Accessibility links

Путиннің Сириядағы шабуылы неден шықты?


Ресей президенті Владимир Путин журналистерге жауап беріп отыр. Мәскеу, 17 желтоқсан 2015 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин журналистерге жауап беріп отыр. Мәскеу, 17 желтоқсан 2015 жыл.

Ресей президенті Владимир Путинді өткен жылы Украинаға басқыншылық жасағаны үшін әлемнен оқшаулай бастаған еді. Оның Сирияға шабуылы Украинадағы әрекетін ұмыттырып жібергендей.

Батыс елдері Ресейге қарсы санкцияларын алып тастамайтын тәрізді, оның үстіне Сириядағы әуе шабуылдары Путин ойлағандай нәтиже бермейтін сияқты. Бірақ сыртқы саясаттағы әрекеттері Ресейдің үлкен тәуекелге бел буғанын көрсетеді. Ресей жаңа жылды осындай қолайсыз ахуалда қарсы алмақ.

2014 жылдың желтоқсанында Вашингтондағы кездесуде америкалық жетекші кәсіпкерлер АҚШ президенті Барак Обамаға Ресей туралы сауал қойды. Сол кезде Путиннің Украинаға басып кіруі мен «бұрынғы» саяси әрекеттеріне шолу жасаған Обама «ол әрекеттердің Ресейді әлемнен толық оқшаулай бастағанын» айтқан еді.

Ресейдің Украинаға жасаған былтырғы басқыншылығы оны әлемнен оқшаулауға себеп болса, сыртқы саясаттағы биылғы өктемдігі бұл елді қайтадан санатқа қосқандай. Алайда Путин 2016 жылдың табалдырығын Батыс елдерінің санкцияларымен аттайды, мұнай бағасы құлдырап, Ресей экономикасы әлсіреп барады, энергия экспорттау саласындағы кейбір келісімдер бұзылып жатыр, ал Сириядағы әуе шабуылының соңы немен бітетінін болжау қиын.

Ресейдің зымырандармен жабдықталған "Москва" әскери кемесі Жерорта теңізінің Сирия жағалауында тұр. Сирия, 17 желтоқсан 2015 жыл.

Ресейдің зымырандармен жабдықталған "Москва" әскери кемесі Жерорта теңізінің Сирия жағалауында тұр. Сирия, 17 желтоқсан 2015 жыл.

Өткен айда Парижде болған терактілерден соң Путиннің Сириядағы терроризмге қарсы әскери әрекеті оның 2014 жылы Қырым түбегін Украинадан тартып алып, сүйкімсіз болғанын жуып-шайғандай. Украинаның шығысында киевшіл күштер мен ресейшіл сепаратистер арасында соғыс болып, қан төгілгеніне де Путинді айыптайды.

Берлиндегі Роберт Бош орталығының Орталық және Шығыс Еуропа, Ресей және Орталық Азия жөніндегі маманы Стефан Мейстер «2015 жылғы Путиннің басты жетістігі – ол қайта оралды, онымен сөйлесуге болады деген пікір қалыптасты, тіпті Украина дағдарысынан басқа жағдайда ол көмектесе алады деушілер табылды» дейді.

Путиннің Ресейді Сириядағы азамат соғысын реттеудің бір тарапы және террорға қарсы бірлескен күреске қажетті мемлекет ретінде көрсетуге жанталасқан әрекеті қатерсіз емес. Сирия үкіметін қолдап, оның жауларына (оның ішінде «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы мен көтерілісші тайпалар бар) қарсы қыркүйектің 30-ы күні басталған Ресейдің әуе шабуылы Батыс пен Парсы шығанағы елдерін наразы етті.

Олар «Ресей Сирия ісіне өзінің одақтасы – президент Башар әл-Асадты қолдау үшін араласты» дейді. Бұндай килігудің көптеген теріс жақтары бар: Ресей қаржы қоры азая береді, елдегі сүннит мұсылмандар наразы болады, солайша ел ішінде террор жасалу қаупі бар. Оған Түркияның қарашаның 24-і күні Сирия шекарасы маңында ресейлік бомбалаушы ұшақты атып түсіргені тәрізді күтпеген жағдайлар қосылды. Одан кейін Анкара мен Мәскеу арасы шиеленісті.

Египет премьер-министрі Шериф Исмаил (оң жақтан екінші) Ресей жолаушылар ұшағы құлаған жерді көріп жүр. Египет, Синай, 31 қазан 2015 жыл.

Египет премьер-министрі Шериф Исмаил (оң жақтан екінші) Ресей жолаушылар ұшағы құлаған жерді көріп жүр. Египет, Синай, 31 қазан 2015 жыл.

2015 жылдың басында Путиннің әлемдегі беделі түзелгендей болғанымен, ресейлік тұрғындар бұрынғыдан бетер оқшауланып барады. Мәскеудің Сириядағы әуе шабуылдары үшін кек алдық деген ИМ жасағы Синай түбегі үстінде ұшып бара жатқан жолаушылар ұшағын атқаннан бері Путин ресейліктерге Египеттегі Қызыл теңіз шипажайларына баруға тыйым салды.

Бұдан кейін Түркияға турист апару шектелді. Ресейдің Сириядағы әуе шабуылдары АҚШ немесе Еуропа Одағының (ЕО) Украина үшін салған санкцияларын алып тастауға әсер етуі екіталай. ЕО Ресейге қарсы санкциясын 2016 жылдың шілдесінен желтоқсанның 21-іне дейін ұзартты, ал Вашингтон санкцияларының тізіміне 30 шақты ресейлік шенеунік пен компанияларды қосты.

Жақында Азаттыққа сұхбат берген Обаманың Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің Ресей және Орталық Азия бойынша аға директоры Селестэ Уолландер ханым «Ресей Украинаға қатысты біздің нақты позициямызды Сириядағы террорға қарсы күресте ынтамықтас болуымен жібіте алмайды, ымыра жасалмайды» деді.

Нью-Йорк университеті профессоры, Ресейдің қауіпсіздік қызметі бойынша сарапшы Марк Галеотти «Дегенмен Путиннің Сирия ісіне араласуы Ресейге Таяу Шығыс саясатына қатысты пікір білдіруіне жол ашты, жұрт Ресейді де есепке алу керек екенін ұқты және Сирияға шабуыл Путиннің өз еліндегі беделін көтерді» дейді.

Галеотти Азаттыққа берген сұхбатында «Әзірге бұл терезеден секірген адамның жерге құламай тұрып, өзін тамаша сезінгені сияқты. Бірақ Путин өз ісін сәтімен жүргізіп келеді» дейді.

Оның пікірінше, Путиннің 2015 жылғы сыртқы саясаты «2014 жылғы әрекеттердің зиянын жоюға арналған». «Негізгі мәселе – экономикалық санкциялар қосылып, Ресейдің одан ары оқшаулана түсуі, осыны реттеу керек. Сирия авантюрасы осыдан шықты» дейді Галеотти.

G20 саммитінде АҚШ президенті Барак Обама (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) сөйлесіп отыр. Түркия, Анталия, 15 қараша 2015 жыл.

G20 саммитінде АҚШ президенті Барак Обама (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) сөйлесіп отыр. Түркия, Анталия, 15 қараша 2015 жыл.

Путин Сириядағы дағдарыс пен ИМ мойнына алған терактілерді (қарашаның 13-і күні Парижде 130 адамның өмірін қиған террорлық шабуылдар және 224 адам қаза тапқан Синай түбегіндегі ресей ұшағын атып құлату оқиғасы – ред.) өзінің дипломатиялық маңызын көрсету үшін пайдаланды. Халықаралық алаңда, G20 (Үлкен жиырмалық) басқосуында Путинді 2014 жылға қарағанда басқаша қарсы алды.

Путин 2014 жылғы Брисбенде өткен G20 саммитінен ерте кетіп қалды, себебі оны Австралия премьер-министрі Тони Эбботт қатты сынағалы отырған еді. Эбботт 2014 жылы Украинаның шығысында малайзиялық Airlines Flight MH17 ұшағын ресейшіл сепаратистер атып түсірді деген ақпаратқа сенді. Малайзия жолаушылар ұшағы атып түсірілгеннен кейін Батыс елдері Ресейді айыптаған еді.

Канада премьер-министрі Стивен Харпер Путинге «Қолыңызды қысатын шығармын деп ойлаған едім. Бірақ сізге айтарым тек бір ауыз сөз: Украинадан кетіңіз» деді. Ал 2015 жылы Анталияда өткен G20 саммитінде Путинге қарсы бұндай өшпенділік байқалмады. Путин Обамамен бірге отырды, басқа басшылармен де кездесті, солайша Ресей мен Батыс Сириядағы азамат соғысын аяқтайтын келісімге келуге дайын көрінген.

Украинаның шығысындағы ресейшіл сепаратистердің танкілері. Донецк маңы, 14 қыркүйек 2015 жыл.

Украинаның шығысындағы ресейшіл сепаратистердің танкілері. Донецк маңы, 14 қыркүйек 2015 жыл.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри мамыр айында Сочиде Путинмен кездесті. Бұл оның Шығыс Украинадағы 9 мыңнан астам адам опат болған соғыстан кейінгі Ресейге жасаған алғашқы сапары еді. Франция президенті Франсуа Олланд та Париждегі терактіден соң жедел іссапармен келіп, Сириядағы ИМ-ді жеңу үшін Ресей мен Вашингтон арасында ынтымақтастық орнатуға шақырды.

«Париждегі шабуылдан соң Олландтың Мәскеуге жылдам келгенін, осы кездесу туралы оң пікірлер айтылғанын ескерсек, Путин әлемде Ресейден басқа да сұмдықтың көп екенін дәлелдеді деп ойлаймын, солайша оқшаулаудың мәселе тудырып, пайдалы тәсілдерді қолдануға кедергі болатынын көрсетті» дейді Галеотти.

Керридің Мәскеуге сапары алдында Уолландер 2015 жылы Ресейдің Сириядағы әрекетіне қатысты АҚШ бұл елмен бірге әрекет еткенін айтып, бірақ Украинадағы басқыншылығының зардабынан құтылудың жолын іздегенімен, Ресейдің оқшаулаудан толық шықпағанын ескертті.

Украинаның шығысындағы қақтығыстан қираған үйлердің бірі. Донецк, 22 шілде 2014 жыл.

Украинаның шығысындағы қақтығыстан қираған үйлердің бірі. Донецк, 22 шілде 2014 жыл.

«Ресей Сириядағы азамат соғысына барынша белсенді араласты, әскерімен килікті. Ресей әрқашан ғаламдық маңызы бар мәселелерге араласады. Ғаламдық және ұлттық қауіпсіздік тұрғысындағы маңызды мәселелер қозғалғанда, Ресейді оқшаулау саясатын әркез ысыра тұрамыз» деді ол.

Керри осы айда Путинмен кездескен соң АҚШ дипломаты Обаманың бір жыл бұрын Ресейді оқшаулау туралы айтқаны туралы сұраққа былай жауап берді «Ресейді саяси тұрғыдан оқшауламаймыз. Сол уақытта болған жағдайды сипаттау үшін сондай сөз айтылды. Бірақ біз әркез Ресей мен АҚШ тіл табысып, бірге жұмыс істегенде әлем жақсара түседі дегенді айтып келеміз» деді Керри.

Ресейдегі Украина шиеленісі кезінде қалыптасқан Батысқа қарсы пікірлер алдағы жылы да азаймауы мүмкін. Парламенттің төменгі палатасы - мемлекеттік думаның сайлауы 2016 жылдың қыркүйегіне белгіленген, сондықтан «бұл ұлтқа қажетті жел сөзді көпіртеді» дейді Гелеотти.

Бірақ ол Кремль Украинаның шығысында жіберген «үлкен қателігін» түзеуге тырысады деп санайды. «Бұл байланыстарды қалпына келтіріп, кейбір санкциялардан құтылуға талпынатын кез болады деп ойлаймын» дейді ол.

Солдан оңға қарай: Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Ресей президенті Владимир Путин. Минск, 24 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Солдан оңға қарай: Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Ресей президенті Владимир Путин. Минск, 24 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

«ЕО-ға мүше мемлекеттер де алдағы жылы сайлау өткізеді, сондықтан популистік қозғалыстардың қысымы Путиннің әрекетін бағалауға жағдай жасауы мүмкін. Бұл Путинге Украина немесе басқа постсоветтік елдерге қатысты «еркін әрекет» жасау мүмкіндігін береді, көп пайда табуға жол ашады. Путин үшін бұрынғыдан да табысты жыл болады деп ойлаймын» дейді Мейстер.

Бірақ ЕО-ның біраз мүшелері Ресейдің Германиядағы екінші газ құбыры - Nord Stream 2 жоспарына қарсы, олар «бұл Мәскеудің энергия тетіктерін күшейтіп, ЕО бірлігін жояды» деп алаңдайды. Түркиямен қарым-қатынасының нашарлағаны да Ресейдің Еуропаға энергия тасымалдау мүмкіндігін кеңейтуіне кедергі болмақ.

Украина соғысын есепке ала отырып айтқанда, Ресейдің Сирияда әуе шабуылына кірісуі Мәскеуді «Совет Одағы құлаған (1991 жылы) соң да әскери басқыншылығын тоқтатпады, шетелдегі бейбіт тұрғындардың қазасын көбейтті» деп сынауға себеп болды.

Ресейдің ТУ-22 әскери ұшағы Сириядағы белгісіз нысананы бомбалап жатыр. 19 қараша 2015 жыл.

Ресейдің ТУ-22 әскери ұшағы Сириядағы белгісіз нысананы бомбалап жатыр. 19 қараша 2015 жыл.

Шиттік Иран мен Тегеранға арқа сүйеген ливандық «Хезболлах» жасақтары Сирияда жүргенде, Путиннің бұл қақтығысқа араласуы Ресейді мұсылман шииттер мен сүнниттер арасындағы тарихи шиеленіске тартып әкетуі мүмкін. Қараша айында Reuters агенттігіне Вашингтондағы Брукингс сараптама орталығының президенті Строуб Тэлботт «Путин жақсы стратег емес. Ол мұсылман сүнниттердің наразылығын тудырып отыр. Ресейде ислам экстремизмі мәселесі бұрыннан бар, енді бұған ИМ содырлары Синайда Ресей ұшағын атқаннан бері сыртқы проблемалар да қосылды» деді.

Бірақ әскери стратег Эдвард Латтвак Азаттықтың Орыс қызметіне «Путин таяп келе жатқан соғыстан жалтаруға қабілетті» деген еді.

2014 жылдың желтоқсанында АҚШ кәсіпкерлерімен кездескен Обама Путиннің стратегиялық басқару қабілетін қатты сынады, бірақ «Вашингтон Ресейге Украина шиеленісінде дипломатиялық шешімге келу жолын табуға көмектеседі» деді.

Украинаның шығысындағы Донецк қаласында жүрген ресейшіл сепаратистер. 13 қазан 2015 жыл.

Украинаның шығысындағы Донецк қаласында жүрген ресейшіл сепаратистер. 13 қазан 2015 жыл.

Бір жыл өткен соң Уолландер Азаттыққа «осы жолдың әлі де ашық екенін, Вашингтон Минск бейбіт келісімі (бітім шарты Ресейдің Украинадан әскерін шығаруын және шекараны бақылауды Киевке өткізіп беруін талап етеді) 2016 жылдың басында орындалар деп сенетінін» айтты.

Минск келісімінде бітім шарттары орындалуы тиіс соңғы мерзім желтоқсанның 31-і деп көрсетілген. Обама Ресейге бір жылдан кейін үмітпен қарай бастады ма деген сауалға Селестэ Уолландер «АҚШ басшысы бұрынғы пікірінде қалды, себебі Ресей позициясынан айнымай отыр. Минск бейбіт келісімін толық орындаған кезде ғана Ресей жақсы көрші, жақсы еуропалық серіктес санатына қосылуы мүмкін. Бірақ ондайдың белгілері әзірге байқалмады» деді.

Карл Шректің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG