Accessibility links

Еуропа елдеріне Сочиге атлет жібермеу туралы хаттар келді


Сочиде қоғамдық қауіпсіздікті бақылап жүрген полицейлер. Сочи, 23 қаңтар 2014 жыл.
Сочиде қоғамдық қауіпсіздікті бақылап жүрген полицейлер. Сочи, 23 қаңтар 2014 жыл.

Еуропаның бірнеше мемлекетінің олимпиада комитеттеріне Сочи олимпиадасында теракті жасалады деген қоқан-лоқы көрсеткен электронды хаттар түсе бастады.

Венгрия, Германия, Австрия және Италияның ұлттық олимпиада комитеттерінің басшылары 22 қаңтарда "спорт делегацияларын 7 қаңтарда Сочиде басталатын олимпиадаға бармауға шақырған хаттар алғанын" мәлімдеді.

Бірақ Халықаралық олимпиада комитеті Венгрия ұлттық олимпиада комитетіне жолданған электрондық хатта қоқан-лоқы көрсету жоқ, ол тек қарапайым азаматтың "кездейсоқ жіберген хатына ұқсайды" дейді.

ДОҚ КӨРСЕТУШІЛЕР МЕН КҮДІКТІЛЕР

Өткен аптада «жиһадшылар» веб-сайтында Ресейдің оңтүстігіндегі Волгоград қаласында өткен айда болған жарылыстарды өз мойнына алған екі ер кісінің видеосы жарық көрді. Жарылыстардан 30-дан аса кісі опат болған еді. Ресей құқық қорғаушылары бұл видеоның қашан таспаға түсірілгенін және олардың жарылысты шынымен ұйымдастырған-ұйымдастырмағанын анықтап жатыр.

Бұл видеода өздерін Солтүстік Кавказдағы «Дағыстан республикасының өкіліміз» деп таныстырған екі жігіт содырлардың олимпиадаға арнаған «тосын сыйлар пакеті» бар екенін айтады. «Егер сендер олимпиада өткізсеңдер, мұсылмандардың төгілген қаны үшін бізден сыйлық аласыңдар» дейді видеодағы екі адамның біреуі.

Осы аптада Ресей арнайы қызметі Сочиде жарылыс жасауға тырысуы мүмкін деген күдікпен төрт әйелге іздеу жариялаған.

Қаңтардың 18-і күні Дағыстан астанасы – Махачкала қаласының қауіпсіздік күштері «арнайы операция кезінде жеті күдіктіні атып өлтіргендерін» хабарлады. Оққа ұшқандар арасында мерт болған содырдың 26 жастағы жесірі де болған. Болжам бойынша, бұл әйел болашақта теракт ұйымдастыруға әзірленіп жүрген.

«Қара жесірлер» аталып кеткен әйел терроршылар Ресейде 2000 жылдан бері көптеген террорлық шабуылдарға қатысты. Ең қанды оқиғалардың арасында 2004 жылдың ақпан айында Мәскеу метросында болған жарылысты (40-тан астам адам қаза тапқан), 2004 жылғы тамыз айында екі ұшақтағы терактіні (90 адам өлді) атауға болады. Былтыр қазан айында Волгоград қаласында жанкешті әйел автобуста өзін жарып жіберіп, жеті адам опат болған.

Осы айдың басында «жұмбақ машина» жарылысынан соң Ресей қауіпсіздік күштері елдің оңтүстігіндегі Ставрополь өлкесінде антитеррор операциясын ұйымдастырды. Желтоқсан айында Ставропольдің Пятигорск қаласында бір машина жарылып, одан үш кісі қаза тапқан.

РЕСЕЙ: ЕШҚАНДАЙ ҚАУІП ЖОҚ

Ресейдің олимпиадалық ұйымдастыру комитеті олимпиада ойындарына ешқандай "қауіп жоғын" айтады.

Қаңтардың 19-ы күні Сочиде журналистерге сұхбат берген Ресей президенті Владимир Путин «олимпиаданың тыныш өтетініне сенімді екенін» айтты.

Путин «Біздің, яғни, ұйымдастырушылардың міндеті – олимпиадаға қатысушылар мен спорт шарасына келген қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл міндетті орындау үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз» деді.

Оның айтуынша, «олимпиада қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде халықаралық ынтымақтастық та ерекше рөл атқарады».

«Егер біз өзіміздің әлсіздігімізді, қорқынышымызды білдіріп алсақ, террористердің өз мақсаттарына жетуіне мүмкіндік береміз. Меніңше, гуманитарлық, саяси, экономикалық және басқа барлық салаларда жұмыс істейтін халықаралық қауымдастық өкілдері бейбіт адамдарды өлтіру сияқты мұндай қылмыстық және террористік шараларға қарсы күресте бірлік көрсетуі керек» дейді Ресей президенті.

АҚШ Сочидегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Ресейге қол ұшын беріп жатыр. АҚШ қорғаныс министрлігі «Мәскеу өтініш берген жағдайда Қара теңізде жүрген екі әскери кеме мен әуе құралдары көмекке келуге әзір» екенін мәлімдеді. CNN телеарнасының хабарлауынша, АҚШ федералдық тергеу бюросының мамандары «Кавказ аймағынан АҚШ-қа барған адамдарды бейресми түрде тергеп жатыр».

АҚШ қауіпсіздік қызметінің атын атамаған бір өкілі Fox News телеарнасына берген сұхбатында «біздің терроризм және қауіпсіздік жөніндегі барлық агенттіктеріміз Сочиде жұмыс істеп жатыр» деген. Оның айтуынша, АҚШ күдіктілерді іздеуге көмектесуге кіріскен.
XS
SM
MD
LG