Accessibility links

Украина дағдарысының Ресей экономикасына әсері


Ресей рублінің бағамы. Мәскеу, 3 наурыз 2014 жыл.

Ресей рублінің бағамы. Мәскеу, 3 наурыз 2014 жыл.

Ресей рублі долларға шаққанда рекордтық мөлшерде арзандады. Сарапшылар оған «Украина дағдарысының қырғиқабақ соғыс сипаты айыпты» дейді. Азаттық тілшісі осы төңіректегі төрт сауалға жауап іздеді.

Наурыздың 3-і күні Ресей валютасы арзандап, долларға шаққанда 36,4 рубльге, еуроға шаққанда 50 рубльге құлдырады.

РУБЛЬ ҚАНШАЛЫҚТЫ ҚҰНСЫЗДАНДЫ?

Копенгагендегі Danske Bank сарапшысы Ларс Кристенсен «Украинадағы дағдарыс шиеленіскен сайын Ресейдегі шетелдік инвесторлар сақтық шараларын жасап жатыр, рубльдің құлдырауына сол себеп болды» дейді.

- Инвесторлар Ресей Батыстан алшақтап барады деп қорқады. Жаңа қырғиқабақ соғыстың басталуы мүмкін бе, жоқ па - ол жағы белгісіз. Бірақ Шығыс пен Батыстың қарым-қатынастарының өзгергені инвесторлардың көңіл-күйіне де әсер етеді. Сондықтан Ресейдегі инвесторлар азая бастады, - дейді ол.

Базардағы сатушы рубль санап жатыр. Мәскеу, 3 наурыз 2014 жыл.

Базардағы сатушы рубль санап жатыр. Мәскеу, 3 наурыз 2014 жыл.

Рубльдің арзандауы мен Украина дағдарысының арасында тікелей байланыс бар деу қиын. Рубль жыл басталғаннан бері 10 пайызға құнсызданған еді. Оған шетелдік инвесторлардың дамушы елдер нарығына қызығушылығы азайғаны себеп болды.

Ресейдің «ФБК» стратегиялық талдау институтының директоры Игорь Николаев:

- Санкциялар туралы айтылып жатыр. Бірақ шиеленіс осынша ушыққанға дейін де рубль арзандай бастаған еді. Қазіргі жағдайлар оның құлдырауын тездететін катализатор қызметін атқарды, - дейді.

Бірақ наурыздың 3-і күнгі рубль бағамының күрт құлдырауы Ресей Орталық банкінің тез әрекетке көшуіне ықпал етті. Ресейлік валюта трейдерлері рубльдің арзандауын тоқтату үшін Орталық банктің 10 миллиард долларды сатқанын мәлімдеді. Бұл мәлімдемені Орталық банктің өзі растаған жоқ, олар әдетте деректі екі күннен кейін жариялайды.

ӘЛІ ҚАНША АРЗАНДАЙДЫ?

Қазір бұл сұраққа жауап беру мүмкін емес. Оның бір себебі – Орталық банк валютаға дәл қай уақытта қолдау көрсететінін ешқашан мәлімдеген емес.

Орталық банк бірнеше мәрте рубльдің айырбас бағамын белгілеп, оның одан әрі әлсіреуіне жол берді, солайша мамандар «рубль өз бетімен тұрақтансын» деді. Бірақ Украинадағы дағдарыс бір жақтан қысып, рубльдің тағы қанша құнсызданатынын болжауды қиындатып жіберді.

Кристенсен рубль неғұрлым арзандаса, Орталық банкке оны қорғау соғұрлым қымбатқа түсетінін айтады.

Ер адам валюта айырбастау орнының жанынан өтіп барады. Мәскеу, 3 наурыз 2014 жыл.

Ер адам валюта айырбастау орнының жанынан өтіп барады. Мәскеу, 3 наурыз 2014 жыл.

- 2008 жылы Грузиядағы шиеленіс пен қаржылық дағдарыс кезінде де рубль қиын кезеңді басынан кешті. Сол жолы Ресей Орталық банкі рубльді ұстап тұру үшін 200 миллиард доллар жұмсады. Бірақ онысы сәтсіз болды, себебі пайыздық мөлшерлеме жоғары, ал өсім қарқыны төмен болғандықтан, бұл Ресей экономикасына қомақты шығын болды. Енді Орталық банк ол жолғы қателікті жасамауға тырысып отыр, сондықтан рубльдің құнсыздануына бөгет болмайды. Бірақ арасында оны тоқтатып, құнсыздану қарқынын бәсеңдетуге әрекет жасайды, - дейді ол.

УКРАИНА ДАҒДАРЫСЫНЫҢ ЫҚПАЛЫ ҚАНДАЙ?

Наурыздың 3-і күні Ресейдің Орталық банкі 2012 жылдың тамызынан бері бірінші рет инвесторлардан қарызға ақша алған кезде төлейтін негізгі пайыздық мөлшерлемені өсірді.

Ресей инвесторлардан айырылмау үшін ол мөлшерлемені 5,5 пайыздан 7 пайызға көтерді. Бұл рубль құнын одан әрі түсіріп қана қоймай, ресейлік қазынаға қосымша салмақ салады.

Оның үстіне, ресейлік акциялар наурыздың 3-і күні RTS (Russian Trading System) қор биржасы индексінде 14 пайызға арзандады. Экспортпен айналысатын кәсіпорындар бұдан айтарлықтай жапа шекті. Ресейлік «Газпром» акцияларының бағасы 10 пайызға төмендеп кетті. Оған бұл компанияның Украинадағы табысты саудасы тоқтайды немесе азаяды деген үрей себеп болған.

БҰДАН АРЫ НЕ БОЛАДЫ?

Егер дағдарыс тез шешімін тапса, оның зияны да азаяды. Ресей экономикалық мәселелерін реттеуге мүмкіндік алады.

Қырымдағы жағдай шиеленісіп тұрған кезде Ресей президенті Владимир Путин (ортада) әскердің дайындығын тексеретін жаттығу өткізді. Ленинград облысы, 3 наурыз 2014 жыл.

Қырымдағы жағдай шиеленісіп тұрған кезде Ресей президенті Владимир Путин (ортада) әскердің дайындығын тексеретін жаттығу өткізді. Ленинград облысы, 3 наурыз 2014 жыл.

Ресейдің «ФБК» стратегиялық талдау институтының директоры Игорь Николаев «Ресей экономиканың құрылымдық мәселелерін шешпейінше, рубльдің құнсыздана беретінін» айтады.

- Рубльдің құнсыздануының басты себебі – Ресейдің макроэкономикалық әлсіздігі. Бұл дәрменсіздік сақталып қана қоймай, тереңдей түседі. Біз әлдеқашан тоқыраудан құлдырауға өтіп кеткенбіз, - дейді ол.

Украинадағы дағдарыс дұрыс шешілмесе, Ресей мен Батыстың экономикалық мәселелері көбейе береді. Мәскеу Украинаға қатер төндіріп тұр, Батыс оған санкция жариялайтынын ескертті. Мұның бәрі қырғиқабақ соғыстың жаңғырығы тәрізді.

Danske Bank сарапшысы Ларс Кристенсеннің айтуынша, «Егер әлем жаңа қырғиқабақ соғыстың сценариімен жүретін болса, Батыс пен Шығыс арасында экономикалық және сауда кедергілері көбейеді, қорғанысқа бөлінетін шығындар артады. Біз қырғиқабақ соғыстың аяқталуы ғаламдық экономикаға қаншалықты пайдалы болғанын ұмытып кете береміз, енді сол ғаламдық экономиканың болашағын күл-талқан етуге қарай жылжығанымыз дұрыс болмайды».

(Чарльз Рекнагельдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG