Accessibility links

Әскердің көбін Сириядан шығарған Путиннің мақсаты не?


Сирия президенті Башар әл-Асад пен Ресей президенті Владимир Путин бейнеленген сувенир табақтар. Сирия, Дамаск, 8 ақпан 2016 жыл.

Сирия президенті Башар әл-Асад пен Ресей президенті Владимир Путин бейнеленген сувенир табақтар. Сирия, Дамаск, 8 ақпан 2016 жыл.

Наурыздың 14-і Путин Сириядағы әскерінің «негізгі бөлігін» шығаруды бұйырып, әлемді таңғалдырды. Бес ай бұрын Ресей әскері Сирияда әуе шабуылына кіріскен еді. Тосын шешім астарында не жатыр?

Сирияда бес жылға созылған соғысты аяқтау туралы БҰҰ ұйымдастырған келіссөз басталды, осы сәтте Путиннің бұл елден әскерінің көбін шығаруы Сирия президенті Башар әл-Асадқа «келіссөзге келген жөн» деген ескерту болуы мүмкін.

АСАДТЫ ЖУАСЫТУ

Өткен айда бүкіл Сирияны бақылауға аламын деп уәде берген Асадтың жаны алқымға тірелген кезде Ресей көмекке келмей қалса, жағдайы мүшкіл болмақ.

Сириядағы соғысты тоқтату туралы келісімге келген Ресей, АҚШ және басқа да мемлекеттер алдында Асадтың осындай кеудемсоқ уәде беруі Мәскеуді ашуландырған сияқты. Ресейлік сарапшылар «Кремль Асадтың үстем сөйлеп, соғысты қайта тұтатуына жол бермейді» дегенді айтады.

Путин мен Асадтың Сирияның болашағы туралы жоспарлары бір жерден шыға ма, жоқ па – оны ешкім білмейді. Асадтың «әскерді шығаруға қатысты Мәскеу мен Дамаск толық келісімге келді» деген мәлімдемесіне қарамастан, екі тарап әскери әрекет пен дипломатиялық қадамдарын, Женева келіссөздеріндегі позицияларын егжей-тегжейлі әрі ұзақ мерзімге үйлестіре жоспарламауы мүмкін.

Еуропалық дипломат Reuters агенттігіне «Ресей әрекеті Асадқа көбірек қысым жасауды мақсат етуі мүмкін, уақыт та соған ыңғайлы» дей келіп, «мүмкін деп тұрған себебім, Ресейдің уәдесін орындамаған кездерін де көргенбіз» дейді.

Қалай болғанда да Путин Асадтың биліктен кетуі (өтпелі кезеңнің басында немесе соңында, не кез келген басқа уақытта) келіссөздердің алғышарты бола алмайды деген Ресей талабынан шегінбей отырып, Асадқа ескерту жасай алған тәрізді.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, Путин Асадқа қоңырау шалып, өз шешімі туралы хабарлаған кезде, екі жақ Сирия президентінің болашағын талқыламаған.

БАТЫСҚА ТҰСПАЛ ЖАСАУ

Сириядағы Ресей әскерінің «негізгі бөлігін шығару» туралы бұйрыққа қоса, Путин соғысты аяқтау үшін Ресейдің дипломатиялық әрекетін күшейтуге бұйырды. Путиннің ойынша, Батыс оның осы әрекетіне қарап, «Ресей Женевада бейбіт келісім жасалу үшін барын салды» деген қорытындыға келуі керек тәрізді.

Наурыздың 15-і күні Песков «қазіргі міндетіміз – бейбіт шешімге келуге жан-жақты ықпал ету» деді. АҚШ пен Еуропа бұған илана ма, жоқ па - ол басқа мәселе. Батыс елдері пікір түюге асықпайды, олар Ресейдің Сирия соғысы ғана емес, Украинадағы шиеленіс кезіндегі келіссөздерін көрген әрі ондағы әрекеттерін ұмытқан жоқ. Ресейдің уақыт ұту үшін қулық жасап, кейін «әскери әрекетін» өзгерте салуы мүмкін екенін Батыс елдері біледі.

Путиннің тосын мәлімдемесі АҚШ-ты таңғалдырған сияқты, Кремльдің «Асад тағдырына бас қатырмаймыз» деген тұспалын Вашингтон ескереді. Путиннің сөзінен кейін Обама онымен телефон арқылы сөйлесті. Ақ үйдің хабарлауынша, Обама Путинге «зорлық-зомбылықты тоқтату үшін Сирияға саяси өзгерістер қажет екенін» баса айтқан.

Бірақ әскерді шығару туралы хабарлама Асад қарсыластарын «Ресей әуе шабуылынан Сирияда 1700-ге жуық бейбіт тұрғын қаза тапты» деп сынау мүмкіндігінен айырады. Кремльдің бұл әрекеті Ресейге өзін қорғайтын әдіс пен өзгелерді – Сирия оппозициясын, оның аймақтағы жақтастарын, ал келіссөз оң шешім таппаса, Батысты кінәлауға да мүмкіндік тауып беретін тәрізді.

Ресейдің Tu-22M3 әскери ұшағы Сирияда бомба тастап, ұшып барады. 2016 жылдың қаңтары.

Ресейдің Tu-22M3 әскери ұшағы Сирияда бомба тастап, ұшып барады. 2016 жылдың қаңтары.

РЕСЕЙ ХАЛҚЫНА МАҚТАНУ

Ту көтеріп, тойлатпаса да, Путиннің телеарналар арқылы «Ресей қорғаныс министрлігі мен қарулы күштері алдына қойған мақсатты орындады» деген мәлімдемесі АҚШ-тың бұрынғы президенті Джордж Буштың Иракқа қатысты «миссия орындалды» деген мәлімдемесіне ұқсады.

Батыс басшылары Ресей әуе шабуылдарының «Ислам мемлекеті» (ИМ – Қазақстанда тыйым салынған террористік топ) содырларына тиген кезі сирек десе де, Путин «Ресей Сирия әскерінің халықаралық террорға қарсы соғыста түбегейлі бетбұрыс жасауына көмектесті» деп мақтанды. Яғни, өз елінде оны құрметтейтіндер көбейе түседі. Ресей мемлекеттік арнасын көретін тұрғындар осыған дейін «шығынсыз соғысып жатқандарына» иланып келді.

Бірақ ресейліктердің бәрі бірдей бұған сенеді деуге болмайды. «Эхо Москвы» сайтындағы блогында журналист Аркадий Бабченко әскери шешім қабылдамас бұрын оны көпшілік талқысына салып, апталап, тіпті айлап ойланатын елдерді Ресеймен салыстыра келе, «Таңертең бәрі тып-тыныш еді... кешке аяқ астынан «Қымбаттым, Сирияда жеңіске жеттік!» деп шықты» деп жазды.

Оның айтуынша, Путин «Қандай мақсатқа жеттік, қанша адамды өлтірдік, кімдерді өлтірдік, қанша адамнан айырылдық, не үшін бардық, не үшін қайттық?» деген көптеген сауалды жауапсыз қалдырған.

Бірақ Путин ресейліктерге «қиын жағдайдан оңай сытылдым, Таяу Шығыста Мәскеудің позициясын жақсартып, бүкіл әлемге ықпалымды күшейттім» деп бөсу мүмкіндігіне ие болды. Ол бұған дейін де «Сириядағы Ресей әскери операциясының шығыны есептеулі» деген еді.

Нақты есептеген күннің өзінде, Сириядағы операция шығыны ресейліктер экономикалық мәселелерден жапа шегіп жатқан қазіргі уақытта да оның беделіне нұсқан келтірмейді.

МҰНЫҢ БӘРІ САНКЦИЯНЫҢ КЕСІРІ

Ресейдің экономикалық проблемалары көбіне мұнай арзандауынан шықты. Ресей – мұнай экспорттайтын негізгі ел, бірақ АҚШ пен Еуропа Одағы (ЕО) және басқа мемлекеттер Мәскеудің Украина ісіне араласқаны үшін енгізген санкциясы да бұл ел экономикасына зиянын тигізбей 8қалмады.

Путин оған жауап ретінде Батыс елдерінен келетін азық-түлік өнімдерінің біразын Ресейге кіргізуге тыйым салды. Ресей Украина мен Сириядағы әрекетінің арасында байланыс бар екенін терістейді, ал Батыс елдері, оның ішінде АҚШ та бар, Кремльмен бұдан ары санаса бермейтіндерін айтады.

Бірақ Сириядағы әскердің «негізгі бөлігін» шығарған Путин «Ресейге проблема шығаратын ел емес, істің шешімін табуға көмектесетін ел ретінде қарауға жол ашылады және Кремль Қырымды басып алып, Украина шығысындағы сепаратистерді қолдады деп ЕО салған санкциялар шілде айында алынып тасталады» деп үміттенуі мүмкін. Мәселен, Италия мен Венгрия наурыздың 14-і күні «санкцияны автоматты түрде созуды қоюымыз керек» деп мәлімдеді.

Мұның сыртында, Путин «ғаламдық және аймақтық мәселелерді шешу ісінде АҚШ-пен қатар отыру құқығына ие болдым» деп те сенуі мүмкін, өйткені ол қажет кезінде күш көрсете алатынын дәлелдеді.

БАҚ Путин шешімін басты тақырып етіп, «Ресей Сириядан кетті!» деп жалаулатса да, Ресей әскерін толықтай шығаруды жоспарлап отырған жоқ. Путин Ресей әскери күштерінің Сирия соғысына дейін де Ресей флоты қолданып келген Жерорта теңізіндегі Тартус портында және Латакия провинциясындағы Хмеймим әуе базасында қала беретінін мәлімдеді.

Ресей бұл екі базасында шамамен 1000-ға жуық әскери қызметкерін қалдырмақшы. Женевадағы келіссөз нәтижесі мен Асадтың тағдырын, Сирияның аумақтық тұтастығы сақталу-сақталмауын болжау қиын, сондықтан бұл базалар Ресейге қажетті әскери тұғыр болып қала береді.

Стив Гуттерманның мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG