Accessibility links

Ер-азаматынан түгел айрылған қаралы шаңырақ


Күйеуі мен ұлдары қаза тапқан Хадиша Насибова. from Kirovaul village, 02Dec2012
Күйеуі мен ұлдары қаза тапқан Хадиша Насибова. from Kirovaul village, 02Dec2012
Тілшілер бұл елдегі жағдайды «күнделікті атыс-шабыс Дағыстанды күйретіп барады» деп суреттейді. Діни қақтығыс Хадиша Насибованы да жесірлер қатарына қосты. Бұл үйдегі бар азамат қаза тапты.

Азаттық радиосының Кавказдағы тілшілері Рамазан Раджабов пен Ума Исакова дағыстандық отбасының басына түскен қасіретті жазып шықты.

Олардың айтуынша, «күнделікті атыс-шабыс Дағыстан республикасын күйретіп барады».

Хадиша Насибова – діни қақтығыстың қасіретін ең көп шеккен адамдардың бірі.

«ЕКІ ЖЫЛДА АЛТЫ АҒАЙЫНДЫ ОПАТ БОЛДЫ»

Тамыз айының соңында 54 жастағы Насибованың өзі, күйеуі, сіңлі және қызы - төртеуі баласы қаза тапқан туысының үйіне барып көңіл айту үшін көлікпен Махачкалаға шыққан.

Олар ауыл сыртына шыға бергенде, беттеріне маска киген бір топ адам тоқтатып, Насибованың күйеуі Саидахметті көліктен түсіріп, сол жерде атып тастаған.

- Денесін қан жауып кетті. Мен оның қасына барғанда, еріндері қимылдап, сөйлей алмай жатты. Маскадағы адам күйеуімді екі рет атып құлатқан соң, оғы таусылғанша оның денесін атқылай берді. Мен оның басын сүйеп, кәлима айтқыза бастадым. Маскадағы адам қасымда қарап тұрды, - деп еске алады ол.

Жендеттер үндемеген күйі көліктеріне отырып кетіп қалған. Бұл өлім - Хадиша Насибованың отбасына келген қайғының біреуі ғана. Екі-ақ жылдың ішінде оның жақын туыстарынан алты еркек қаза тапты.

2010 жылы белгісіз біреулер Хадишаның 21 жастағы баласы мен немере інісін атып кетті. Күйеуі қайтыс болған соң, бір айдың ішінде тағы да екі інісі мен бір немере інісінен айырылды. Оларды да атып кеткен.


«СОҒЫСҚАН ЕКІ ТАРАП»

Жергілікті тарихшы Магомед Нугаевтің пікірінше, «бұл соңы жоқ соғыс Дағыстандағы дәстүрлі сопылық ислам мен шариғатқа негізделген мемлекет құрғысы келетін, Совет үкіметі құлаған соң араб әлемінен келген салафилік исламның қақтығысынан шыққан. Ресей үкіметі салафизмді экстремистік дін деп жариялап, оның мүшелерін қатаң түрде жазалап жатыр».
Кавказ картасы. (Көрнекі сурет)
Кавказ картасы. (Көрнекі сурет)

Нугаев «үкіметтің салафизмге қарсы «тым қатігез» шаралары халықтың экстремистер мен қарулы топтың мүшелеріне деген жанашырлығын күшейте береді» дейді.

Насибовтар отбасы да салафизмді ұстанады. Насибованың күйеубаласы Абдулазим «Билік органдарының әрекеті - Дағыстанды құрдымға сүйреп бара жатқан қақтығыстардың негізгі себебі» деген пікір айтады.

- Біздің ауылда дінге байланысты алауыздық жоқ. Сопылар - өзінің, біз өзіміздің мешітімізге барамыз. Менің ағам мен жиендерім басқа мешітке барады. Егер бізде алауыздық болса, мұнда соғыс басталып, орыстардың осында әскер кіргізуіне сылтау табылар еді. Бірақ біз бір-бірімізді өлтіріп жатқан жоқпыз ғой, - дейді Абдулазим.

«ӘСКЕРИ КӨЛІКПЕН КЕЛГЕНДЕР»

Хадиша Насибованың айтуынша, күйеуі Саидахметтің ешқандай да саяси, дінаралық жанжалдарға қатысы болмаған. Ол рак ауруына шалдығып, жұмыстан босағанша, фермада жүргізуші болып істеген.

Саидахмет 2010 жылдың шілдесінде қаза тапқан 21 жастағы ұлы Магомедтің өлімін «тексеріңдер» деп полицияға арыз бергеннен бастап, биліктің қырына іліккен.

Оның ұлы Магомед болашағынан үміт күттірген мықты спортшы болған. Ол самбодан Ресей чемпионы атанған. Анасы Хадиша оның қаза тапқан сәтін еске алып:

- Мен үйде Махачкалаға кеткен ұлымды күтіп отырдым. Ол ертеңінде самбодан жарысқа кетуі керек еді. Махачкалада оқып жүргенде Мәскеуде, Киевте, тағы басқа қалаларда өткен жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанып жүрген. Оның спорттағы болашағы зор болатын. Дәл сол түні менің үй артынан автомат дауыстары естілді. Жүгіріп шыққанымша атыс басылып қалды. Мен баламның көлігіне тақап барғанда, жиенім мен ұлымның бастары салбырап отыр екен, - деді.

Куәгерлер «әскери көліктегі маска киген адамдар Магомедтің көлігінің жанына тақап келіп, автоматтан оқ жаудырды» дейді. Магомед 153 жерінен жарақат алған. Насибованың жиеніне 76 жерден оқ тиген. Жергілікті БАҚ «оларды қылмыкерлер қателесіп өлтірген» деген ресми органдардың сөзіне сілтеме жасады. Бұл іс бойынша ешкім қамалып, тергелген жоқ.

«КЕК АЛМАСЫН ДЕП ӨЛТІРДІ»

- Саидахмет «тергеу амалдарын жүргізіңдер» деп арыз жазып, билік органдарының мазасын алған соң, оны полиция қайта-қайта шақыра бастады, - дейді жесір әйел.

Хадишаның айтуынша, полиция оған «арызыңды қайтып ал» деп бұйырған. Олар қоқан-лоқы көрсетіп, үйлеріне жиі-жиі тінту жасап, мазаларын алған. Туыстары «Саидахметтің өлімі осы оқиғамен байланысты» дейді.

Киров ауылындағы зиратта үстіне әлі шөп шығып үлгермеген жаңа қабірлердің өзі бір қатар болды. Насибованың күйеубаласы Абдулазим Азаттық тілшілеріне Саидахметтің қабірін көрсетті.

Оның зиратының жанында Магомед пен Абдулазимнің үш ұлының қабірі жатыр. Абдулазимнің екі баласын қайын атасы Саидахмет қаза тапқан соң, бір ай өтпей, тойға бара жатқан кездерінде, басқа туыстарымен бірге атып тастаған.

Олардың өртенген көліктері мен мәйіттері биік жолдың жағасында жатты. Абдулазиз «менің ұлдарымды қауіпсіздік қызметкерлері қаза тапқан басқа туыстарымыз үшін кек алмасын деп өлтірді» деп санайды.

Хадиша Насибованың туыстарының бейіті. Дағыстан, Киров ауылы, 2 желтоқсан 2012 жыл.
Хадиша Насибованың туыстарының бейіті. Дағыстан, Киров ауылы, 2 желтоқсан 2012 жыл.


«БӘРІ БІР АЛЛАНЫҢ ҚОЛЫНДА»

Насибовтар отбасының қасіреті мұнымен бітпейді. Арада көп уақыт өтпей белгісіз қарулы адам Насибованың жиені, 30 жастағы Магомед Хайдаровты әкесінің үйінде, бала-шағасымен отырған жерінен терезеден атып кеткен.

Билік органдары бұл қылмысты ашуға әрекет жасамаған. Осы оқиғадан екі апта бұрын он шақты полиция көлігі Хадиша Насибованың үйін қоршап алып, тағы да тінту жүргізген екен.

- Олар үйдің ішін түгел ақтарып, ештеме таба алмады. Оларға не керек? Қорғансыз әйел не істей алады?, - дейді Абдулазим. Ол осы оқиғаға орай қамалып, тергеліп шыққанын да айтып:

- Полицейлер Хадишаның үйін қоршап алғанда мені де полиция бекетіне алып кетті. Олар маған «біз сенің қарулы кісілерді көлігіңе отырғызып, сол үйге алып барғаныңды көрдік» деді. Сосын олар мені қорқыту үшін бірнеше темір, сым, шөлмек сияқты заттар әкеліп, үстелдің үстіне қойды. Мен оларға «Мен қарт адаммын, азаптаудан қорықпаймын. Қолымдағы кісенді шешіңдер, қорықпайтынымды көрсетемін дедім, - деді.

Насибова қазір қайғы мен қасіреттен шөгіп кеткен. Бес қызымен жесір қалды. Бұл шаңырақта әділдік іздеп, тергеу амалдарын талап ететін бірде-бір азамат қалмады.

Хадиша Насибова адамдарға «Менің мазамды алмаңдаршы» деп жалынады. Ол тіпті құқық қорғаушы белсенділермен де тілдескісі келмейді. «Бәрі де бір Алланың қолында» дейді.

2012 ЖЫЛ - 800 ҚАЗА

Дағыстан – Ресей Федерациясының құрамындағы республика. Халқының саны 2 миллион 700 мың адамнан асады. Мұнда 20-дан аса этнос өкілдері тұрады. Негізгі этникалық топтар – аварлар, даргиндер, құмықтар мен лезгиндер. Тұрғындардың негізгі діні – ислам (сунниттік және шиғалық бағыт). 1990 жылдардың ортасынан бастап Дағыстанда исламның салафиттік бағыты пайда болып, бүгінгі күні кең тарай бастаған.

Кавказдың ақпараттық порталының (kavkazweb.net – ред.) мәліметтері бойынша, 2012 жылы қыркүйек айында республикадағы дінаралық қақтығыстың ушығып кетуіне байланысты көршілес Шешенстаннан құқық қорғау органдарының 800 қызметкері Дағыстанға ауыстырылған. Кейінгі үш жылда Дағыстанның қарулы қақтығыс шиеленісіп тұрған аудандарына 1771 полицей арнайы жолдамамен тұрақты жұмысқа жіберілген.

Kavkazweb.net ақпараттық порталы «Дағыстанда 2012 жылы террористік қылмыстар 2011 жылға қарағанда күрт өсті» деп хабарлайды.

Сайт мәліметтеріне қарағанда, «2012 жылдың алғашқы жартысында Дағыстанда 116 террористік қылмыс жасалып, одан 67 адам қаза (көбі полиция қызметкерлері – ред.) тапқан. 212 адам (137-і полиция қызметкері) жарақат алған».

Ал адам құқығын қорғайтын тәуелсіз ұйымдардың есебінше, 2012 жылы үкіметтің репрессиясы мен дінаралық, тағы басқа қарулы қақтығыстардың кесірінен 18 бен 40 жас арасындағы 800 ер-азамат опат болған.

Мақаланы ағылшын тілінен аударған Сағынай Кәрім.
XS
SM
MD
LG