары оқу
Неонацистік бригада мүшелеріне қарсы ("тақырбастар") сот процесі. Мәскеу қалалық соты, 22 қыркүйек 2008 жыл.

орнында неонацизм идеяларын белсенді қолдайтын бірнеше адам не осындай ұйымдарға кіретін тұтас топтар бар.

– Мәселе ксенофобияның жайылғанында емес, оған қарсы баламаның кең таралмағанында… Жастар саясатын сөз етсек, ол бүгінгі күні құқық қорғау органдарымен қоян-қолтық қызмет ету және де жастар ортасында болып тұратын экстремизмге жол бермеу төңірегінде шоғырланған. Мысалы, олар түрлі қалаларда жастардың қандай-қандай қосалқы мәдениеттері барын мақтанышпен айтып отырады. Біз болсақ басқасына баса назар аударамыз: бізде дискриминациядан қорғау жөнінде жұмыс мүлдем жүргізілмейді. Экстремизммен күрес туралы сөз етсек, мемлекетке қауіп төндіретіндермен мемлекеттің қалай күресетіні әңгіме болады. Ал дискриминациядан қорғау туралы сөз болғанда, біз ең аз деген кепілдерге хақы бар әрбір жеке адамға аранап қорғау механизмдерін жасаймыз, – дейді Анастасия Никитина.

ЗАҢСЫЗ АНТИЭКСТРЕМИЗМ

«Сова» орталығының директоры Александр Верховский «2011 жылдың алғашқы жарты жылдығындағы заңсыз антиэкстремизм» баяндамасында атап көрсеткендей, қазіргі уақытта екі бір-біріне қарама-қарсы бағытталған үрдіс байқалады.

«Бір жағынан, бірнеше жыл бақылап отырып, алғаш рет біз қалыптасқан жағдайды еңсеру үшін мемлекеттің бірдеңе жасауға деген даярлығына куә болдық. Мәртебелі мемлекеттік шенеуніктер антиэкстремистік заңнаманы іске жаратуда қиындық барын жұрт алдында мойындады. Сонымен бірге біраз нақты амалдар жасалды, олардың бастысы – 2011 жылдың 28 маусымда шыққан Ресей федерациясы № 11 «Экстремистскік бағыттағы қылмыстар жайлы қылмыстық істер жөніндегі сот тәжірибесі туралы» жоғарғы сот пленумының қаулысы, бұл қаулы тиісті істерді қалай қарастыру керектігін жөнімен түсіндіреді», – делінеді баяндамада.

Алайда, басқа қырынан қарағанда, антиэкстремистік заңнама діни азшылықтар мен оппозициялық белсенділерді және ұйымдарды заңсыз
Мәртебелі мемлекеттік шенеуніктер антиэкстремистік заңнаманы іске жаратуда қиындық барын жұрт алдында мойындады.

қудалау үшін жиі қолданылып келеді. 2011 жылдың алғашқы жарты жылдығында «кездейсоқ құрбандардың» саны тағы да күрт өсіп кетті.

– Бұл жүйенің сергелдеңіне белсенділер деп атауға да келмейтін адамдар жиі түсе бастады. Мысалы, Үшінші рейхтің символикасы бар тауарды сатқан антиквар бар. Немесе экстремистік деп танылған басылымдар жатқан кітапхана директоры бар. Кезінде мәдениет министрлігі бас прокуратурамен бірге оқырмандарға осындай кітаптарды беріп тұруды реттейтін құжатты мақұлдаған. Бірақ әділет министрлігі сол кезде бұл бастамаға тосқауыл қойған, – дейді Александр Верховский.

Айта кететіні, Ресейдегі нәсілшіл сарындағы қылмыстарға Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдары аз көңіл бөледі. Оның себебі, Ресейдегі этникалық қазақтар мұндай қылмыстарға көп душар бола бермейді, әрі Қазақстаннан Ресейге барған гастарбайтерлер саны Орталық Азияның басқа елдерінен келген азаматтармен салыстырғанда тым аз.
XS
SM
MD
LG