Accessibility links

Ұшақ апаты аймақтағы әуе қауіпсіздігіне назар аудартты


Татарстан төтенше жағдайлар қызметкерлері мен өрт сөндірушілері Boeing 737 ұшағы құлаған жерде жүр. Қазан, 17 қараша 2013 жыл.

Татарстан төтенше жағдайлар қызметкерлері мен өрт сөндірушілері Boeing 737 ұшағы құлаған жерде жүр. Қазан, 17 қараша 2013 жыл.

Ресейлік тергеушілер 50 адамның өмірін қиған Татарстандағы ұшақ апатының себептерін іздеп жатыр.

Татарстан халқы Қазан қаласының (республика астанасы – ред.) әуежайындағы апаттан қаза болған 50 адамды жоқтап, қара жамылды. Бұл оқиғадан соң «Ресейдің аймақтық әуе компанияларындағы қауіпсіздік қаншалықты сақталады?» деген сұрақ туды.

«ҰШҚЫШ ҚАТЕЛІГІ» НЕ «ТЕХНИКАЛЫҚ АҚАУ»

Tatarstan Airlines компаниясының қарамағындағы Boeing 737 («Боинг») ұшағы қарашаның 17-сі күні Қазан әуежайына қона алмай, апатқа ұшырады. Ұшақ ішіндегі адамдардың барлығы қаза тапты.

Қаза тапқан адамдардың тізімін көріп, жылап тұрған әйел. Татарстан, Қазан әуежайы, 17 қараша 2013 жыл.

Қаза тапқан адамдардың тізімін көріп, жылап тұрған әйел. Татарстан, Қазан әуежайы, 17 қараша 2013 жыл.

Тергеушілердің айтуынша, ұшақ бір демнен қона алмай, екінші рет айнала бергенде қанаты жерді жанап кетіп, құлаған. Тергеу мамандары «ұшқыш қателігі», «техникалық ақау» сияқты апат себептерінің бірнеше нұсқасын қарастырып отыр.

Дүйсенбі күні әуежайға келіп, марқұмдардың рухына арнап гүл шоқтарын қойған азаматтардың көбі Tatarstan Airlines компаниясына және Ресейдің азаматтық авиация басшылығына реніштерін білдіріп жатты:

- Бұл - ақылға сыйымсыз, жантүршігерлік жағдай. Біздің бақылаушы органдарға тағы бір мәрте өтініш: ұшуға жарамайтын ұшақтарға сертификат беруді тоқтатыңыздар. Біздің ұлттық авиация қандай халде екенін жұрттың бәрі біледі. Сондықтан, бір жағынан бұған таңғалатын да ештеңе жоқ. Адамдардың мерт болуы өте өкінішті, - дейді Дмитрий есімді жігіт.

ҰШАҚ АПАТТАРЫ ОРТА КӨРСЕТКІШТЕН ҮШ ЕСЕ КӨБЕЙГЕН

Әлем бойынша әуе қауіпсіздігі мәселесі дұрысталып келе жатқанымен, Халықаралық әуе көліктері қауымдастығы (IATA) өткен жылы Ресейде ұшақ апаттарының саны жиілеп кетті деп дабыл қаққан.

IATA мәліметтеріне сенсек, Ресей мен бұрынғы совет республикалары әуе қауіпсіздігі ең нашар елдер тізіміне кіреді. 2011 жылы бұл аймақтағы әуе көліктері апаттарының жиілігі әлемдегі орташа көрсеткіштен үш есе асып кеткен.
Совет Одағы тараған соң Ресейде шағын әуе компаниялары көбейді. Ал елдегі жалпы әуе көліктері индустриясы «Аэрофлот» компаниясының монополиялық бақылауына көшті. Сарапшылар бұл компаниялардың пайданы қауіпсіздіктен жоғары қойып, шығындарды мейлінше азайту саясатына наразы.

YouTube-ке жарияланған, апаттың бақылау камерасы түсірген видеосы:



Ұшқыштардың тиісті дайындықтан өтпеуі мен тозығы жеткен ұшақтар мәселесі – әуе қауіпсіздігіне кері әсер етіп отырған негізгі факторлар ретінде аталады.

«Взлет» авиациялық журналының редакторы Андрей Фоминнің айтуынша, «Ресейдегі авиация басшылары бұл саланы реттеуге бар күшін салып отыр».

- Сенімділік пен қауіпсіздіктің тиісті процедураларын сақтау жөнінен авиация басшылығы байыпты жұмыстар жүргізіп жатыр. Басқа әуе компаниялары сияқты Tatarstan Airlines компаниясын да «Росавиация» мекемесінің федералдық және аймақтық органдары тексеріп келді. Бірақ әрбір ұшқыш пен техникалық қызметкердің әр қадамын бақылап отыру мүмкін емес, - дейді ол.

23 ЖЫЛ БҰРЫН ЖАСАЛҒАН ҰШАҚ

Алайда Tatarstan Airlines әуе компаниясы аса қауіпті, ескі ұшақтарды пайдаланатын, қарызға белшесінен батқан нашар компания ретінде сипатталады.

Татарстанның бұрынғы премьер-министрі Минтемир Шаймиевтің баспасөз хатшысы болған Ирак Муртазин «бұл әуе компаниясының жұмыс істеуіне мүлде рұқсат бермеу керек еді» дейді.

- Соңғы бес жыл ішінде бұл компанияда бес директор ауысты. Компанияның жағдайы - адам шошырлық. Мұндай әуе компаниясы мүлде жұмыс істемеуі керек. Бұл Татарстан басшылығының дербес жобасы еді, - дейді Муртазин.

Құлаған ұшақтың қалдықтары. Қазан әуежайы, 17 қараша 2013 жыл.

Құлаған ұшақтың қалдықтары. Қазан әуежайы, 17 қараша 2013 жыл.

Ескірген Boeing 737 ұшақтарын жаңа Airbus-319 («Эйрбас») ұшақтарымен алмастыра бастаған Tatarstan Airlines компаниясы құлаған Boeing ұшағының «техникалық ахуалы жақсы болған» дейді. Ресей ақпарат құралдары жексенбі күні таңда Қазаннан Мәскеуге сол ұшақпен келген екі жолаушының пікірін берді, олардың сипаттауынша, «қонған кезде ұшақ қатты селкілдеген».

Бұл ұшақ 23 жыл бұрын жасалған, 2008 жылы Tatarstan Airlines компаниясының иелігіне өтерден бұрын Уганда, Румыния, Бразилия елдеріндегі жеті әуе компанияларына қызмет еткен. 2001 жылы Бразилияда қону кезінде аздап бүлінген, бірақ ол жолы ешкім зардап шекпеген.

Жексенбідегі әуе апаты осыдан екі жыл бұрын Еділ өзенінде болған кеме апатын еске түсірді. Сол жолы «Болгария» туристер кемесі суға батып, 122 адам опат болған еді.

– «Болгария» кемесінің апаты тозығы жеткен техникамен ұшуға не жүзуге болмайды деген ескерту болған еді. Өкінішке қарай, ол ескертуге ешкім құлақ аспады, нәтижесі – мынау, - дейді Муртазин.

Марк Крутов пен Клэр Бигтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG