Accessibility links

Сочи олимпиадасында жеңіске жеткен спортшы атақ-даңққа бөленіп қана қоймайды. Кейбір елдер алтын алған спортшысына жарты миллион долларға дейін ақшалай сыйлық атап отыр.

Олимпиадада жеңіске жеткендерге қаржылай сыйлық беріледі. Сочи олимпиадасына қатысқан кей елдің спортшылары алтын алса, оларға ондаған, тіпті жүз мыңдаған доллар сыйға тартылуы мүмкін.

МҮМКІНДІГІ АЗ, ҚАРЖЫСЫ МОЛ ЕЛДЕР

Бір қызығы, ең көп қаржылай сыйлық әзірлеп отырған елдердің көбі - шаңғы немесе керлинг сияқты қысқы спорт түрлерінен жеңіске жету мүмкіндігі аз мемлекеттер.

Жеңімпазға ең көп қаржылай сыйлық ұсынатын - Әзербайжан. Баку Сочиге төрт спортшы жіберді, бірақ ұлттық олимпиада комитетінің өкілі Азаттыққа «олардың алдыңғы саптан көрінуі екіталай екенін» айтты.

Ресейлік спортшылар Татьяна Навка (оң жақта) мен Илья Авербух олимпиада алауын ұстап тұр. Мәскеу, 14 қаңтар 2013 жыл.

Ресейлік спортшылар Татьяна Навка (оң жақта) мен Илья Авербух олимпиада алауын ұстап тұр. Мәскеу, 14 қаңтар 2013 жыл.

Бірақ олардың бірі алтын медаль ала қалса, Әзербайжан үкіметі жеңімпазға 510 мың АҚШ долларын береді. Күміске - 255 мың доллар, ал қола медальға 130 мың доллар жүлде тағайындалған.

Армения алтын медальға – 30 мың доллар, күміске – 20 мың, ал қола медаль үшін 10 мың АҚШ долларын тікті.

2010 жылы Канаданың Ванкувер қаласында өткен қысқы олимпиада ойындарында бұл елдердің ешбірі медаль алмаған еді.

ҚАЗАҚСТАН: АЛТЫНҒА - 250 МЫҢ ДОЛЛАР

Ванкуверде бір медаль алған Қазақстан осы жолғы алтын иегеріне – 250 мың доллар, күміске – 150 мың, ал үшіншіден бастап алтыншы орындарды иеленген атлеттерге 75 мың доллар береді.

Беларусь пен Украина алтынға - 150 мың, күміске - 75 мың, қола медаль иегеріне 50 мың доллар әзірлеп отыр. Беларусь Ванкуверде үш медаль алған, ал Украина құр қайтқан еді.

Олимпиада өтетін Ресей алтын медальға - 113 мың доллар, күміске - 71 мың, қолаға 42 мың доллар белгілеген. Бұл елдің спортшылары Ванкуверде 15 медаль алды, оның үшеуі - алтын. Совет Одағы құлағалы бері, 1994 жылғы Лиллехаммер олимпиадасынан бастап, жоғары нәтиже көрсетіп келе жатқан Ресей үшін Ванкувер ең сәтсіз олимпиада болған еді.

Жоғарыда көрсетілген сомалар ауқатты Батыс елдерімен салыстырғанда өте қомақты саналады.

Сочиде алтын медаль алады деп болжанған қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанин. Ванкувер олимпиадасы, 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Сочиде алтын медаль алады деп болжанған қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанин. Ванкувер олимпиадасы, 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

АҚШ алтынға – 25 мың, күміске – 15 мың, қолаға 10 мың доллар тіккен.

Германияда Deutsche Sporthilfe қоры алтын медальға - 20 мың, сегізінші орынға дейін 2 мың доллардан төлейді.

Канаданың олимпиадалық комитеті алтын медальға - 9 мың доллар, күміске - 6 мың 800, қола медаль алған атлетке 4 мың 500 доллар тарту етпек.

Олимпиада жеңімпаздарын қомақты қаржымен марапаттау тек қысқы олимпиада ойындарына тән құбылыс емес. 2012 жылы Лондон жазғы олимпиадасында жеңіске жеткен Әзербайжан мен Тәжікстан сияқты пост-советтік елдердің спортшыларына он мыңдаған доллардан бастап, қымбат автокөліктер мен жаңа пәтерлер берілді.

(Антуан Блуаның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG