Accessibility links

Pussy Riot туралы опера жүлде алды


Pussy Riot панк-тобының мүшесі Мария Алехина сотта тұр. Ресей, 16 қаңтар 2013 жыл.

Pussy Riot панк-тобының мүшесі Мария Алехина сотта тұр. Ресей, 16 қаңтар 2013 жыл.

Ресейлік композитор Илья Демуцкий Pussy Riot панк-тобының мүшесі Мария Алехинаның сотта айтқан соңғы сөзіне арнап моно-опера жазды. Оның шығармасы Италияда өткен халықаралық байқауда жүлде алды.

2012 жылы тамыз айында Ресей соты Pussy Riot тобының ғибадатханада Кремль саясатына қарсы ән айтқан мүшелері - Надежда Толоконникова, Мария Алехина, Екатерина Самуцевичтің әрқайсысын 2 жылға соттап, жазаларын жалпы режимдегі колонияда өтеуге үкім шығарды. Сол күні сотта соңғы сөзін айтқан Мария Алехина Ресей сотын «әділеттің карикатурасы» деп мәлімдеді.

Жас композитор Илья Демуцкий Мария Алехинаның осы мәлімдемесіне арнап бір актілі шығарма – моно-опера шығарды. Оның бұл туындысы Италияда өткен «2 Agosto» халықаралық музыка байқауының бірінші жүлдесін алды.

«ҚАРСЫЛЫҚТЫ МУЗЫКАМЕН БІЛДІРУ»

Ресей соты Pussy Riot мүшелеріне үкім шығарған кезде әлемнің түкпір-түкпірінен құқық қорғаушы ұйымдар, танымал музыканттар наразылық білдірген еді. Сол толқынға ресейлік композитор Илья Демуцкий де қосылған.

Бірақ көшедегі шеруге қосылып, арыздарға қол қоюдың орнына 30 жастағы Демуцкий қарсылығын басқаша білдірді.

Ресейлік композитор Илья Демуцкий (сол жақта) «2 Agosto» халықаралық музыка байқауында жүр. Италия, Болонья, 2013 жылдың тамызы.

Ресейлік композитор Илья Демуцкий (сол жақта) «2 Agosto» халықаралық музыка байқауында жүр. Италия, Болонья, 2013 жылдың тамызы.

Сот үкімі шыққан апта ол жалғыз адам орындайтын бір актілі моно-опера жазып шыққан. Туынды Pussy Riot тобының мүшесі Мария Алехинаның сот соңында жасаған мәлімдемесіне арналған.

- 21 ғасырда осындай оқиға болды дегенге сенгім келмейді. Бұл мені қатты шошындырды. Мұны бүкіл әлем көрді. Алехинаның мәлімдемесін естіген соң бір әрекет жасау қажет екенін түсіндім, - дейді Демуцкий.

Сан-Франциско және Санкт-Петербург қалаларында оқыған, бұрындары да көптеген жүлделер алып жүрген композитор Италиядағы байқауда осы шығармасы озып шығады деп ойламаған.

Шілде айында Италияның Болонья қаласында өткен «2 Agosto» композиторлар байқауында оның «Сотталушының соңғы сөзі» атты шығармасы бірінші орын алды. Бұл шығарма тамыз айының басында қаланың бас алаңдарының бірінде орындалды.

Тамыздың 13-і күні Демуцкийге Италия Республикасы президентінің медалі тапсырылды.

«ҮКІМЕТТІҢ ХАЛЫҚПЕН ДИАЛОГЫНЫҢ ТҮРІ»

Ал Ресейде оның шығармасына назар аударған адам жоқтың қасы. Демуцкий «Сотталушының соңғы сөзі» музыкалық ерекшелігі үшін жүлде алды, ал ресейліктер оның музыкасына емес, сөзіне шүйлігіп отыр» деп ренжиді.

- Бұл – өте нәзік тақырып, мәтінде әлдекімдердің шамына тиетін сөздер бар. Жұрттың көбі сол сөздерге мән береді. Бір жағынан мәтіні бұдан басқа болса, шығармаға ешкім мән бермес те еді, - дейді композитор.

Илья Демуцкийдің «Сотталушының соңғы сөзі» шығармасын YouTube желісіне жарияланған мына видеодан көре аласыз:



Соттағы соңғы сөзінде Алехина өзінің сөз бостандығына деген құқығын жариялап, сотты «әділеттің карикатурасы» деп атады. Ол «Бұл сот қатыгез, әрі қисынсыз бетперде ғана емес, үкіметтің өз халқымен жүргізген диалогының түрі. Үкімет бұл үшін әлі ұзақ жылдар ұялып, қысылатын болады» деген еді. Шығармада бұл сөздер ағылшын тілінде айтылады.

Демуцкий бұл шығармасын Надежда Толоконникова, Мария Алехина, Екатерина Самуцевичке кесілген қатаң жазаға қарсы жарияланған музыкалық манифест деп санайды.

2012 жылы қазан айында сотталған үш қыздың бірі Екатерина Самуцевичтің жазасы шартты мерзімге ауыстырылып, ол түрмеден босап шықты. Ал жас балалары бар Алехина мен Толоконникова әлі қамауда отыр.

Pussy Riot тобының мүшелері сотта отыр. Мәскеу, 10 қазан 2012 жыл.

Pussy Riot тобының мүшелері сотта отыр. Мәскеу, 10 қазан 2012 жыл.

Демуцкийді кейбір адамдар «атағы жер жарған Pussy Riot-тың атын пайдаланып, табыс тапқысы келеді» деп айыптайды. Композитор бұл айыптарды жоққа шығарады. Ол «музыка саясаттан бөлек болуы керек» деген пікірімен де келіспейді. Демуцкий әділетсіздікке өнердің көмегімен де қарсы шығуға болатынын айтады. Оның пікірінше, «Алехинаның соттағы мәлімдемесі Ресейдегі қазіргі саяси ахуалды айна-қатесіз бейнелейді».

- Бұл мәтін қазіргі заманның жайын дәл сипаттайды. Өткен жылғы сот процестерін сараптап көріңіздер, - дейді жас композитор.

Клэр Бигг пен Татьяна Вольтскаяның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG