Accessibility links

Экологтар: "Сочи курорт сипатынан айырылды"


Сочиден 14 шақырым жердегі Горный Воздух ауылындағы қоқыс үйіндісі.

Сочиден 14 шақырым жердегі Горный Воздух ауылындағы қоқыс үйіндісі.

Ең қымбат олимпиада атанған Сочидегі қысқы ойындардың экологиялық зардабын ешқандай ақшамен қалпына келтіру мүмкін емес дейді белсенділер.

Сочи қаласының түбіндегі Уч-Дере ауылының тұрғыны Рита Кравченко Қара теңізге түскенді қатты ұнататын. Бірақ соңғы кездері суға түскен сайын денесі қара қошқылданып, бөртетін болды. Содан бері ол теңізге шомылмайды.

«КОЛА» ТҮСТЕС ҚОШҚЫЛ СУ

Кравченконың айтуынша, жақын маңдағы қоқыс үйіндісінің кесірінен су ластанып, денесіне әсер еткен. Табиғатты қорғаушы белсенділер сол қоқыс үйіндісін алты жылдан бері жаба алмай келеді.

Сочи қаласы Қысқы олимпиада ойындарын өткізуге дайындықты бастағалы бері қоқыстың аумағы еселеп өсіп кетті. Жанғаны жанып, қалғаны шіріп жатыр.

Ауыл тұрғындары мұның ел денсаулығына зардабы тиеді деп қобалжиды. Кейбір отбасылар сол үшін бұл ауылдан көшіп те кеткен. Жақын маңайдан ағып өтіп, Қара теңізге құятын Быхта өзені дәл «Кока-кола» сусыны түстес болып, көпіршіктеніп ағып жатады.

Фотогалерея: Сочи маңындағы қоқыс:



БОС УӘДЕ ЖӘНЕ ҚУДАЛАНҒАН ЭКОЛОГТАР

Бұл Кремльдің «2014 жылғы Сочидегі Қысқы олимпиада ойындары экологиялық тұрғыдан ең таза дода болады» деген әдемі уәдесіне мүлде қарама-қайшы келеді. Ресей үкіметі осы уәдені қайталай беруден, ал мемлекеттік ақпарат құралдары олардың жаттанды ұрандарын жариялаудан жалығар емес.

Көп жылдан бері Сочи маңайындағын ауданның экологиялық ахуалын бақылаумен айналысатын «Солтүстік Кавказ табиғатын қадағалау» ұйымының белсендісі Юлия Набережнаяның айтуынша, өкіметтің уәдесі бос сөз болып қалған.

"Бұл – жай ғана пиар, халықаралық қоғамдастыққа ұнау үшін жасалған әрекет. Ол тек ұран ғана" дейді белсенді.

Президент Владимир Путин қолдаған жобаның экологиялық зардабын айтып зарлаудың қаншалық ауыр болатынын жасылдар қозғалысының белсенділері жақсы біледі. Мұндайларға көп қысым көрсетілетіні жайлы жиі жазылады. Сондай бір белсенді елден кетіп қалса, енді бірі түрмеде жатыр.

Соған қарамасан, олар табандылық танытып келеді. Олардың айтуынша, Кремль дәурені өткен курортты аймақты қыста шаңғы тебушілер үшін теңдессіз өңірге айналдыру мақсатында оның қымбат байлығы – ерекше табиғатын құрбан етіп отыр.

«СОЧИДІҢ КУРОРТ БОЛҒАНЫН ҰМЫТУ КЕРЕК»

Сочи 1930 жылдары Сталиннің тұсында курортты қалаға айналды. Содан бері ол совет адамдары демалыстарын өткізіп, шипажайларынде ем қабылдайтын табиғатымен әйгілі аймақ дәрежесін сақтап келді. Бұл өңір даласында қабан жортып, суында дельфин шоршыған ерекше аймақ болған.

Сочидегі «Ресей географиялық қауымдастығының» өкілі Михаил Плотниковтың айтуынша, ол күндер келмеске кеткен.

"Меніңше, бұл қаланың курорт болғанын ұмыта беру керек. Екі сағат кептелісте тұрып жағажайға әзер жететін осындай шулы да беймаза қалада демалуға кім келеді? Көп шипажайлар қала береді. Бірақ бұрын миллиондаған халық Сочи маңындағы Красная Поляна елдімекені.

Сочи маңындағы Красная Поляна елдімекені.

табиғатқа еш зиянын тигізбестен Сочиде демалатын болған. Қазір бізде миллиондаған саяхатшы жоқ, соған қарамастан экология қатты бүлінген" дейді Плотников.

«Солтүстік Кавказ табиғатын қорғау» ұйымының өкіл, қарлы шыңдардың арасындағы шатқалда салынған «Красная поляна» шаңғы курортында тұрып Азаттық радиосына сұхбат берген Юлия Набережная 48 шақырымдық жаңа жолды, тау беткейіндегі көтергіштерді, қонақүй кешендерін көрсетті. Ол өңірдің биологиялық алуандығын сақтап, табиғатқа зиян тигізбеу туралы берілген уәденің мүлде орындалмай қалғанын айтты. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, таудан безген аюлар жақын маңдағы ауылдарды кезіп кеткен.

«ОЛИМПИАДА ӨТКЕН СОҢ БӘРІ ҰМЫТЫЛАДЫ»

«Ресей географиялық қауымдастығы» Сочи бөлімшесінің төрағасы Феликс Иваненконың айтуынша, қоршаған орта айтарлықтай зиян шеккен, әрі Сочи 9лттық бағының 10 мың гектардай жері бүлінген.

Ресейдің «қоқыстан ада құрылыс» бағдарламасы көп сынға ұшырады. Сочи олимпиадасы құрылысы кезінде қоқысты қайта өңдеу технологиясы кеңінен пайдаланылады, қалдық аз тасталады деген сөздерді жоққа шығаратын дәлелдер болды. Өңірдегі бірнеше ауданда қоқысты заңсыз тастау әрекеттері болды деген нақты дерек бар.

Олимпиада деревнясына тақау жердегі күресін. Сочи, 27 желтоқсан 2013 жыл.

Олимпиада деревнясына тақау жердегі күресін. Сочи, 27 желтоқсан 2013 жыл.

Уч-Дередегі қоқыс төгетін жер 2012 жылдың маусым айында ресми түрде жабылғанына қарамасан, 2013 жылы мұнда қалдықтар тасталып келген. Ал Ахштырь ауылында табиғат сақшылары суды қорғау аймағына өнеркәсіп қалдықтарын төгу фактісіне байланысты өкіметке арыз жазды.

Қазіргі уақытта спорт нысандарын салудан қалған қалдық Сочиден солтүстікке қарай 250 шақырым жердегі Белореченск маңына тасталып жатыр. Бұл – үкімет үшін қымбатқа соғатын, уақытша шешім. Табиғатты қорғаушы белсенділер олимпиада аяқталған соң үкімет ол қоқысты сол күйі ұмыт қалдыра ма деп қорқады.

БЕЛСЕНДІЛЕРГЕ ҚЫСЫМ КӨРСЕТУ

Ресми билік көзқарасына мүлде қайшы келетін мұндай жайттар жергілікті белсенділердің арқасында әшкере болып жатыр. Олардың айтуынша, телефондары кенеттен өшіп қалып, кейде тіпті өздері қудалауға ұшырап жатқан жайлары бар.

Жергілікті табиғатты қорғаушы белсенді Владимир Кимаевтың айтуынша, полиция көктемде оның үйін тінткен. Ал қазанның 31-інде «Солтүстік Кавказ табиғатын қорғау» ұйымының өкілі Андрей Рудомаха судьяға жала жапты деп айыпталып, Ресейлік табиғат қорғаушы белсенді Владимир Кимаев.

Ресейлік табиғат қорғаушы белсенді Владимир Кимаев.

қысқа мерзім қамауда отырып шыққан. Белсенді күрескердің өзі мұны қысым көрсету әдісі деп санайды.

Сол оқиғадан соң тағы бір белсенді Дмитрий Шевченконы ФСБ төрт сағат қамаған. Санкт-Петербордан аймақтың орталығы – Краснодарға ұшып келген оны іздеудегі терроршымен «шатастырып алыпты».

Қуғындау мен қысымнан соң табиғатты қорғаушы белсенділер бұрынғыдан да ұйымшыл бола бастады.

Қараша айында Юлия Набережная тағы бір белсенді Ольга Носковецпен бірге табиғатты қорғаушы Евгений Витишконың сотына қатысу үшін пойызбен Туапсе қаласына барып келді. Витишко «түрмеден мерзімінен бұрын шартты түрде босату ережелерін бұзды» деп айыпталған.

СОТТАЛҒАНДАР МЕН ШЕТЕЛГЕ ҚАШҚАНДАР

Олимпиадаға дайындық барысын сынап жүрген белсенді әрі «Солтүсік Кавказ табиғатын қорғау» ұйымының белді мүшесі Евгений Витишко 2012 жылы вандализм әрекеті үшін үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған. Ол ұйымдастырған наразылық шарасы барысында Краснодар аймағы губернаторы резиденциясының қабырғасы бүлінген, ал Витишко бұл іске еш қатысы жоқ екенін айтады.

«Солтүстік Кавказ табиғатын қорғау» ұйымының белсендісі Евгений Витишко.

«Солтүстік Кавказ табиғатын қорғау» ұйымының белсендісі Евгений Витишко.

Дәл осындай айып тағылған тағы бір эколог Сурен Газарян бұрынырақ елден кетіп қалған. Ол алдымен Эстонияға, кейін Грузияға тұрақтады.

Елде қалған Витишко жартты түрде жазасын өтеудің ережелерін бұзды деп айыпталды. Сот 21 желтоқсанда оны үш жылға бас бостандығынан айыру керек деген ұйғарымға келді.

Азаттыққа сұхбат берген Евгений Витишко болашаққа сеніммен қарайды, бірақ бұл шаралардың барлығы олимпиада қарсаңында «заржақтардың» аузын жабу әрекеті деп есептейді:

"Жергілікті басшылық менің жүйелі түрде ұйымдастырып жүрген шараларымнан хабардар екенін байқатып, үнімді өшіру үшін осы әрекеттерге барып жатқаны айдан анық" дейді Витишко.

Ал бұл өңірдің Рита Кравченко сияқты тұрғындары қоқыс үйінділерінің қасында ғұмыр кешуге мәжбүр.

"Олар мұнда бұдан әрі қоқыс төкпей, үйінді осы қалпында тастап кетер деген жалғыз үмітіміз бар. Егер қоқыс жағалауға түссе, ол өзенге құлап, ақыры теңізге барып түседі. Онда біздің ешқандай үмітіміз қалмайды" дейді жергілікті тұрғын Рита Кравченко.

Том Бэлмфорттың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG