Accessibility links

"Ресейдің зымыран ұшыра беретіні" хабарланды


Байқоңыр ғарыш айлағындағы ресейлік "Протон-М" зымыран тасығышы. 2 шілде 2013 жыл.

Байқоңыр ғарыш айлағындағы ресейлік "Протон-М" зымыран тасығышы. 2 шілде 2013 жыл.

«Известия» басылымының хабарлауынша, Ресей Қазақстандағы ресми орындарының жауабын күтпей, қыркүйектің 30-ы күні Байқоңырдан «Протон-М» зымыран тасығышын ұшырмақ.

«Роскосмостағы» дереккөзіне сілтеме жасаған ресейлік «Известия» басылымының жазуынша, қыркүйектің 30-ы күні Astra 2E байланыс спутнигін тиеген зымыран тасығышты ұшыру шарасы «Ресейдің Байқоңыр космодромын жалға алуға қатысты мемлекетаралық келісіміне сай өтпек». «Роскосмос» Ресей сыртқы істер министрлігі арқылы Қазақстан үкіметіне ескерту жіберген. «Известия» басылымы «Роскосмостың» қазақстандық қоршаған ортаны қорғау министрлігінің рұқсатын күтпестен қимылдай беруге бекінгенін жазады.

Қыркүйектің 24-і күні Хруничев атындағы Ресейдің мемлекеттік ғарыштық ғылыми-өндірістік орталығы Байқоңырда Люксембург тапсырыс беріп, Франция әзірлеген Astra 2E байланыс спутнигін ғарышқа шығаратын "Протон-М" зымыранын құрастыру жұмысы аяқталғанын хабарлады.

Байқоңыр ғарыш айлағы маңын тазарту жұмыстарына бақылау жасап отырған мекеме – Қазақстан қоршаған ортаны қорғау министрлігінің басшысы Нұрлан Қаппаров бұдан бұрын зымыранның жоспарланған кезекті ұшу шарасын кейінге қалдыруды сұраған. «Қазғарыш» агентігінің «Известияға» мәлімдеуінше, «Роскосмос» зымыран ұшыру үшін Қазақстан министрлігінің Байқоңыр ғарыш айлағы маңын зарарсыздандырып біттік деген мәлімдемесін күтуі керек болған.

Ал «Известияға» комментарий берген аты-жөні айтылмаған «Роскосмос» өкілі:

«Байқоңырдағы ластанған аймақты зарарсыздандыру аяқталған. Қазақстандық әріптестеріміз бұл туралы біледі. Бірақ ұшыруға рұқсат беруге асықпай отыр. Әлдебір жұмысты аяқсыз қалдырған жеріміз жоқ, осындай жолмен бізге қысым көрсеткілері келеді», - деген.
Ресейлік "Протон-М" зымыран тасығышының құлап жарылған сәті. Байқоңыр, 2 шілде 2013 жыл.

Ресейлік "Протон-М" зымыран тасығышының құлап жарылған сәті. Байқоңыр, 2 шілде 2013 жыл.


«Ресей қыркүйектің 30-ында зымыран ұшырмақ» деген дерекке байланысты Қазақстанның ресми органдарынан әзірге ешқандай жауап ала алмадық. Қазақстан сыртқы істер министрлігіне хабарласқан Азаттық тілшісіне ешкім жауап бермеді.

Ал «ҚазТАГ» агентігінің сұрағына жауап берген қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров «жақында барлығыңызды жинап алып айтамыз» деп қысқа қайырған.

2013 жылғы шілденің 2-сі күні ресейлік «Протон-М» зымыран тасығышы Байқоңырдан ұша бере апатқа ұшырап, жарылып кеткен еді. Апат кезінде Байқоңыр ғарыш айлағының маңы зымыран тасығыштың бірнеше жүз тонна улы отыны – гептилмен ластанған.

Апат орнындағы зиянды заттың шектік концентрациясы туралы екі елдің ақпараты екі түрлі. Қазақстандық мамандардың бағалауынша ол 660-тан 330-ға, ал ресейлік мамандардың есептеуі бойынша 130-дан 10-ға дейін азайған.

Қазақстанда азаматтық белсенділер шілденің 2-сіндегі апаттан соң ресейлік «Протон» зымыран тасығышының зияны көп екенін айтып, оны ұшыруға қарсылық ретінде бірнеше рет акция өткізген.

Ресей Қазақстанға тиесілі Байқоңырды 1994 жылдан бастап жалдап, жылына 115 миллион доллар төлеп, 2050 жылға дейін толық пайдалануға рұқсат алған. Соңғы кездері екі ел Байқоңырға байланысты бірнеше рет келіспей қалып, қосымша келіссөздер өткізген. 2013 жылы қаңтар айында Қазақстан үкіметі «2013 жылы Ресейдің пайда табу мақсатында ұшыратын «Протон-М» зымырандарын азайтамыз» деп мәлімдеген. Ресей ғарышқа 17 зымыран ұшыруды жоспарласа, Қазақстан солардың 12-сіне ғана рұқсат беретінін айтқан.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG