Accessibility links

Сириядағы Ресей шабуылына қатысты ауа-райы болжамы


«Россия-24» мемлекеттік телеарнасындағы ауа-райы болжамынан алынған скриншот. 3 қазан 2015 жыл.

«Россия-24» мемлекеттік телеарнасындағы ауа-райы болжамынан алынған скриншот. 3 қазан 2015 жыл.

​Ресей мемлекеттік телеарнасы Сириядағы әскери операция туралы ақпаратты ауа-райы болжамына араластырды. Сирияның қоңыр күзі әуе шабуылдарына қолайлы екен.

Ресей Сириядағы әуе шабуылдарын бастаған соң Кремльді қолдаушылар насихаттың жаңа әдісін ойлап тапты. Қазанның 3-і күні «Россия 24» мемлекеттік телеарнасы ауа-райы болжамы арқылы биліктің әрекетіне оң баға берді.

«БОМБАЛАУҒА ҚОЛАЙЛЫ МЕЗГІЛ»

Телеарна Сирияның күзгі климатына талдау жасап, оны «бомбалауға өте ыңғайлы мерзім» деп сипаттады. «Әдетте Сирияда қазан айы ұшуға қолайлы мезгіл» деген ауа-райын таныстырушы әйел Таяу Шығыс еліндегі температура, жауын-шашын, желдің жылдамдығы және бұлтты күндер жөнінде толық баяндады.

Тележүргізуші «Жаңбыр 10 күнде бір жауады, ал 18 миллиметрге дейін жететін нөсер әдетте солтүстік аймақтарда болады, бұл жерде Ресейдің әскери ұшақтары шабуыл жасап жатыр. Бірақ бұл да бомбалауға айтарлықтай кедергі келтірмейді» деді.

Ресейдің Су-30 әскери ұшағы. Сирия, Латакия, 4 қазан 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресейдің Су-30 әскери ұшағы. Сирия, Латакия, 4 қазан 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Үш минутқа созылған қитұрқы ауа-райы болжамында қорғаныс министрлігінің тастаған бомбалары, жарылыстан көтерілген түтіндер көрсетілді, солайша телеарна Сирияның қоңыржай күзі «әуе шабуылы үшін де өте қолайлы» екенін дәлелдеуге тырысты. «Күн ыстығы 35 градустан асса, ұшуға болмайтын еді, бірақ қазір Сирияда термометр көрсеткіші 35-ке жетпейді» деді жүргізуші.

Ол қыстың келіп қалғанын байқатып, бұлттың көбейгені Ресей шабуылдарына кедергі келтірмейді деп көрерменді «тыныштандырды». Графикалық сызба арқылы телеарна бұлттың жерден 4-10 километр қашықтықта тұратынын, оның «жарылысқа арналған биіктіктен жоғары» екенін ескертті.

Ресей қыркүйектің 30-ы күні Сирияға әуеден шабуыл бастап, оны «Ислам мемлекеті» (ИМ) содырлары мен басқа да экстремистерге қарсы соққы деп түсіндірді. Бұл - Совет Одағы тараған 1991 жылдан бергі Мәскеудің шетелдегі ең ірі әскери шабуылы.

«ШАБУЫЛДЫ ЕРТЕ АЯҚТАУҒА БОЛАДЫ»

АҚШ пен оның коалициядағы одақтастары «ИМ нысандарын бомбалаймыз деген Ресей Сирия үкіметінің басқа да қарсыластарына тиісіп жатыр, сондықтан Мәскеудің шынайы мақсаты – президент Башар Асадты қолдау болса керек» деп алаңдаушылық білдірді.

2011 жылы Сирияда Башар Асадқа қарсы азамат соғысы басталды, осы аралықта 250 мыңдай адам опат болды. Ресей шабуылдарынан бейбіт тұрғындардың жапа шеккені де айтылды, оған президент Владимир Путин «Сирия әскерінің қорғанысы кезінде ондай болады» деген түсініктеме берді.

Путиннің карикатурасы.

Путиннің карикатурасы.

«Россия 24» арнасының ауа-райы болжамында әуе шабуылына бәрінен қауіпті – құм дауылдар екені ескертіліп, Парсы шығанағындағы соғыс кезінде АҚШ әскеріне сондай дауылдың бөгет болғаны баса айтылды.

Бірақ ауа-райын жүргізуші құм дауылдардың мұндай мезгілде «Сирияда сирек болатынын» мәлімдеп, «Ресей операцияны жоспардан бұрын аяқтауы мүмкін. Табиғаттың өзі бізді асығуға мәжбүрлейді» деді.

Ресей саясатқа ауа-райы болжамын бірінші рет араластырып тұрған жоқ. 2013 жылдың желтоқсан айында метеоролог Вадим Заводченков қыс кезінде шеруге шыққан Киевтегі Еуромайдан шерушілерін айыптаған еді. «Россия 24» арнасында жасаған ауа-райы болжамында ол «Киевте респираторлық вирустық жұқпалы сырқаттар күрт көбейеді» деген болатын.

2014 жылдың қаңтарында ол шерушілерге тағы да ескерту жасап, «көшедегі тосқауылдар өртенген кезде оның улы түтінін жұтып, қатерлі ісік дертіне шалдығу оңай» деген еді. Сәуір айында Заводченков Украинаның шығысындағы шиеленісті тұспалдап, «бұл аймақтың аспанына бұлт шоғырланды, енді Донецкіге өзгеріс желі келеді» деген болатын.

Клэр Бигтің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG