Accessibility links

Петербургте собор дауы ушығып тұр


Исаакий соборын қоршап алған наразылар. Санкт-Петербург, 12 ақпан 2017 жыл.
Исаакий соборын қоршап алған наразылар. Санкт-Петербург, 12 ақпан 2017 жыл.

Санкт-Петербург қаласы басшылығының Исакий кафедралдық соборын Ресей православ шіркеуі қарамағына өткізу шешімі жергілікті жұрттың қарсылығына тап болды. Тарихи жәдігер маңында наразылық шеруін өткізген адамдар елде мәдениетке шіркеу ықпалы күшейіп барады деп алаңдайды.

Үкіметтің Әулие Исаакий соборы ғимаратын Ресей православ шіркеуіне тапсыру жоспарына қарсылық білдірген Санкт-Петербург тұрғындары наразылық шерулері мен басқа да қарсылық шараларын жалғастыра береміз дейді.

Ақпанның 12-сі күні алып ғимаратты айнала қоршаған мыңға тарта адам «шіркеу елдің мәдени өміріне тым қатты араласып барады» деп алаңдайды.

- Наразылықтың басқа түрлерін де жалғастыра береміз. Олар туралы қазір нақты айтқым келіп тұрған жоқ. «Белгісіз наразы діндардың» ескерткішін орнатсақ дейміз. Күнәһарлардың өмір бойғы күнәларын еске салып тұру үшін «Газпромнан» біз үшін мәңгілік алау жағуды өтінетін шығармыз. Қазір олар кітапханаларға көз салып жатқандықтан, тек діни кітаптармен шектеліп қалса, қалай болатынын да көрсетпекпіз. Идея өте көп, - деді наразылық шараларын ұйымдастырушы Алексей Сергеев.

Қызды-қыздымен белгілі мемлекеттік қызметкер наразылықты бастап жүрген Санкт-Петербург қалалық думасының депутаттары, еврей ұлтының өкілдері Максим Резник пен Борис Вишневскийге антисемиттік мазмұндағы сын айтты.

Ресей мемлекеттік думасының депутаты Виталий Милонов ақпанның 12-сі күні кафедралдық соборды шіркеудің қарамағына беруді қолдаған шағын жиынға қатысып, онда «Борис Лазаревич Вишневский мен Максим Львович Резниктің ата-бабалары христиандарды шәйнекке қайнатып, ит-құсқа талатып жатқанда да христиандар тірі қалған» деген пікір айтты.

Ресей мемлекеттік думасының депутаты Виталий Милонов.
Ресей мемлекеттік думасының депутаты Виталий Милонов.

Милоновтың бұл сөзіне ашуланған Вишневский Facebook-те «Мұндай пікірлер «адам маймылдан жаратылды» деген пікірдің растығын көрсетеді және кей адамдар миы көп маймылдан, ал кейбіреулері миы жоқ маймылдан тараған болуы керек» деп пост жазды.

Бір айдай уақыт бұрын думаның вице-спикері, 19-ғасырда өмір сүрген әйгілі жазушының шөпшегі Петр Толстой «бұл екі адам 1917 жылы отырықшылар шеңберінен револьвьермен шыға салып, біздің соборларымызды қиратқан бабаларының жұмысын жалғастырып жатыр» деп кекесінмен жауап берген.

Толстойдың бұл сөзі «1917 жылғы большевиктер революциясын еврейлер жасаған» деген антисемиттік мазмұндағы конспирациялық теорияны еске түсіреді. Бірақ кейін Толстой бұл сөзін жоққа шығарды.

Санкт-Петербург губернаторы Георгий Полтавченко кафедралдық соборды шіркеуге қайтару туралы шешімді қаңтардың 10-ы күні шығарған. Алғашқы наразылық шарасы қаңтардың 28-і өткен. Бұл шешімді қайта қарау туралы онлайн петицияға қазірдің өзінде 200 мыңға жуық адам қол қойған.

Совет Одағы кезінде Исаакий кафедралдық соборы атеизм музейі болған. ЮНЕСКО әлемдік деңгейдегі мәдени мұра деп жариялаған бұл ғимарат Совет Одағы құлағалы музей ретінде жұмыс істеп тұр, мұнда жылына 3,5 миллионға жуық адам келеді.

Әзірге Әулие Исаакий соборына православ шіркеуінің бақылау орнатқанын дәлелдейтін қандай да бір шаралар болған жоқ, дегенмен наразылық шерулеріне басшылық назар аудара бастады. Биліктегі «Единая Россия» және ұлтшылдық бағыттағы Либерал-демократиялық партия атынан сайланған депутаттар үкіметтен шеруді ұйымдастырушыларды жазалауды өтінді.

Сонымен қатар, жергілікті парламент ақпанның 1-і «депутаттардың үкіметтің рұқсатынсыз кездесу өткізуіне тыйым салатын» заң шығарды. Бұл заң Резник пен Вишневскийдің наразылық шараларын ұйымдастыруына жол бермеу үшін қабылданған тәрізді.

Санкт-Петербург парламентінің төрағасы Вячеслав Макаров тұрғындардан «шеруді басып тастау туралы» ондаған ұсыныс келгенін айтты. Оның айтуынша, шерушілердің «Музей – қаланың меншігі» деген ұраны миллиондаған діндардың наразылығын тудырды.

Бұған жауап ретінде Сергеев наразылық шеруін өткізіп, Православ шіркеуін қалалық парламенттің қарамағына тапсырып, оны «Дін жөніндегі мемлекеттік комитет» деп атауды ұсынды.

Халықаралық музейлер кеңесінің ресейлік бөлімшесі де үкіметтің шешіміне қарсылық білдірген мәлімдеме жасады.

Алайда, мемлекетке қарайтын 23 жоғары оқу орнының ректорлары Полтавченконың атына ашық хат жазып, үкіметтен музейді шіркеуге тапсыру шарасын жеделдетуді және бұл процестісәуірдің 16-сы тойланатын православтардың Пасха мерекесіне дейін аяқтауды сұрады. Ректорлар наразылық шеруін ұйымдастырушыларды «Әулие Исаакий мәселесін ел ішіне іріткі салып, діни алауыздық тудыру мақсатына пайдаланып отырған арандатушылар» деп айыптады. Олардың айтуынша, шерушілердің мақсаты – «христиандардың сезімін жаралау».

Ашық хатта қолдары тұрған екі адам оған мүлде қол қоймағандарын айтты.

Азаттық радиосының Орыс қызметіне сұхбат берген депутат Вишневский жұрт наразылығы үкіметті шошытқанын айтады.

– Меніңше, бұл мәселе әлі жоғары жақта қаралып жатыр, шешім әлі шыққан жоқ. Сондықтан олар халықты басып, қоғамдық пікірді өзгерте алмасын біліп, сасқалақтап жатыр. Ал депутаттардың сайлаушылармен кездесуіне тыйым салатын заң – антиконституциялық құжат, себебі ол билік тармақтарының бөлінуі принципіне қайшы келеді. Сайлаушыларыммен кездесу үшін бір бюрократтан рұқсат сұрауым керек деген – заңдық тұрғыдан ақылға сыймайтын нәрсе. Біз мұны сотта дәлелдейміз, – деді депутат.

«Діни алауыздықты қоздыруға» қатысты пікір білдірген Вишневский «қалалық заң шығарушы органның өзін басқалардың діни нанымына нұқсан келтірді» деп айыптады.

– Заң шығару ассамблеясының бірінші қабатынан «Біз православ діні үшін өлімге әзір христиан солдатымыз» дегенді естігенде қандай күйде боласыз? Әлдебір діни мектепке кіріп кеткендей не крест жорығы басталып кеткендей күй кешесіз. 21-ғасырдағы зайырлы заң шығару органында тұрмын ба, әлде діни фанатиктердің жиынында тұрмын ба - соны айыра алмай қаламын. Егер олардың қалағаны сол болса, мандаттарын тапсырып, монастырға барсын, – деді Вишневский.

Татьяна Вольсткая мен Роберт Коалсонның мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG