Accessibility links

Лондон көрмесі Орталық Азия мен Шығыс Азияның ерте замандағы құндылықтарымен таныстыруда


Лондон университетінде Орта Азия мен Евразия шекарасында жатқан елдердің, сондай-ақ, Таяу шығыстың өте көне замандағы аса бай мәдени құндылықтарымен таныстыратын ерекше көрме өтуде. Оны ұйымдастырушылар мұнда құнды деген және бай, бірақ бұған дейін көп танылмай келген экспонаттар қойылған дейді.

Оқу орнында мұндай көрменің ұйымдастырылып өткізілуінің өзі сирек жағдай. Дегенмен де Лондон университетінің Шығыс және Африка елдерін зерттеу факультеті аталған көрмеге 100-ден астам түрлі еңбекті іріктеген. Ол факультеттің өз суретшілері мен осындай құндылықтарды жинастырып жүрген жандардың қорларынан алынған. Аталған оқу орнының Лондонның орталығындағы Брунеи галлереясындағы мұндай қызықты әрі танымдық көрме қазан айының 10-11 күндері ашылған болатын. Ислам өнері мен археологиясынан дәріс оқитын әрі осы көрменің жетекшісі Анна Контадини былай дейді:

- Бұл өте құнды да сирек заттар, олар туралы білетін адамдар және түрлі аймақтағы, түрлі мамандық иелері жинастырған, бұған дейін оларды бір жерде көрсету мүмкіндігі болған жоқ.

Көрме эксонаттары қатарында Қытай, Жапония және Тибет елдерінің ерте замандағы суретшілерінің картиналары, Буддалардың мүсіндері бар, олардың біреуін Далай Лама сыйлыққа берген екен. Ислам және христиан қолжазбалары да осында қойылған.

Ал Таяу шығыс пен Африка экспонаттарының ішінде көне заман карталарымен қатар суреттерге дейін бар. 16-шы ғасырға жататын көне қолжазбаларға дейін осы көрмеден көріп, тамашалауға болады. Мұнда сондай-ақ қазіргі Өзбекстан жеріндегі Самарқанд өрнегінің 15-шы ғасырлық үлгілерін де көруге болады. Контадини мұндай қолөнерлерін жасаушылардың өзіндік әдіс-тәсілдері, орындау мәнерлері болған болуы керек деп түсіндіреді.

Контадинидің айтуынша, бұл көрмеден Осман империясы тұсынан бері, Иран, Үндістандағы Мұхал замандарынан сақталып келген әдемі мұқабалы қасиетті Құран кітабын және екі Тахта немесе таңдамалы поэмалар жинағын көрсеңіз болады. Оның бірін 1525 жылы Шираз шығарса, алтынмен боялған екіншісін 1530-1534 жылдары Герат провинциясының губернаторы болған Бахрам мырза безендірген екен.

Көрмеге күн сайын келіп қызықтаушылар сондай-ақ, экспонаттар арасынан Қытайдағы 11-ші ғасырға жататын мәдени мұраларды, сондай-ақ Армениядағы ерте дүние қолжазбаларын көре алады. Көрмеде сонымен бірге Суматраның сиқырлық күштер кітабын, бирмалық гипстен жасалған Будда мүсіндерін, Қытайдың соңғы императоры Пуидің жеке мұғалімі Режиналд Джонстонға өз қолымен салып, сыйлыққа берген гүлдер суреттерін де таба аласыз. Кейінірек Джонстон Лондон университетіндегі тұңғыш қытай профессоры болған.

Лиза есімді көрмеге келушілердің бірі «Азаттық» радиосына берген сұхбатында былай деді:

- Мен мына бір 68 номерлі қораз тәріздес құмыраны көргенімде өте қатты таңқалдым. Оны қайта қалпына келтіріліп жапсырылған деп ойлайын десем, ешқандай сызат білінбейді, сонымен қатар ол өте көне болғанымен де жаңа сияқты көрінеді, - деп өзінің кейбір экспонаттарды қарағанда таң-тамаша болғанын жасыра алмады.

Контадиди болса бұл құмыраның 12-13 ғасырлардан сақталғанын, ал оның кішкентай жарықшақтары білінбестей етіп орнына келтіріліп жымдасып жапсырылған дейді. Көрме жетекшісі мұндай құнды дүниелердің әлі де қорда көп екендігін айтып, ал оларды жұртшылық назарына ұсыну енді тұрақты болып тұрады деп атап көрсетеді.
XS
SM
MD
LG