Accessibility links

Pussy Riot Ресейге санкцияларды күшейтуге шақырды


Pussy Riot тобының мүшелері Мария Алехина (сол жақта) мен Надежда Толоконникова (ортада). Вашингтон, 6 мамыр 2014 жыл.
Pussy Riot тобының мүшелері Мария Алехина (сол жақта) мен Надежда Толоконникова (ортада). Вашингтон, 6 мамыр 2014 жыл.

Pussy Riot тобының мүшелері АҚШ депутаттарын Ресей шенеуніктеріне қарсы санкцияларды күшейтуге шақырды. Музыканттар санкцияларды Болотный ісіне қатысты күшейтуді сұрайды.

6 мамыр күні топ мүшелері Капитолийде АҚШ депутаттарымен кездесіп, баспасөз мәслихатын өткізді. АҚШ заң шығарушылары Pussy Riot тобының мүшелерінің "ерлігіне тәнті екендерін" айтты. Сенатор Бен Кардин (Мэриленд штатынан сайланған демократ) Pussy Riot берген ақпараттардың Магнитский тізіміне жаңа шенеуніктерді қосуға "пайдасы тиетінін" атап өтті.

2012 жылы 6 мамыр күні Мәскеудегі Болотный алаңында оппозицияның Путинге қарсы акциясы шерушілер мен полиция арасында қақтығысқа ұласып, осы оқиғаға байланысты қозғалған «Болотный ісі» бойынша 30-дан астам адамға айып тағылған еді. Құқық қорғаушылар "демонстранттардың полициямен қақтығысын билік өзі арандатқан және оның саяси астары бар" деп санайды.

2014 жылдың басында айыпталушылардың тоғызы «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» және «полицияға қарсылық көрсетті» деп айыпталып, 2 жарым жылдан 4 жылға дейін түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Михаил Косенкоға "мәжбүрлі түрде психиатриялық ем қабылдасын" деген үкім шығарылды. Үш жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген және бір айыпкер Александра Духанинаның жазасын өтеу мерзімі кейінге шегерілді. Қалған 11 айыпкер желтоқсан айында амнистияға ілігіп, босап шықты. Қалған алтауы әлі үкім күтіп отыр. Екі адамнан басқасы айыптарын мойындамады.

Pussy Riot тобының мүшелері Мария Алехина, Надежда Толоконникова және Екатерина Самуцевич Мәскеудегі құтқарушы Ғайса ғибадатханасында президент Владимир Путинге қарсы ән айтқаны үшін 2012 жылы тамызда "бұзақылық жасады" деген айыппен сотталған. Кейін Самуцевичтің жазасы шартты жазаға ауыстырылды. Надежда Толоконникова мен Мария Алехина түрмеде екі жылдай отырып шықты.
XS
SM
MD
LG