Accessibility links

2012 жылы Ресей премьер-министрі орынбасары Рогозин «Восточный» ғарыш айлағы 2015 жылы жұмыс істемесе «тісімді жұлып берейін» деп мәлімдеген. Енді әлеуметтік желіде оны сөзінде тұруға шақырды.

Ресей вице-премьері Дмитрий Рогозин өз елі үшін қандай құрбандыққа бара алады?

Оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың «Жемқорлыққа қарсы күрес қорының» заңгері Любовь Собольдің сөзінше, «Рогозин қазір Ресейге бір тіс қарыз». Заңгер әлеуметтік желіде кампания бастап, премьер-министр орынбасарының сөзінде тұруын талап етті. Қаңтардың 14-і күні түске дейін 350-ден астам адам Собольдің жазбасын қайталап жариялаған.

Рогозиннің 2012 жылдың сәуірінде мемлекеттік телеарна арқылы берген «Восточный» ғарыш айлағының 2015 жылы іске қосылатыны туралы уәдесінен үзінді келтірген Соболь «Қанекей, Рогозинді уәдесінде тұруға мәжбүрлейік, а?)» деп жазған.

Рогозин сол сұхбатында «Ғарыш айлағын 2015 жылға дейін бітіреміз, уәде беремін» деген. Өкінішке қарай, жылтыр сөзге әуес ресейлік шенеунік «уәде беремін» деген сөзбен тоқтаудың орнына, орыс халқының тұрақты сөз тіркесін қолданып, «тісімді жұлып берейін» (зуб даю) деп салған еді.

Енді міне 2016 жыл кірді. Ал ғарыш айлағын іске қосу серзімі 2018 жылға сырғыды. Қаңтардың 2-сі күні Facebook парақшасына сілтеме салған Рогозин, «Восточный» ғарыш айлағында құрылысшылардың жаңа жылдық мейрамға қарамастан жұмыс істеп жатқанын, «себебі олардың демалуға уақыты жоқ екенін» жазды.

Мақалада Ресейдің Қазақстандағы Байқоңыр ғарыш айлағына тәуелділігін азайту үшін салынып жатқан жаңа бекетті сынау мерзімі 2015 жылғы желтоқсанның 24-інен «2016 жылдың алғашқы тоқсанына» шегерілгені жазылған. Рогозин жаңа айлақты іске қосу «жаңа жылдың ерекше оқиғасы» болатынын ескерткен.

Ал Любовь Соболь «Рогозиннің уәдесін орындайтын уақыты келді» дейді. Оның жазбасынан соң түрлі мемдер пайда болды, олардың бірі - «Рогозин уәдесінде тұрады» деген мысқыл.

Ал тағы біреу Рогозинге қарата «Дмиииит-рииий) жауап бер) Тұспалды түсіндің бе)» деп жазған.

Рогозиннің өзі бұл пікірлерге жауап бермеді.

Желтоқсан айында Рогозин тирде өз аяғын байқамай атып алды деп, әлеуметтік желі бетінде біраз сыбыс тудырған еді. Көмекшісі оны жоққа шығарып, Рогозиннің «аяғын гандбол ойнап жүргенде ауыртып алғанын» мәлімдеді.

Ресейдің НАТО-дағы бұрынғы елшісі үнемі өзінің қайратты жігіт екенін дәлелдеп, атыс алаңындағы немесе мотоциклде отырған суреттерін салады. Қаңтардың 10-ы күні ол Белградтағы сапары кезінде атыс алаңындағы нысананы көздеген видеосын әлеуметтік желідегі парақшасына салды.

Соболь Рогозинді 2012 жылғы уәдесінде тұруға шақырған кезде биліктегі «Біртұтас Ресей» (Единая Россия) партиясы қыркүйекте болатын парламенттік сайлауға байланысты ешқандай сайлауалды уәде бермейміз деген мәлімдемесін жариялады.

Мәлімдемеде «Қазір қандай уәде беруге болатыны айқын емес, сондықтан құжат абстрактілі болуға тиіс. Әлбетте, ол президент бағдарламасындағы мәлімдемелерді негізге алады» деп жазылған.

Роберт Коалсонның мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG