Accessibility links

Волгоградта екінші жарылыс болды


Волгоградта осымен екінші рет жарылыс болды. 30 желтоқсан күні таңертең троллейбус жарылып, 14 адам қаза тауып, 15 адам жараланды. Ал кешегі терактіден 17 адам өліп, 45 адам зардап шеккен еді.

Ресейдің Волгоград қаласында таңертең троллейбуста жарылыс болды. 14 адамның қаза тапқаны, 15 адамның жараланғаны хабарланды. Зардап шеккендер арасында жасқа толмаған сәби бар.

ИТАР-ТАСС агенттігінің ақпаратына қарағанда, жарылысты жанкешті жасаған. Агенттікке дереккөз "Ол жарылыстың сипатынан, жарылыс орнында табылған заттардан көрініп тұр" деген. Жарылыс Волгоград қаласындағы базардың жанында болды.

Тергеу органдары жарылысты терактіге жатқызып отыр. Ресей тергеу комитетінің ресми өкілі Владимир Маркин Ресей қылмыстық кодексінің 205 (теракт) және 222-бабы (қару немесе жарылғыш заттардың заңсыз айналымы) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, "троллейбус толық қираған, зардап шеккендер көп". Оқиға орнында тергеушілер мен жарылған заттар мамандары жұмыс істеп жатыр.

Желтоқсанның 29-ы күні Волгоград вокзалында жарылыс болған еді. Одан 17 адам қаза тауып, 45 адам жараланды. Тергеу орындары бұл жарылысты да жанкештілер жасаған деп болжайды.

Жарылыстан кейінгі вокзалды мына видеодан көре аласыз:




Құқық қорғау органдарының мәліметі бойынша, жарылғыш құрылғы вокзалға кіреберісте тұрған металл іздейтін құралдың жанында жарылған.

Зардап шеккен 45 адамның 35-і ауруханада жатыр. Олардың бесеуі әл үстінде жатыр. 11-інің жағдайы нашар. Жарылыс кезінде жараланған тоғыз жасар қызға операция жасалған. Қазір оны Мәскеуге апару мәселесі шешіліп жатыр.

Дүйсенбі күні таңертең Ресей төтенше жағдайлар министрлігінің ұшағы Мәскеуге жарылыстан зардап шеккен жеті адамды жеткізді. Жаралыларға Мәскеуге жеткізетін тағы бір ұшақ әзір тұр.

Волгоград облысының жергілікті билігі 15 тәуліктік террорлық әрекет қаупі мерзімін жариялады. Полиция күшейтілген қызметке көшті.

Волгоград вокзалындағы жарылысты мына видеодан көре аласыз:


Әлем елдері саясаткерлері, халықаралық ұйымдар қаза тапқан адамдардың отбасына көңіл айтып жатыр. Көпшілігі жәрдем беруге дайын екендерін хабарлаған. Волгоградтағы терактілерді БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі де айыптады. НАТО Бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен ұйымның Ресеймен бірігіп терроризмге қарсы күресуді жалғастыратынын мәлімдеді.

Ресейдің антитеррорлық комитеті "жарылысты жанкешті әйел жасаған болуы мүмкін" деп хабарлаған. Бірақ тергеу орындары терактіні ер адам жасаған немесе ер мен әйел бірігіп іске асырған деп болжайды. Әзірге жарылысты ешкім мойнына алған жоқ.

Соңғы екі айда Волгоград қаласында үш теракт жасалды. Қазан айының соңында жанкешті әйел автобус салонында жарылыс жасады. Ол жолы алты адам қаза тауып, ондаған адам жараланған еді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG