Accessibility links

Қазандағы көшеге Назарбаевтың есімін беру петицияға ұласты


Қазан қаласындағы Нұрсұлтан Назарбаев көшесі.

Қазан қаласындағы Нұрсұлтан Назарбаев көшесі.

Татарстан астанасы Қазан қаласындағы Эсперанто көшесіне Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді. Аты өзгерген көшедегі үйлердің қабырғасына жаңа атауы жазылған тақтайшалар орнатылып үлгерген. Бұл шара Назарбаевтың 75 жылдық мерейтойынан бір апта қалғанда ұйымдастырылды.

Татарстан астанасы тұрғындары көше атауының өзгеруін әр қилы қабылдады. Азаттықтың Татар-башқұрт қызметі Қазан көшелерінде жүргізген сауалнамасына қатысқан жұрт көшенің бұрынғы атауына үйреніп қалғанын айтады. Тілшінің «Назарбаевтың кім екенін білесіз бе?» деген сұрағына дұрыс жауап бере алмай, қиналғандар болды, бір кісі оны Өзбекстан президенті деп атады. Жұрттың көбі «көшені татар қайраткерлерінің құрметіне атаған жөн еді» деген пікір айтты.

Эсперанто көшесі атауын өзгертумен келіспейтін кейбір ересек адамдар ертеректе бұл көше Сталин дәуірінің партия және мемлекеттік қайраткері Андрей Ждановтың есімімен аталғанын еске алды. 1988 жылы қайта құру кезеңінде көшеге Эсперанто атауы қайтарылған. 1920 жылдары СССР-де, оның ішінде Қазанда эсперанто қозғалысы кең тараған. Соның ықпалымен 1930 жылдары Қазан ауыл шаруашылығы техникумының эсперанто клубы орналасқан көше Эсперанто деген атау алған.

ВИДЕО: "Назарбаев көшесі керек пе?" деген сауалға Қазан тұрғындарының жауабы

Көше атауы өзгерерден бұрынырақ қаланың кейбір белсенді тұрғындары интернетте Татарстан президенті Рустам Минниханов, Қазан мэрі Ильсур Метшин мен «Татарстан Республикасы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясы» қоғамының жетекшісі Сағит Жақсыбаевқа жолдайтын петицияға қол жинай бастаған. Үндеу авторлары «Қазан қаласы картасында болуы құқығына лайықты» Эсперанто атауын Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен бәсекелестіріп қоюмен келіспейтінін жазған. Петицияға қол қойғандар Назарбаевтың есімін Татарстанда жаңадан салынып жатқан қала көшелеріне беруді ұсынған.

«Татарстан Республикасы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясы» қоғамының жетекшісі Сағит Жақсыбаев Азаттыққа берген комментарийінде Қазан қаласындағы көшеге Назарбаевтың есімін беруді Қазақстан президентінің «халықтар арасындағы достық байланыстарды нығайтуға» қосқан еңбегіне деген құрмет деп санайтынын айтады.

Бұл шаруа Татарстан астанасындағы бір көшенің атаумен шектелмейтін сыңайлы. Биліктің хабарлауынша, шілденің 3-і күні Қазан филармониясы жанындағы саябақта Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне ескерткіш белгі қойылады.

​Өткен айда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне Түркияда да көше аталған. Адана қаласы – көшеcіне Назарбаев есімі берілген Түркияның төртінші қаласы.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG